16.06.2015, 6:41
Қараулар: 24
«Қан тапсыр – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА»

«Қан тапсыр – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА»

SAMSUNG CAMERA PICTURES


Маусымның 11-і күні осындай атаумен Жаңақала аудандық ауруханасында қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды. Донорлар қан тапсырып, осы арқылы өзгенің өмірін сақтап қалуға қолұшын берді.


Аудан тұрғындары мен донорларды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Саматов  және облыстық қан орталығы директорының орынбасары Лидия Кенжебайқызы құттықтады. Бірнеше рет қан тапсырған «Құрметті донорларға» алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жангүл Жұмасалихова өткен жылы өзіне қан берген ауылдастары мен орталық қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

— Адам өмірінің арашашысы болуға ниеттеніп, өтеусіз қан тапсырғысы келген әрбір жанды қуана қарсы аламыз. Бірақ донор болатын адамның жасы 18-ден асқан, денсаулығы жақсы әрі қолында төлқұжаты болуы шарт. Кез келген адам донор бола алмайды.

Өйткені олар қан тапсырар алдында дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізіледі, – дейді аудандық аурухананың дәрігері Рәзия Мұқашева.

Аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің басшысы Ж. Есекенов ұжымын өзі бастап келіп, түгелдей қан тапсырғаны өзге мекемелерге үлгі боларлық бастама болды.

«Қан тапсырған адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарып, жүрек-тамыр, қатерлі ісік ауруларына шалдықпайды. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады. Донор бар-жоғы 450 мл қан тапсырады және оның орны бірнеше күн ішінде қалпына келеді, бұдан адам ағзасына ешқандай зиян келмейді», —  дейді мамандар.

Қазбек  ӘЛМҰҚАНОВ,

Жаңақала  ауданы


Ақболат ТІЛЕКҚАБЫЛОВ,

С. Меңдешев атындағы орта мектептің мұғалімі:

— Мен 1979 жылдан бері қан тапсырып келемін. Ол кезде студент болатынмын, қан тапсырсаң, 2-3 күнге ауылға жібереді деген соң, демалысыма қосып аламын ғой деп тапсыратынмын. Кейін қан берудің сауапты іс екенін ұғындым. Жолдасым медбике болған соң, адам өмірінің арашашысы болудың сауапты іс екенін жақсы түсінемін. Менде осы уақытқа дейін марапат алайын деген ой болған емес. Алайда мереке ретінде атап өтіп, донорларға ерекше құрмет көрсеткендері үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Денсаулығым  көтерсе,  әлі  де талай рет тапсырамын.


Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз қанын сыйлауға, яғни 100 пайыз ерікті донор болуға әлемнің 57-і елі қол жеткізген. 14 маусым – Дүниежүзілік донор күніне орай қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағында қан орталығының ұйымдастыруымен мәдени шара өтті. БҚО қан орталығының директоры Ғизатолла Лямов шараны ашып, донорларды мерекемен құттықтады.

Облыс бойынша айтулы мереке бұдан бұрын Бөрлі және Жаңақала аудандарында, қаламыздағы М. Мәметова атындағы алаңда өтіп, 359 адам қан тапсырды. Саябаққа демалуға келген 50   адам да қан тапсырып, сол жерде өздерінің қан тобы мен резус-факторын анықтатты. «Бұл сенің күнің, донор! Біз сіздерді мадақтаймыз, мақтаныш етеміз!» деген мерекелік шараны жүргізуші облыс бойынша ең үздік донорларды сахнаға шақырды. Олардың ішінде өз өмірінде 233 рет қан тапсырған Юрий Чакалиди бар. Ол  «Ең үздік донор» атанып, жүлдегер болды. 101 рет қан тапсырған Болат Дәулетқалиев «Ең көп плазма тапсырған донор», Александр Подлипанин 136 рет плазма және қан тапсырғаны үшін «Ең көп донация» аталымдары бойынша марапатқа ие болды.

Ал отбасымен қайырымдылыққа бет бұрған Анатолий Сводин мен оның ұлы Роман «Донор династиясы» аталымына ие болды. Әкесі 62 рет, ал ұлы 11 рет қан тапсырған. Олар «Зенит» зауытында жұмыс істейді. «Ең белсенді донор» аталымына 83 рет плазма тапсырған Ержан Сәрсенғалиев ие болды. Төрт  аталым бойынша үздік шыққан донорларға алғысхат пен сыйлық тапсырылды. Олардың құрметіне Р. Кереев, Д. Құлбабаев, А. Ғабделовалар ән шырқады. Донорларды ҚР «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігі облыстық бөлімшесінің директоры Қымбат Өтеғалиева  құттықтап, тіршілік нәрі – қанның  маңызын түсінген ерікті донорларға мықты денсаулық тіледі.

Мәдени шарада Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері мен қан орталығы өнерпаздары концерт қойды. ҚР Мәдениет саласының үздігі Жаскелең Ғайсағалиев және Ақмарал Ахметова, Мұрат Әмірханов бастаған әншілер донорлар мен саябақта демалушыларға шын мәнінде мереке сыйлады. «Өмірде донор деген мамандық жоқ. Бұл – қайырымдылық  пен жанашырлық ниеті» деген жүргізушілердің сөзі өзгенің өмірі үшін өз қанын беріп, адамдарды ажал аузынан аман қалып жүрген донорларға деген көпшіліктің құрметін асқақтата түсті. Флешмобқа қатысқан студенттер мен мектеп оқушылары жастарды өзгенің тағдырына немқұрайлы қарамауға шақырып, жақсылық жасауға, ерікті түрде қан тапсыруға үндеді. Шара жоғары деңгейде өтіп, демалыс күндерін саябақта өткізуге келген облыс тұрғындарына қуаныш сыйлады.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күні қарсаңында БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы (ӘПБ) мен Орал қалалық ішкі істер бөлімінің қан тапсыруға ынталы қызметкерлері Батыс Қазақстан облыстық қан орталығына барып, толықтай дәрігерлік тексерістен өтіп, қан  тапсырды. Осы ізгі миссияға жылына 3-4 рет әріптестерін жұмылдыратын БҚО ІІД ӘПБ басшылығына қан орталығы директорының орынбасары Лида Кенжәлиева шын пейіл, шынайы көңілден ризашылығын білдірді.  Жуықта  ӘПБ  мен Орал қаласындағы №1 аутобус паркінің  жүргізушілері жол-көлік оқиғаларына ұшыраған адамдарға  жәрдемдесу мақсатында жұмыла қан тапсыруға барды. Осы шара барысында полиция қызметкерлері  жалпы мөлшері 15 литрдей қан тапсырды.

Бүгіндері тұрақты донорға айналған полиция подполковнигі Нұртай Лезовке орталық директорының орынбасары Лида Кенжебайқызы алғысхат  тапсырды.

Гүламан ЕСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметкері