7.05.2015, 7:59
Қараулар: 18
Мораторий енгізілмек

Мораторий енгізілмек

балык шаруаш-с


Балық шаруашылығы өндірісі — экономиканың әлеуетті секторларының бірі. Соған орай балықтың жасанды өсімін молайтып, олардың табиғи өсіміне жағдай жасамайынша, балық ресурстарын тұрақты пайдалану да мүмкін болмайды.


Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар еліміздің резервтік су айдындарына 168 млн. данаға жуық бағалы балық түрлерінің шабақтарын жібереді. Соның ішінде 7 млн. данаға жуық бекіре шабақтары Каспий теңізіне жіберіліп келеді. Бұдан бөлек, елімізде балық аулауға лимит белгіленіп, шектеулер жасалып отырады. Республика бойынша биылғы балық аулау лимиті 64 мың тонна көлемінде бекітілді. Бұл туралы таяуда ОКҚ-да өткен брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. Сонымен қатар вице-министр балық өніміне деген сұраныстың ұдайы өсіп келе жатқанын, бұл бағыттағы кәсіпорындар да балық қорын арттыру үшін тиісті шараларды қолға алғанын айтты. Мәселен, елімізде балық өсірумен 35-ке жуық кәсіпорын айналысады. Ал «Агробизнес – 2020» бағдарламасында тауарлық балық өсіруді дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. «Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын, әсіресе, бекіре тұқымдас балық түрлерін сақтауға зор мән беріледі, — деді ол. – Елбасы Каспий теңізінің су-биологиялық ресурстарын ұтымды пайдалану мен сақтауды, сонымен бірге Каспийдегі бекіре балықтарын коммерциялық мақсатта аулауға бес жылға мораторий енгізу механизмін әзірлеуді тапсырды. Өткен жылдың қыркүйек айында Астрахан қаласында Каспий маңындағы бес мемлекет осы келісімге қол қойды. Балық шаруашылығын одан әрі дамыту және қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында біздің министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеуде. Осы заң аясында елімізде синтетикалық материалдардан жасалатын ауларды дайындау мен сатуға тыйым салынатын болады».

Мәди ЫҚЫЛАС


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар