23.05.2015, 6:57
Қараулар: 102
ЕЭО: Өз мүддемізді қорғауға мүмкіндік бермек

ЕЭО: Өз мүддемізді қорғауға мүмкіндік бермек

Евр союз (НО)


Осыдан біраз уақыт бұрын Кедендік ынтымақтастық бойынша Еуразиялық Экономикалық Одақ комиссиясының алқа мүшесі (министр) Владимир Гошин өткен жылдың желтоқсанында Еуразиялық Экономикалық Одақтың Кедендік кодекс жобасын талқылауды аяқтағанын мәлімдеді.


Оның сөзінше, заманауи техникалық талаптарға жауап бере алатын Кедендік заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылмақ. Осыған орай сала мамандарымен хабарласып, қазіргі таңдағы Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшелері арасын-дағы Кеден жағдайы мен жаңа Кедендік кодекс жобасы жөніндегі пікірлерін сұрадық.

Облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасының кедендік және салықтық реттеу бөлімінің басшысы Эльмира Өтешеваның айтуынша, Еуразиялық Экономикалық Одақтың Кедендік кодекс жобасы былтыр жыл бойына талқыланған. Нәтижесінде аталмыш жоба одақ құрамына кіретін мемлекеттердің өкілдері тарапынан жасалған ұсыныстармен толыққан. Эльмира Бисем-байқызының сөзінше, бұл жобаның жасақталуына қазақстандық кәсіпкерлер үлкен ықыласпен атсалысуда. Өйткені олар өздерінің кәсіпкерлік қызметінің дамуына жағдай жасалғанын қа-лайды, бизнестерінің болашағына алаңдайды. Қазіргі таңда бұл жоба ішкі мемлекеттік келісім аясында одан әрі талқылануда.

— ЕЭО-ның Кедендік кодексі одақтас елдер арасындағы тауарларды шекарадан өткізу және оларды одақтас елдер аумағында немесе шетелдерде пайдалану тәртібін бір жүйеге түсіруші заң. Яғни бұл заң одақтас елдер арасындағы тауар тасымалын реттейді. Бұл заңда тауарларды уақытша сақтау және кедендік төлемдерді төлеу тәртібі, кедендік бақылаудан өткізу ережесі және тағы басқа да осы мәселеге қатысты жағдайлар егжей-тегжейлі жазылған. Баршамызға белгілі, биыл 1 қаңтардан бастап құрамына Қазақстан, Белоруссия және Ресей мемлекеті енген ЕЭО күшіне (ЕЭО құрамына Армения таяуда толық өтті, ал қырғыз елі аталмыш одаққа өту бағытында жұмыстануда) енді. Осыған орай былтырдан бастап, ЕЭО комиссиясы Кедендік кодекс жобасын талқылауға кіріскен болатын. Былтырғы қарқынды талқыланудан соң бұл жоба алғашқы нұсқасынан көп өзгерді. Өйткені одақ құрамындағы мемлекеттер тарапынан көптеген ұсыныстар түсті. Жобаны талқылауға қатысқан өкілдердің әрқайсысы өз елінің мүддесін қорғап, жобаның бұрынғы нұсқасына көптеген өзгерістер енгізді. Мысалға айтар болсақ, аталмыш жобаны талқы-лауға тек мемлекеттік басқарудың мүдделі өкілдері ғана емес, сонымен қатар біздің елден «Қазақстан теміржолы», «Азия-Авто», «Филипп Моррис-Қазақстан», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ секілді бірқатар ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Осы жерде мына бір жәйтті айта кету керек, бұрын Кедендік одақтың Кедендік кодексін тек оның құрамындағы мемлекет өкілдері ғана талқылаған болатын. Бұл жобаны талқылауға бизнес қоғамдастықтың өкілдері мүлдем қатыстырылған жоқ, олардың пікірлері де ескерілмеді. Ал ЕЭО-ның Кедендік кодекс жобасын талқылауға әр елдің бизнес өкілдері қатысып, олар осы заң аясында өздерінің жұмыстарын же-ңілдетуге мүмкіндік алды. Жаңа Кедендік кодекстің артықшылығы, міне, осында. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан ЕЭО комиссиясының сараптамалық тобының жұмысына ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан ЕЭО комиссиясындағы Мәскеу қаласындағы өкілдігінің директоры Нұрболат Сүкіров пен Кедендік әкімшілік ету департаменті директорының орынбасары Эльвира Каримова тікелей қатысып, жаңа Кедендік кодексті жасақтау барысында қазақстандық тараптың мүддесін қорғауға атсалысуда. Бұл жоба әлі талқыланып біткен жоқ, дәл қазіргі уақытта кодекс жобасы өз мемлекетімізде қаралуда. Яғни жыл аяғына дейін тағы да тиімді ұсыныстар болса, оларды қарап, жаңа Кедендік кодекске енгізу мүмкіндігі әлі бар. Сондай-ақ жаңа заң жобасында тауарлардың техникалық регламенті де қарастырылуда. Онда одақтас елдер арасында немесе шетелдерден тасымалдауға болатын тауарлар тізімі бекітілмек. Бұл — халықтың денсаулығына нұқсан келмеу үшін жасалып отырған жұмыс. Бекітілген техникалық регламент бойынша тізімге енген тауарлардың сапасы басты назарда болмақ. Бұл талап одақтас елдерге және одан тыс аумақта орналасқан шетел мемлекеттеріне де қойылады, — деген Эльмира Бисембайқызы бұдан әрі жаңа жобаның тиімділігін нақты мысалдар келтіру арқылы дәлелдеуге кірісті. Оның сөзінше, одақтас елдер арасындағы келісімшарт бойынша барыс-келіс, тауар тасымалы үдерісі әжептәуір жеңілдеген. Мысалы, қазақстандықтар Ресеймен екі ортаға қатынағанда, бұрынғыдай Кедендік тексерулерден өтпейді және олардың коммерциялық емес мақсатта сатып алған заттарына салық салынбайды. Бұрын Ресеймен екі ортадағы шекарадан өтер кезде қарайған құжат жинап, уақыттарын текке өлтіретін кәсіпкерлер бүгінде тек Ресейден әкелген тауарларына 12 пайыз ҚҚС төлеп, жергілікті салық органына есеп тапсырумен шектеледі. Сондай-ақ бірыңғай одақ кезінде одақтас мемлекет азаматтарының сол елдерде болу мерзімі шектеулі болатын. Ал қазіргі таңда ЕЭО шарты бойынша азаматтар одақ құрамына кіретін мемлекет аумағында 30 күн бойы емін-еркін жүріп-тұруға қақы бар. Ал одан кейін қажет болып жатса, сол жерге тіркеліп, қалағанынша жұмыс істеулеріне болады. ЕЭО шартының тағы бір тиімділігі жөнінде айтар болсақ, одақтас мемлекет басшыларының өзара келісіміне сәйкес жастар ендігі жерде өз елінің дипломымен одақтас басқа мемлекеттерде мамандығына сәйкес қызмет атқара беретін болды. Бұрын олардың дипломдары тек өз елінде ғана пайдаға асатын, — деп Эльмира Бисембайқызы ЕЭО Кедендік кодексінің бұрынғы кодекстен айырмашылығын бізге жіліктеп тұрып түсіндіріп берді.

Осы арада біз оның сөзін бөліп, осыдан 1-2 ай бұрын Ресеймен екі ортадағы бәленбай шақырымға созылған көлік кептелісі жөнінде сұрадық.

— Бұл — Ресей валютасының құны күрт түсіп кеткен кезде орын алған уақытша жағдай. Баршамызға белгілі, Жаңа жыл қарса-ңында көрші елде рубль құны күрт төмендеп, осыған байланысты кәсіпкерлер де, қарапайым тұрғындар да Ресейге қарай ағылды. Ондағы мақсаттары – көрші елдегі арзаншылықты пайдаланып, көлік, киім және тағы басқа да тұтыну тауарларын көптеп сатып алу. Міне, тап осы жағдай Ресеймен екі ортада көлік кептелісін қалыптастырды. Көліктер кезегі Ресей жағында мүлдем болған жоқ, өйткені ол жақтағы шекара бекеттерінде замануи инфрақұрылым жасақталған. Ал бұған керісінше, Ресейден арзан көлік сатып алуға асыққан қазақстандықтар шекарадан өту кезегін тәуліктеп күтті. Себебі біздің ел шекарасын-да қажетті инфрақұрылым жоқ, шекарадан өту үдерісі жетілдірілмеген. Осы жағдайға байланысты бірінің артынан бірі келген көліктер ұзын-сонар кезекті қалыптастырды. Міне, сол кездегі көлік кептелісінің бар себебі — осы.

Ресей рублінің құнсыздануы тек ресейліктерге ғана емес, сондай-ақ онымен одақтас елдердің экономикасына да кері әсерін тигізуде. Мысалы, бұрын Ресейге тауарларын шығарып, пайда тауып жүрген қазақстандық кәсіпкерлер рубльдің құлдырауына байланысты өз өнімдерін ол жерде қымбатқа сата алмай қиналуда. Сондай-ақ Ресейдің арзандап кеткен тауарлары мен өзге де елдердің өнімдері біздің елімізге есепсіз ағылуда, бұл жағдай отандық өнімдердің өтімділігін азайтуға себепші болып тұр. Мысалы, соңғы кездері мұнай өнімдері тым арзандап кетті. Бұл жағдай мұнай өнімдерін өңдеумен

айналысатын зауыттардың жұмысына айта қаларлықтай кедергі келтірді. Осы жағдайды қалыпқа келтіру үшін ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығы бойынша 5 наурыз – 20 сәуір күндері аралығында, яғни 45 күнге біздің елімізге Ресейдің бензині мен дизельдік отынын кіргізуге тыйым салынды. Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет қолдауын пайдаланып, өнімдерін экспортқа шығара алмаған кәсіпкерлерге көмек қолын созуда. Мұндай отандық компанияларды мемлекеттік сатып алу бойынша тендерге қатыстырып, өзіміздің Ұлттық компаниялардан, мемлекеттік мекемелерден қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін сатып алуды тапсырып отырмыз. Бұл шаралардың барлығы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел экономикасын көтеру үшін жүзеге асырылуда, — деген Эльмира Бисембайқызы ЕЭО-ның мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен достықтың дәнекеріне айналатынына сенетінін жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар