АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 20.03.2018


Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық

Күні: , 187 рет оқылды


Жеті атаны білу – ұлыстың ғұмырнамасы, қазақы салт пен сананың сары сандығы, жөн-жоралғының бұлжымас ережесі, қан мен тек тазалығының кепілі. Бұл — халық дәстүріндегі ата тек таралуының нақты жүйесі. Ал жаһандану заманындағы бүгінгі ұрпақ аталмыш ұғым туралы не біледі? Руға бөлінудің астарында айтарлықтай мәселе бар ма, өзі?


Жоғарыда қойылған сауалға жауап берудің маңызы қандай дегенге өзіңіз де бір ойланып көрерсіз. Себебі әр қазақ шаңырағында өскен бала кішкентайынан-ақ өзінен бастап тура жеті атасының нақты есімдерін жаттайды. Бұрынғылардың жөн сұрасқанда «Ата-тегің кім?» деуі де осыдан шыққан болса керек.

Ен даланы еркін мекендеген ата-бабамыздың осы тақырыпқа келгенде ерекше талап пен қаталдық танытуының сыры неде?Сөзімізге мысал ретінде, ХҮІІІ ғасырдағы оқиғаны қағазға түсірген Шәкәрім ақынның «Қалқаман-Мамыр» дастанын алсақ. Екі жастың көңіл жарастырып, сөз байласса да жетінші атадан туыс болып келетіні бар жағдайды өзгертпейді ме? Сезіміне тоқтау сала алмаған Мамыр қыз атаулыға кір келтірді деп танылып оққа ұшса, Қалқаман елінен безіп нағашы жұртын пана тұтқан. Ал 1926 жылы сахналанған М.Әуезовтің «Қаракөз» драмасы да осы тақырыптың қазақ үшін қаншалықты қымбат екенін дәлелдейді. Онда немере ағасы Сырымға ғашық болған бойжеткен махаббат дертіне құса боп есінен адасса, сүйгенінен тірілей айырылған сері жігіт сергелдең өмірге түседі. Ал кейбір тарихшылардың пікіріне мән берсек: жеті атаға жетпей қосылған ғашықтарға Тәуке ханның «Жеті жарғысында» өлім жазасы кесілген.Ұрпағын осындай қиянатқа ұшыратып жүрегін қан жылатса да, ру дәстүрін сақтаған халықтың ойлағаны не?

«Бала. Әке. Ата. Арғы ата. Баба. Түп ата. Тек ата». Өзімізге дейінгі ата-бабадан бастап таратылатын шежіре осылайша жіктеледі екен. Бұл атаулардың басқаша айтылуы да мүмкін. Дегенмен, жеті ата жолының жоғарыдағыдай таратылатынын шежіре кітаптардан анық көруге болады. Бұл жөнінде аудандық «Ақ тілеу» әжелер ансамбілінің мүшесі Роза Бейісқанова кеңінен әңгімелеп берді.

-Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да үлкен даналық пен тұнық тәрбиеден тұрады. Әсіресе халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне аса мән бергенін, жас буынды өсіруде ерекше талап көрсеткенін байқаймыз. Неге? Себебі қазақ ұғымында «шаңырақтың киесі» деген бар. Бұл — отбасының берекелі, ынтымақты болуын қадағалағаннан туған дүние. Сол отбасының бар ырысы сәбиде деп түсінген. Өмірге жаңадан келген баланы періштеге балап, есейгенде парасатты жан болуын қалаған. Осы орайда баланың тілі шығып, ес біліп қалған шағында оған жеті атасын жаттатқан. Бұл баланың өзінен бастап әкесіне, одан  атасына қарай көшіп отырған. Осылайша жеті атасының есімін жаттаған бала шыққан тегін, руын білетін болған,- дейді апамыз.

«Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығы бар. Рулық жағынан келетін болсақ жақындық жеті атамен шектеліп қалмайды, әрине. Негізгі шежіре Адам-Атадан бастап тарқатыла береді. Бірақ бұл жерде жеті атаңды жете білсең адаспайсың деген тағылым бар, байқаған жанға. Ал «неге жетеу?» деген сұраққа Роза Жолдыбекқызы «қан тазалығы» деп жауап берді.

-Адамның жеті атасымен бірге олардың туыстық жағы жалғасады. «Тек атадан» асқан адамдарға қыз алысып, құдалық қатынасқа көшуге жол ашылады. Сегізінші атаға келгенде бұрынғының ақсақалдары айналадағы ел-жұртқа хабар беріп, жастарды қосатын болған. Осылайша тек бір әулеттің емес, жаңа рудың өмірге келуіне мүмкіндік берген,- дейді.

Бұрынғының ақсақалдары мүмкіндік жасады. Қазіргінің қариялары әңгімелеп айтып берді. Ал келешек буын бұны қалай білмек? Бұлай дейтін себебіміз бүгінде тек ата түгілі, арғы атасы мен бабасы туысқан болса да жастардың сезіміне шектеу жоқ. Бір рудан шыққанын біліп отырып некесін қиғандарға ақсақалдар да батасын беруде. Алайда бұның соңы неге алып барады?

Тұрмыс құрғанына үш жылдай уақыт болған аудан тұрғыны Бақыттыгүл Айдынғалидың жолдасы екеуінің руы бір. Кердері Құлтай. Олар білмеді деймісіз? Жоқ, білген, тіпті некелеріне қарсылық білдірген ағайындары да болған.

-Біздің шаңырақ көтеруімізге кейбір туыстарымыз қарсы болды. Дегенмен айтқанымыздан қайтпадық. Себебі руымыз бір болғанмен, жеті атамыз бөлек еді. Тіпті руымыз Кердері Құлтай болса да, ішкі тармағы бөлек жіктеледі. Жолдасым екеуміз ата жақтан мүлде туыс болып келмейміз. Біз соны білдік. Бүгінде бір ұл мен бір қыздың ата-анасы атандық. Аллаға шүкір, денсаулықтары жақсы,- деді Бақыттыгүл. Өз өмірін мысалға келтіре отырып, жеті ата мәселесіне немқұрайлы қарамайтынын да кейіпкеріміз айтып өтті.

-Туыс болып келетін жандардың некесі жақсылықпен аяқталмайды дейді. Олардан тараған ұрпақ ауру болып дүниеге келеді деп естігем. Қазір аурудың сан түрі кездеседі ғой. Бәлкім оның бәрін адамдар, өздеріміз, қолдан жасап алып жүрген болармыз. Ескі дәстүрді ұстанып, бабалар өсиетіне құлақ түргеннің зияны жоқ деп ойлаймын,- дейді.

Иә, халқымыз ру дәстүрін ұстанған отбасылардан саналы ұрпақ тарайды деп болжаған. Себебі қан тазалығы сақталған жерде адамның денсаулығы да жақсарады екен. Ғалымдардың айтуынша өзге ұлт өкілінің жігіті мен бойжеткені шаңырақ көтерсе олардан туған бала әдемі болатын көрінеді. Өйткені ешқандай туыстық қатынас бұл жерде жоқ. Сол секілді жеті атадан асқан қазақ азаматы мен сұлуы неке қидырса олардың ұрпағы сымбатты ғана емес, саналы, ойлау қабілеті жоғары болмақ. Бір қызығы, бұл айтылғандар қазіргі медицина тұрғысынан дәлелденген.

Жеті ата мәселесін бір мақаламен айтып шығу мүмкін емес. Себебі қазақ елімен бірге пайда болған ұғымның біз білмейтін қыры әлі көп. Алайда бір түйгенім, алыстан қыз алысып құда болу ел өрісін кеңейткенмен тең. Ойланып көрейікші, Мамыр өлгенде Қалқаман қайда барар еді, нағашы жұрты болмаса? Өріс дегеннің өзі осы емес пе?

«Өзіңді танығың келсе, тегіңді біл» деген дана халық ұрпағы заманға қарай әлі талай жаңғырармыз. Тек ұлттық кодты сақтай білу — ел қазынасын сақтау екенін естен шығарып алмасақ болғаны.

-Қазақ отбасында баланы өмірге дайындау дәстүрінің бірі – шежіре үйрету. Оның негізгі мақсаты – ата-текті білу, ұрпақ тазалығын сақтау. Шежіре ақыл-ойға қозғау салып адамды тануға итермелейді. Бұл орайда балабақшамызда түрлі шаралар өтіп тұрады. Көпшілігін ата-аналармен бірлесе отырып өткізуге тырысамыз. Соның бірі – жеті атасын жаттау. Бұл жерде бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, елі үшін еткен ерлігі, өнегелі істері жайлы әңгімелейміз. Осылайша балаға ата дәстүрін үйретіп, ұлттық құндылықтарды түсіндіреміз. Өйткені, ру мен шежіре ұлтымыздың бір артықшылығы екенін бала білуге тиіс.

С.ЖАНЖІГІТОВА,

«Бөбек» балабақшасының меңгерушісі

“Аманат” салт-дәстүр айдарын жүргізетін Әсемгүл БЕКЕШЕВА

 

         

Әсемгүл Бекешева


БҚО, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Жақсығұлов көшесі, 5
zhaik_presscenter@mail.ru
ekpin_1936@mail.ru

"Екпін" газетінің бас редакторы: 8 (71139) 21-1-32
.