7.05.2015, 7:38
Қараулар: 25
Қуанышты хабарды жеткізе алмай кеткен…

Қуанышты хабарды жеткізе алмай кеткен…

Мубина


Редакцияға кейуана келіп кірді. Бәріміз жапатармағай сәлем бергеннен кейін, аздап  демалып алып, әңгімесін бастады:


– Қарақтарым, Мүбина деген апаларың боламын. Жасым сексеннің біреуінде. Қазір Алматыда тұрамын. Туған жердің ауасын жұтып, ата-баба, бауырлардың рухтарына бағыштап дұға оқып кетейін деп арнайы келдім. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі тойланып жатқанда, сұрапыл соғыс жылдары біздің шаңырағымызда болған жағдайларды сіздермен бөлісейін  деген ниет те бар, — деді.

– Соғыс басталғанда мен 7 жаста едім. Менен алты жас үлкен Шайзада есімді ағам болды. Жалпы шаңырақта екеумізден басқа да бауырларымыз болып еді. Олардың бәрі де өмірден ерте өткен екен.

Сол кезде біз тұратын «Интернационал» ұжымшарындағы ер-азаматтар бірінен соң бірі майданға алына бастады. Ауылдағы барлық жұмыс әйелдер мен балалардың  мойнына ілінді.

Бір күні ағам Шайзаданы райкомға шақырды. Олар ағама «Бүгіннен бастап почтальон (пошташы) боласың» деп тапсырма береді де, колхоздан ат бөлгізеді.  13 жасар бала күн сайын 40-50 шақырым ат үстінде жүріп, хат тасуға шығады.

Соғыстың алғашқы айлары ғой.

Майдандағы ерлерден сәлем хаттармен қатар алғашқы «қара қағаздар» да келе бастайды. Торы атын тепеңдетіп, шауып келе жатырған баладан ұлының амандығын тілеген ана, сәлем хат күткен жар мен бала бір үміт күтетін…

Бірақ ер-тоқым жанына ілінген қара сөмкеде бір шаңырақты шайқалтып кететін «қара қағаз» да келе жататын. Кішкентай болсам да, байқайтынмын, сол уақытта ағам қатты жүдеп кетті. Бүгінде сол кезеңді ойға түсірсем, «Ағам балалық жүрегімен сол қаралы хабарларға өзін кінәлі сияқты қабылдаған болар» деп ойлаймын…

Енді мына бір қаралы оқиға ғұмырымда ұмытылмастай болып есімде қалды. 1941 жылдың 8 тамызы болатын. Шаңырағымызды қайғы-қасіретке батырып кеткен оқиға былай болыпты.

Кезекті хат-хабар тасудан шаршап келе жатқан ағам ауыл жанындағы Қарасуға салқындап алуы үшін суға түседі. Судың терең иіріміне тап болған ғой, жазатайым қазаға ұшырайды. Судан тауып алып шыққаннан кейін, ауыл болып ағамның жерлеу рәсімі жасалды. Сонда колхоздың төрағасы Қыдыр Қапанов деген ағамыз: «Шайзада бала болса да, ерлікпен қаза тапты деп есептейміз.  Ол өзінің борышын атқарып кетті»  деген сөзі әлі де құлағыма жаңғырып естіледі. Ал осы бір сөздер сол ауыр кезеңде ауылдағыларға күш берсін деп айтылған болар деген ойдамын.

Сөйтіп, ата-ана шаңырақтың ізін жалғастырады деп күткен жалғыз ұлынан осылай айырылып еді…

Сол қасіретті жылдарда туған ауылымның аға-апалары Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Осы ауылдан Ыбырай Сауанов,  Шахай Мерғалиев сынды Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Бұл – мен  үшін мақтаныш.

Кеше ата-анам, ағам жатқан зиратқа дұға жасағаннан кейін Қарасу жағасына бардым. Қарасу шымырлап, жәйлап ағып жатыр… Тұңғиық суға қарадым. Көз алдыма ағам судан шомылып шығып келе жатқандай елестеді…

Сол бейкүнә балалық бейнесі… Ағамның «Соңымнан құлдыраңдап ерген жалғыз қарындасым, Мүбинажан-ау! Мен тірімін ғой, қазір атыма мініп, ағаларымның сәлем хаттарын жеткіземін. Сосын «Жеңіс» деген қуанышты хабарды да ауылға алғаш мен әкелетін боламын»  деген үні келгендей болды…

Мүбина апамыз бір сәт үнсіз қалды. Мүмкін, апамызды қанша жыл өтсе де, туған бауырға деген сағынышы оның кәрі жүрегін сыздатып жіберген болар… Мүмкін, бауырынан айырған сұм соғысқа іштей лағнет айтқан болар…

Апамызбен қоштасып, келген көлігіне шығарып салдым. Осы бір мұңды әңгімеден кейін ауылдың күнбатыс жағындағы Қарасуға көз жібердім. Сол бағыттан торала қаздар қиқулап ұшып бара жатыр екен.

Олар көзіме Мүбина апамыздың бауыры Шайзада жеткізе алмай кеткен «Жеңіс» деген ұлы қуанышты хабарды батыстан алып келе жатқандай көрінді…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов аудандық

«Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы