19.05.2015, 7:21
Қараулар: 80
Мектеп музейі – тарихтың өзі, ТАҒЫЛЫМНЫҢ КӨЗІ

Мектеп музейі – тарихтың өзі, ТАҒЫЛЫМНЫҢ КӨЗІ

SONY DSC


18  мамыр  —   Халықаралық музейлер күні ретінде 1978 жылдан бері әлемнің 150-ден астам елінде аталып келеді. Жеткіншектерді өткен игі істердің нәрімен сусындатудың қайнар көзінің бірі – мектеп мұражайы.


Облыстық балалар-жасөпірімдер туризмі және экология орталығы  жастарға  патриоттық тәрбие беруде мектеп музейлеріне аса көңіл бөліп отыр. Тағылымды шежіресі, тәлім алар өнегесі, үлгілі  тарихы бар мектептің өткенін түгендеу жұмысы  ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойында  мақтаныш сезімін, аға ұрпаққа еліктеушілік қасиеттерін туындатады, патриоттыққа тәрбиелейді.

Ауыл тарихы туралы мәлімет жинақтауда оқушы музей жетекшісімен, ата-аналарымен бірлесе жүріп жұмыс атқарады. Өз әкесі-анасы және ата-әжелері оқыған білім ордасы болса, шәкірттердің қызығушылығы артады. Өз туғандары арқылы мектеп, ұстаздары мен ауылының ардақты адамдарының ұлағатты істері туралы мағлұматтарға қаныға түседі.

Облыс көлеміндегі 230-дан астам мектептің 100-ден астамында мектеп музейлері ұйымдастырылған. Соның ішінде Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Қазталов, Теректі аудандарындағы  мектеп  мұражайларын ерекше  атап өтуге болады.

Біздің өлке — тарихи тұлғалар мен оқиғаларға толы, өзгеше табиғаты мен өзіндік тарихы  бар, қойнауы  қазынаға бай өңір. Әрбір мектеп музейлері өзінің атауына  тарихта, өнерде, ел қорғауда атағы  қалған  бір-бір тұлғаны алса, содан кейін ауыл, мектеп, ұстаздарымен ата-бабасы тарихын көрсетсе, бір-бірін қайталамауына болады. Мысалы, Қаратөбе ауданы  — өнер ордасы, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары — күйшілер мен батырлардың атамекені, Бөрлі, Шыңғырлау — кеншілер, Сырым елі – Сырым батыр мен ақын Қадырдың  туған топырағы… Сол сияқты әр ауданның қайталанбас тарихи тұлғалары жетерлік. Музей экпозициясын құрастырудың  өз жүйесі, өз заңдылықтары бар. Музей мамандары құрастырып, қазіргі заман талабына сай әр ауданда ашылған  мұражайларда тәжірибелі музей мамандары жұмыс жасап келеді. Мектеп мұражайларының көпшілігіне  тән кемшілік  – экспозиция жасақтау кезінде   музей мамандарының көмегін қажет етпеуі. Экспозиция ауқымы дұрыс пайдалану, түпнұсқа жәдігер мен  қосымша жәдігерді орналастыру, хронологиялық мерзіміне қарай беру жақтары сақталмайды. Осы мақаланы жазудағы мақсатым – мектеп музейлерінің дұрыс жолға қойылуына  аз да болса көмек беру. Мектеп музейлерінің орны 20-25 оқушы — үйірме мүшелерінің   жинаған жәдігерлер мен жұмыс жасауға, тақырыптық сабақ, айтулы даталарға арналған іс-шара, кездесу  кештерін  өткізуге мүмкіндік бере алатындай болуы қажет. Мектеп музейінің жетекшісі тарих, әдебиет пәндерінің мамандары болуы шарт. Мектеп музейлерінің жетекшілеріне қосымша ақы төленуі тиіс. Олар облыстық өлкетану музейінде  іс-тәжірибеден өтулеріне толық мүмкіндік бар.

Биыл облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығындағы балалар  туризмі тарихы музейінің экспозициясы жаңартылып қайтадан ашылды. Құрылғанына 2015 жылы 28 сәуірде  55 жыл толған орталықтың тарихы, жарқырап көрініс табуына демеушілік көрсеткен «Дара» фирмасының ұжымына жасөспірімдердің алғысы шексіз екені  айтпаса да түсінікті.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында тұңғыш ашылған мектеп жанынан бастау алған  Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі де бір кезде оқушылардың қолымен құралғанын білеміз. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеріне елінің ежелгі тарихынан бастап өз ауылының, өз ата-бабасының, өзінің алтын ұя мектебінің тарихын жинап, зерттеп төл музейлерін өздері ашатын міндет жүктеліп отыр.

Сара  ТАНАБАЕВА,

«Балалар  туризмі  тарихы»  музейінің  жетекшісі,

ҚР  мәдениет  қайраткері


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар