7.05.2015, 7:26
Қараулар: 18
Волгоградқа саяхат

Волгоградқа саяхат

IMG_0937


Бөкей ордасы ауданының басшылығы Ұлы Жеңістің 70 жылдық құрметіне бір топ ардагерлерді батыр қала Волгоградқа саяхатқа апаруға  ұйғарған екен. Осы мақсатта аудан орталығына әрбір округтен екі адамнан 27 сәуір күні жиналдық.


Топты аудан әкімінің орынбасары Лариса  Қайырғалиева бастап  делегация құрамында Сайқын ауылынан Социалистік Еңбек Ері     Ескендір Есімов, «Ленин» орденді еңбек ардагері Зейнеп Әбдірахманова және тағы да басқа ауданның  қадірлі тұрғындары болды.

28 сәуір күні алдымен Жәнібек ауылындағы спорт мектебі ауласындағы М. Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соңынан аудандық мұражайдың ашылу салтанатына қатыстық.

Түскі қонақасынан дәм татып, Волгоград  бағытындағы күре жолмен сапарға шықтық. Кешке Волжск қаласынан біздерді «Казахское наследие» атты Волгоград облысы қазақтары ұйымының төрағасы Ахметов Айболат есімді азамат қарсы алып, «Намри» қонақүйіне орналастырды. Кешкі аста Волгоград облысының өзге ұлт өкілдерімен жұмыс жөніндегі министр, қазақ, қалмақ диаспораларының өкілдері қатысып, құттықтаулар айтып, сыйлықтар табыс етті. Соңы концертпен аяқталды. 29 сәуір күні түске дейін Мамаев қорғанды көріп гүл шоқтарын қойып, Павлов үйі, ұн диірмені (мелоница), панорамасын тамашаладық. ҰОС батыры Нүркен Әбдіровтің  естелік тақтасына ауданымыздан гүлтәж қойдық.  Сонымен қатар делегациямыздың құрамында болған Хан ордасы ауылының тұрғыны Вялых Ақсұлу жұбайының ағасы – ҰОС  батыры Вялых Николайдың естелік тақтайшасына тағзым етті. Біз осы жолда не білдік, не түйдік? Біз Сталинград шайқасының 1942 жылғы шілде айының 12-14-і күндерінен басталып, 1943 жылдың 2 ақпанына дейінгі қанқұйлы соғыстың тарихта үлкен шайқас болғанын, бірнеше миллиондаған азаматтарымыздың опат болғанын, соғыстан бірде-бір үйдің аман қалмағанын, Сталинградты азат етуде қазақстандықтардың ерекше ерлігін, жалпы волгоградтықтардың қазақ халқына деген сүйіспеншілігін көрдік. Екінші дүниежүзілік соғыста адамзатты азат етудегі Кеңес  әскерінің ерлігіне тағы да бір куә болып, оларға тағзым еттік.

Біздер соғыс кезінде жас болдық, балалықтың қызығын көрмедік. Ата-аналарымыздан, туысқандарымыздан айырылдық. Сондықтан да біз соғысқа лағынет айтамыз. Жер бетінде тек тыныштық болғай.

Біздер үшін  Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында саяхат ұйымдастырып, өткен тарихты еске түсіріп,  ой елегінен өткізуге мүмкіндік берген аудан әкімшілігіне ризашылық  білдіреміз.

Барушылар атынан ардагер ұстаз

Каспи ЖАХАТОВ,

Мұратсай ауылы,

  Бөкей ордасы ауданы