7.05.2015, 7:14
Қараулар: 28
Құрметті батысқазақстандықтар!

Құрметті батысқазақстандықтар!

kol


Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!


Темірдей тәртіпке бағынған, құрыштай берік Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қалыптасуы – Елбасымыз, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі.

Бүгінгі тәуелсіз еліміздің әскері – біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша халқымыз бен Отан қорғаушылар Ұлы Жеңістің жарқын мерекесі қарсаңында Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күні – Отан қорғаушылар күнін атап өтеді.

Отан қорғаушы! «Ер – елінің қорғаны» дейді дана халқымыз. Көзінде оты, кеудесінде намысы бар әрбір ер-азамат үшін ең басты борыш – өз еліне адал қызмет етіп, оны қорғау болып табылады. Ел қорғаны болар ұландар батыр да батыл болуы қажет.

Батырлық туралы айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов сынды көптеген қазақ қаһармандарының жарқын бейнелері жадымызда жаңғырады. Сондай-ақ  1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыста Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспанова секілді халқымыздың аяулы қыздары да өшпес  ерліктері арқылы  текті ұлттың перзенттері екендіктерін айшықтай түсті.

Бүгінде Қазақстан халқының мәнді өмірі мен сәнді тұрмысының қорған-қалқанына айналған әскерилеріміздің атқарып жүрген қызметтері ұшан-теңіз. Сондықтан да еліміздің Қарулы күштерінің абыройын асқақтатып,  мәртебесін биіктетер сардар-сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те, жарасары сөзсіз.

Аспанымыздың ашық, ел бақытының баянды болуы – жауынгерлеріміздің қолында әрі келер ұрпақтың еншісі.  Жылдар жылжиды, ұрпақ алмасады, бірақ Отанға деген сүйіспеншіліктің өзгермесі айдан анық.

Сіздерді атаулы мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға қуаныш, құт-береке, зор денсаулық, еліміздің өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.

Игі тілекпен:

Батыс Қазақстан облысының

әкімі Нұрлан НОҒАЕВ


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар