19.05.2015, 7:44
Қараулар: 16
Кітапты көп оқитын отбасылар

Кітапты көп оқитын отбасылар

IMG_3763


Облыстық  қазақ  драма  театрында Хамза Есенжанов атындағы балалар  және  жасөспірімдер  кітапханасының ұйымдастыруымен    «Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы – 2015» байқауы өтті.


– Отбасы – адамзаттың аяулы ұясы. Отбасында сәби дүниеге келіп, адам болып қалыптасады. Сондықтан қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отбасында тыныштық, ынтымақ болса, қоғам да солай орнайды. Ал кітап – адамзаттың ақыл-ойының жиынтығы. Кітапты отбасы болып оқу – үлкен жақсылықтың бастауы. Кітап әлемінде елеусіз жүрген Николай Александрович Рубахин деген жазушы бар. Ол 84 жасына дейін 250 мың кітап оқыса, оның 230 мыңы үйінің кітапханасында сақталған. Өзі қайтыс болғаннан кейін бейіті кітап пішінінде салынып, оған өзі айтқандай, «Әділеттілік пен ақиқаттың жолындағы ең мықты қару – кітап жазу» деп жазылған. Кітапты оқу, білім алу арқылы өркениетті қоғам құрамыз. Үлгі-өнеге көрсетер оқырман отбасымыз көбейе берсін, — деді шарада  сөз алған облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының  басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Байқауға қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінен  және облыстың аудандарынан үздік деп танылған жеті отбасы қатысты.  Байқаудың бірінші бөлімінде әр жанұя өздерінің  қолөнер туындылары мен салт-дәстүрден мәлімет беретін  көрмемен таныстырды. Кейін оқырман отбасылар әлем халықтарының шығарма желісінен үзінді оқып, ертегілерден қойылым көрсетті. Байқауда ақжайықтық Тәженовтер «Зейінді отбасы», оралдық Ізғалиевтер «Өнерлі отбасы», сырымдық Жұбашевтар «Білімді отбасы», шыңғырлаулық Волошиндер «Креативті отбасы»  аталымын иеленсе, бөкейордалық Еркінғалиевтер  III, зеленовтық Алиповтар отбасы II, жәнібектік Метекесовтар (суретте) I орынды жеңіп алды. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген шыңғырлаулық Волошиндер отбасына «Орал өңірі» газеті редакциясының атынан ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Жас ұрпақты оқу мәдениетіне тәрбиелеп, отбасылық оқуды жаңғыртуға арналған шара  жыл сайын дәстүрлі түрде  өткізіле  бермек.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар