АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.11.2017


Жанармай бекеті ашылды

Күні: , 815 рет оқылды


Тасқала ауданының орталығында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Нефтэк» жанармай құю бекетінің ашылу рәсімі өтті.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасарлары А.Баяндықов пен Л.Жұбанышқалиева, аудан ақсақалдары мен мекеме ұжым басшылары қатысты. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Арсен Толқынұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абылғалиұлы, сондай-ақ «Нефтэк» ЖШС қауіпсіздік қызметінің бастығы Д.Құлжанов сөз сөйлеп, жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Содан соң лента қиылып, тұрғындар ғимарат ішін аралап көрді. Мұнда орналасқан шағын маркеттен жолға қажетті нәрселерді оңай табуға болады. Орал-Саратов тас жолының бойында заман талабына сай  бой көтерген жаңа жанармай  бекетінде ауданымыздың 11 азаматы жұмыс істейді. Мұнда  «АИ 92» маркалы жанармайымен қатар «Дизель» отыны, сондай-ақ газ да сатылады. Бұл ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының жақсаруына өз септігін тигізетін болады. Сонымен қатар шара барысында мерекеге орай аз қамтылған он отбасыға «Нефтэк» ЖШС атынан азық-түлік берілді.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ


Ит төресі – тазы

Күні: , 540 рет оқылды


Қазақ халқы ертеден ат шаптырып, тазы ұстап, қыран баптап  өркениет пен мәдениеттің ең озық түрлерін бастан өткерген.  Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болып, жан басын аман сақтайтын жолды табудың өзі қиынға айналған шақта тізбектеп айтар ұлттық құндылықтарымыздан айырылғанымыз белгілі. Соның бірі һәм бірегейі – тазы ұстау, саят құру.
       Осындай өшкелі тұрған өркениетімізбен қайта табысу, ұлттық құндылығымызды ұлықтау мақсатында Тасқала ауданында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ит төресі – тазы» атты қазақы тазылардың далалық сынағы өтті. Аталмыш шара  Тасқала ауданы әкімінің тікелей қолдауымен, «Тасқала ауданы аңшылар және балықшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің рұқсатымен, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өтті. Аудан әкімдігі ғимаратының алдынан бастауы алған игілікті іс, ауданның оңтүстік шығысындағы далалық жерде жалғасын тапты. Шараға Ақтөбе қаласынан Ғабит Серікұлы («Қыран» тазы) мен  Аслан Жамбылұлы («Бейім» тазы), Орал қаласынан Қобыланды Айтқұлұлы («Жебе» тазы) мен Талғат Файзоллаұлы («Бүркіт» тазы) және Арсен Еркінұлы («Қыран» тазы), сондай-ақ көршілес Зеленов ауданынан Асxат Хабиболлаұлы («Қаракөз» тазы), Казталов ауданынан Нұрбек Тұрарбекұлы («Найза» тазы), тасқалалық Абзал Асқарұлы («Бугатти» тазы),  Әміржан Серікұлы («Верный» тазы), Ринат Фаритұлы («Таймас» тазы), Рауан Таңатжанұлы («Құндыз» тазы) сынды итбегілер қатысты. Шарада аудан әкімі С.Әлиев сөз сөйлеп қатысушыларға сәттілік тілесе,  «Тасқала ауданы аңшылар және балықшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Степанов итбегілерге далалық сынақтың ережесін түсіндірді. Темір тұлпардың «тұзағынан» босаған тазылар әп-сәтте ен даланы иемденіп, төңіректі шарлап кетті.  Күннің тұманданып, қолайсыздық тудырғанына қарамастан олар қияға қарай қашқан қояндарды қағып алып жатты. Әсіресе Ақтөбе қаласынан келген «Бейім» атты тазы талайды таңдай қақтырды. Көз алдына көрінген қоянды екі жүз метрден әрі асырмай, шалып, қоян қуып кетіп түлкі ұстап әкелген «өнеріне» итбегілер қайран қалды. Қалған тазыларда қалыс қалмай, қашқан қоянды қақпалап, қайырып, жүйріктігін, алғырлығын көрсетті. Үш сағатқа созылған  далалық сынақтың басты мақсаты, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылығымызды қайта ояту, алыста жүріп бір-біріне аға-бауыр болып, тазыларын сынатып, күшік алмасып жүрген итбегілердің басын бір жерге қосу, «иттің бәрі – тазы емес» қағидасын берік ұстану, қарумен емес тазының ептілігіменен аң аулауды халыққа насихаттау. Айтулы шараға аудан кәсіпкерлері демеушілік көрсетіп,  ата кәсібімізге қамқорлық танытты. Ақтөбе қаласынан келген қонақтарға аудан атынан қазақы тазының бір айлық күшігі арнайы сыйға тартылып, барлық қатысушылар алғысxат пен  марапатталды. Ақтөбелік итбегі Ғабит Серікұлы да оралдық Талғат Файзоллаұлына «Қыран» атты тазысын сыйға тартты. Алыстан ат басын арнайы бұрған азаматтарға ас беріліп, күй тартылып, терме айтылып, жыр оқылды.  

Меңдібек НҰРБОЛАТҰЛЫ (Суретті  түсірген автор)

  Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ: итбегі, шараны ұйымдастырушы -Батыс өңірінде мұндай шара бірінші өтіп жатыр десек артық айтқандық болмас. Келіп қатынасқан барлық итбегілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әр өңірде, ауылдарда осындай бір-бір азамат жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Шараға демеушілік білдірген Бауыржан Кимұлы, Әлібек Нәубетұлы, Ерлан Хамитұлы, Нұрбек Асылбекұлы сынды азаматтарға алғысым шексіз. Келер жылы аудан әкімінің тікелей қолдауымен тазылардың аймақтық далалық сынағын өткізу жоспарда бар. Ұлттық брендімізді дәріптейтін тағлымы, тәрбиесі мол шараға аудан тұрғындары белсене қатысып, өшкелі тұрған ұлттық дәстүрімізді насихаттауға ат салысса нұр үстіне нұр болар еді.

БҚО, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Жақсығұлов көшесі, 5
zhaik_presscenter@mail.ru
ekpin_1936@mail.ru

"Екпін" газетінің бас редакторы: 8 (71139) 21-1-32
.