7.05.2015, 7:22
Қараулар: 36
Мерекеңмен, медбике!

Мерекеңмен, медбике!

15-05-2013-3-1-245


Осы сәрсенбіде қаламыздағы Жастар мәдениет сарайында Халықаралық медбикелер күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Облыс медбикелерін БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов құттықтады.


— 2015 жыл еліміз үшін тарихқа енетін бай оқиғаларға толы өтуде, — деді Хамидолла Мүтиғоллаұлы. — Күні кеше Президентімізді бір- ауыздан қайта сайладық. 1 мамыр ынтымақ күнін облысты мекендеген сан түрлі ұлт өкілдері арқа-жарқа тойлады. Қазақстан халықтары Ассамблеясы еш елде теңдесі жоқ, Елбасымыздың өзі құрған үлкен институт саналады. Еліміздегі татулық пен бірліктің арқасында 9 Мамыр Ұлы Жеңісті тойлап жатырмыз. Тәуелсіз еліміздің өз қуанарлықтай жетістіктері жетерлік. Осы ұлы мерекелердің өкшесін ала келген медбикелер күні құтты болсын! «Дәрігер медбикесіз дәрігер емес» деген, шынында да, медбикелер ел басына күн туғанда соғысқа қатысып, талайы ерлік көрсетті. Мәлімет бойынша соғысқа қатысқан әрбір екінші жауынгер жарақат алған. Соларды ұрыс даласынан арқалап алып шығып, емдеп, қайтадан қатарға қосқан медбикелер. Біздің салада медбикелердің орны ерекше, сондықтан күні бүгін облыс халқының денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген және ардагер медбикелерге біз үлкен құрметпен қараймыз.

Медбикелерге нәтижелі еңбек пен отбасы бақытын тілеген басшы оларды басқарманың құрмет грамотасымен марапатта-ды. Олардың ішінде Марина Хамитова (Тасқала), Балмира Әбуова, (Жаңақала), Рима Өтепова (Сырым), Роза Телисова (Шыңғырлау), Бақыт Әдиетова (облыстық туберкулезге қарсы диспансер), Айжан Нұрова (№4 емхана), Баян Сахипова (облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы), Любовь Кереева (қалалық «Жедел жәрдем» стансасы), Айгүл Орынғалиева (облыстық психикалық аурухана) сияқты кәсіби мамандар бар. Ал А. Төлегенова (Қазталов), Р. Жұмағалиева (№5 емхана), Р. Аралбаева (Қазталов) алғысхатқа ие болды.

Облыстық перинаталдық орталығының акушері Маржан Қаженова 28 жылда 48 мың баланың кіндігін кесіпті. Ол «Адамға өмір сыйлау» аталымы бойынша марапатталды. Ақмарал Әбдірашитова (Чапаев ауылы) «Ауылдың ең үздік фельдшері», Айгүл Өтеғалиева (облыстық кардиологиялық орталық) «Ізгі жүректің кәсібі», Асылбек Өтеғалиев (қалалық «Жедел жәрдем» стансасы) «Сізге көмекке келетін адам» аталымдары бойынша сыйлыққа ие болды (А. Өтеғалиев «Жедел жәрдемнің» кардиологиялық-фельдшерлік бригадасын басқарады).

Бұдан соң медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев сөз алды.

— Медбикенің сауатты көмегінсіз науқасқа толыққанды медициналық көмек беру мүмкін емес. Бұдан 10 жыл бұрын кардио-хирургия медбикесі деген облыста болған жоқ еді. Енді, міне, осы мамандық иесінің сахнада алғыс-хат алып тұрғаны еліміздегі, соның ішіндегі облыстық денсаулық сақтау саласының қол жеткен табыстарының бірі деп ойлаймын. Сіздерге халыққа көрсеткен қалтқысыз еңбектеріңіз үшін рақмет! — деді ол. Медициналық қызметкерлердің ассоциациясы атынан облыстық перинаталдық орталықтың директоры Николай Дмитриенко бір топ медбикені грамотамен марапаттады. «Мен жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы еңбек жолымды «Жедел жәрдем» стансасынан бастадым. Шынымды айтсам, біздер, дәрігерлер нені қалай істеуді медбикелерден үйрендік. Шақыртуға барғанда науқастың қан қысымын өлшеуді, дене қызуын қарауды ұмытып кетпеуімізге дейін медбикелер айтып тұратын. Медициналық көмектің 80 пайызын медбикелер көрсетеді. Олардың осынау жанкешті еңбектері алдында басымды иемін» деді Н. Дмитриенко.

Облыста 6 мыңнан астам орта медицина қызметкері бар екен. Олардың арасынан ең үздік дегендері әр түрлі марапатқа ие болды. Ардагер медбикелер ақ тілектерін айтты.

— Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл бойы БҚО медицина колледжінде дәріс берген Алевтина Митрохина Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Астана қаласында өтетін әскери шеруге қатысуға кетті. Олар біздің мақтанышымыз», — деді облыстық ден-саулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Қарлығаш САДЫҚОВА,

БҚО денсаулық сақтау басқармасының

медбике ісі жөніндегі бас маманы:

— Медбикелерге бүгінгі таңда үлкен қолдау көрсетіліп, олардың жұмыстарын жандандыру жолында игі бастамалар қолға алынды. Бүгінгі медбикелер кәсіби біліктілігі арқасында науқасты өзі қабылдайтын болды. Қамидолла Ирменов басқарған басқарманың бас мамандары бірлесіп медбике ісін дамыту жолында еңбектенудеміз. Республика деңгейінде облыс медбикелері туралы мақтау сөздер естіп жатамыз. Бұл облыс медицинасы үшін үлкен мәртебе. Бізде өз ісін жетік меңгерген мықты мамандар жетерлік. Оларға мереке үстінде денсаулық, отбасы бақытын тілеймін.


Маржан ҚАЖЕНОВА,

БҚО перинаталдық орталығының акушері:

— Мен 1987-1989 жылдары №3 перзентханада еден жуушы болып істедім. Перзентханада жарық дүниеге келіп жатқан сәбилердің үні әсер етті ме, акушер болғым келді. Содан медициналық колледжге оқуға түстім. 1992 жылы оқуды бітіріп, өзім істеген перзентхананың босандыру бөліміне акушер болып келдім. Осы перзентханада 24 жыл табан аудармай қызмет істеп келемін. Бір акушер жылына 2 мыңнан аса сәбиді қабылдайды, сонда 24 жылда шамамен 48 мың сәбидің жарық дүниеге көрінуін қарсыла-ған екенмін. Өзім кіндігін кескен балалардың біразы медициналық университетті тәмамдауда. Мен өзім бала дүниеге келерде анасымен бірге уайымдаймын. Өмірге сәби әкелу оңай емес. Бір жағынан, ана өмірі, екінші жағынан, бөбегі аман қалса екен деп зыр жүгіріп жүреміз. Орталықтағы барлық дәрігерлер мен медбикелердің еңбегі өте зор. Лайым, өмірге келген сәбилер аман болып, елімізді көркейтуге атсалыссын!


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар