АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 20.10.2017


Қамқорлық үйіне 25 жыл

Күні: , 886 рет оқылды

Құрылғанына ширек ғасыр болған Тасқала аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өз мерейтойын атап өтті. Аталмыш мекеме қызметкерлері мен тәрбиеленушілерін құттықтап келген әріптестері атамекенімізге ат басын тіреп, тілектерін жеткізді.
Айтулы күні ат терлетіп келген қонақтар алдымен мекеме ішін аралап, жұмыс барысымен танысып шықты. Қызмет алушылардың хал-жағдайын сұрап, ақсақалдар мен кейуаналарымызға денсаулық тіледі. Облыстық қарттар үйі басшысы А.Баяновтың айтуынша мемлекеттің қамқорлығына бөленген қариялардың жүректеріне жылулық жетіспейді. – Түрлі тағдырдың сынағына ұшырап жанұясынан қол үзіп қалып жатқан қарттарымыз үшін осындай мекеменің болуы көңілге тыныштық сыйлайды. Себебі панасыз қалған үлкендердің жалғыздықта өмір сүруі мүмкін емес. Оларға жайлы төсек-орын мен жылы тамақтан бөлек, мейірім мен үлкен шыдам керек, — деді өз сөзінде Амангелді Ғазизұлы. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Баяндықов еленбей жүрген еңбектің қыр-сырына тоқталып, тәрбиеленушілерге көрсетіліп отырған қызметтің сапасын тілге тиек етті. Мұнан соң аудан басшысы атынан мекеме директоры Ганмирлан Ғұсманұлына алғыс білдіріп, естелік сыйлығын табыстады. Көпшілік алдында сөз алған аталмыш мекеме басшысы Г.Тұрғаналиев баяндама оқып, атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. -25 жылдық тарихы бар мекемеде осы уақыт аралығында барлығы 183 адам қызмет алған. Соның ішінде 35 жан өз еркімен шығып кетсе, 119-ы мәңгілік сапарға аттанған. Қазіргі таңда 30 кісіге арналған мекемеде 29 қария тәрбиеленуде. Оларға мемлекеттік лицензияға сәйкес бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеледі, — деді. Сондай-ақ БҚО жұмыспен қамтуды үйестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Е.Доспаев, облыстық ТДК-42 телеарнасының директоры Т.Сапаров, аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов мекеме қызметкерлеріне алғыс білдіріп, атқарып отырған еңбектеріне толағай табыстар тіледі. Әрі қарай мерекелік жиын аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары концертіне ұласты.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы


«Ауылдың алты ауызы»

Күні: , 712 рет оқылды

Дәл осындай атаумен аудандық мәдени демалыс орталығы мен «Намыс» ЖҚБ ұйымдастыруымен дәстүрлі әндер байқауы өтті. Оған қатысқан үміткерлер қазақ әндері мен шетел әндерін нақышқа келтіре орындап, тыңдаушылар қошеметіне бөленді.
Алдымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен оздырылған «Тіл жанашыры – 2017» шара нәтижесі бойынша үздіктер марапатталды. Бұл ретте сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры А.Нұрмақов жеңімпаздарды құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Аталмыш байқау бойынша қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Е.Базаров, А.Макарова, А.Шәкірова, С.Мергенова мен Қ.Бақтыгереева, кітапханашы Г.Таубаева, музыка сүйемелдеушісі Н.Беркімбаев, «Қазпочта» қызметкері С.Мұхсимова мен жастармен жұмыс жөніндегі маман Н.Назарова марапатталды. Ал дәстүрлі әндер байқауына қатысқан үміткерлердің өнеріне баға берген әділ-қазы алқасының шешімі бойынша 3 орынға Б.Хасимова, 2 орынға А.Қажғалиева лайық деп танылса, 1 орынды А.Тоқсанова иеленді. Ал Е.Хасанғалиевтің «Алтын құм» әні мен «Титаник» кинофилімінің саундтрегін нақышқа келтіре орындаған Ү.Үмбеталиева бас жүлдені ұтып алды. Қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА


БҚО, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Жақсығұлов көшесі, 5
zhaik_presscenter@mail.ru
ekpin_1936@mail.ru

"Екпін" газетінің бас редакторы: 8 (71139) 21-1-32
.