АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.05.2018


Рамазан — жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы

Күні: , 329 рет оқылды

Аса мейірімді, Мейірбан Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын! Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі – үлкен нығмет. Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені, бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.
Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ережеп айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ережеп пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен. Оразаның парыз болынған мерзімі – санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да – Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау – кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндердің есебінен сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған. Ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс. Әр жылы келетін Рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, шілденің тоғызына келген Рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Сондай-ақ, отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс.  Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет. Шағбан айыныңсоңғы күні Алланың Елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге мынадай уағыз айтты: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал, осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал, сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді». Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді. Кітаптардың кітабы Құран Кәрім Пайғамбарға  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сол түннен бастап жиырма үш жыл бойы түсірілді. Алланың Елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге Құран Кәрімді ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, ондағы ұлағатқа амал етуді бұйырды. Қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады. Имам Ахмад риуаят еткен хадисте Пайғамбар  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:  «Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім, сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі». Рамазан айы – жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгі істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау – өкінерлік жайт. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Яғни, ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын, оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Мүбәрак Рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесі мен қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес». Ендеше, ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет. Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басқа бір хадисінде таң алдындағы сәрелікті қалдырмауға үндеп былай дейді: «Сәресін ішіңдер! Расында, сәрелік аста құт-береке бар». Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан, әрі басқаларды да солай істеуге үндеген. Сонымен қатар, ораза тұтушы жеке бас тазалығына да мән беруі керек. Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза тұтушының ең қайырлы қасиеті – аузын мисуакпен тазалауы», деген. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді: 1.Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады; 2.Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады; 3.Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерді тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді; 4.Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды. 5.Ал, соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі». Исі мұсылманға осынау құтты айдағы қайырлы істерден қапы қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей: 1.Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту. 2.Тарауих және тәһәжүд намаздарын оқу. 3.Құранды қайталап оқу. 4.Садақа. беру. 5.Ауызашар. жасау. 6.Ауызашарда дұға-тілек тілеу. 7.Мешітте иғтикафқа қалу. 8.Қадір түнін құлшылықпен өткізу. 9.Ата-ананы қадірлеу. 10.Соңғы онкүндікте ерекше ықыласпен құлшылық ету. 11.Сәресіге тұрып, тамақтану. 12.Ауызашарды уақытынан кешіктірмеу. 13.Кеңпейіл болып, надандықтан алыстау. 14.Ұдайы дәретпен жүру. 15.Азан айтылса, қайталап, дұғасын оқу. 16.Күнделікті бес намазды уақытылы орындау. 17.Сүннет намаздарды тастамау. 18.Алла Тағаланы көп зікір ету. 19.Сәскедегі нәпіл намазды орындау. 20.Намаздардан кейінгі тәсбих, дұғаларды айту. 21.Әрдайым истиғфар дұғасын айту. 22.Күнә-қателіктерге тәубе жасау. 23.Жетім-жесірге қарайласу. 24.Тәкаппар болмау. 25.Адамдардың арасын жарастыру. 26.Туыстық қатынасты үзбеу. 27.Мұсылмандарға сәлем беру. 28.Ұмраға бару. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазанда жасалынған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген. 29.Пітір садақасын беру. 30.Ораза айтына лайықты дайындалу. ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды. Ол әрбір жанға 300 теңге болып бекітілді.

Ержан қажы Малғажыұлы,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

 

БҚО, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Жақсығұлов көшесі, 5
zhaik_presscenter@mail.ru
ekpin_1936@mail.ru

"Екпін" газетінің бас редакторы: 8 (71139) 21-1-32
.