16.06.2015, 7:20
Қараулар: 16
Кейбір тұтынушыларға ЫСТЫҚ СУ НЕГЕ БЕРІЛМЕЙДІ?

Кейбір тұтынушыларға ЫСТЫҚ СУ НЕГЕ БЕРІЛМЕЙДІ?

IMG_7879


«Жайықжылуқуат» АҚ ұжымы алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындықты қарқынды жүргізуде. Жылу-қуат орталығы бойынша бірқатар жылу қазанын күрделі жөндеу, цехтардың қосалқы жабдықтарын жөндеу жұмыстары 24 пайызға орындалды.


Күні бүгінге су ысытқыш (КВГМ-100 ст.№11) қазанын жөндеу 90%-ға аяқталған. Сондай-ақ ұзындығы 8,7 шақырымдық жылу желілерін жөндеу, ұзындығы 3 шақырымдық желінің жылу оқшауламасын қалпына келтіру, жылу камераларын, бекітпе арматураны түгендеп-тексеру жоспарланған. Қазіргі уақытта Мұхит, Павлодар көшелеріндегі 0,69 шақырымдық жылу желісі ауыстырылды. Дәулеткерей көшесі бойынша жылу желісі және ыстық сумен жабдықтау желісін қайта төсеу жұмыстары жалғасуда. Достық даңғылы 240/1 мекенжайындағы тұрғын үйге дейінгі жылу желісін қайта төсеу және жылу желілері бойынша жөндеу жұмыстары 8 пайызға орындалды.

– Орал қаласы әкімдігімен келісілген «2015 жылғы мамыр-маусым айларында магистральдық және кварталішілік сынауларды өткізу кестесіне» сәйкес және жылу желілерінің ең апатты учаскелерін анықтау мақсатында №2, 3, 5 магистральдары және кварталішілік жылу желілері гидравликалық сынаудан өтті. Сынау жұмыстары Молдова, Ярославль, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова, Әбубәкір Кердері, Құрманғазы, М. Ықсанов көшелерінде, Еуразия даңғылы, Достық даңғылы, теміржол бекеті, «Омега» зауыты ауданында, Локомотив көшесінде жүргізілді. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, 11 тұрғын үй ыстық сумен қамтылмай отыр, – деді кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлім басшысының орынбасары Нина Абилова.

Сонымен қатар сынау жұмыстары «Солтүстік-Шығыс», «Құрылысшы», «Айгүл», №4, №6 шағынаудандарда, Громова, Щорс, Қаратөбе, Алматы, Жамбыл, Айталиев көшелерінде жүргізілген. Сынаулар барысында су құбыры  жарылуының 6 жағдайы орын алып, су беру жұмыстары қалпына келтірілген. Қонаев атындағы шағын- ауданда (6 ш/а) күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты 37 үй ыстық судан айырылған. С. Тюленин көшесі ауданында «Жайықсельстрой» ЖШС жасөспірімдерді бейімдеу орталығының жаңа ғимаратына баратын жылу желілерін қайта төсеуде және осыған орай 8 тұрғын үй судан айырылды. Маусымның 3-інде №6 жылу магистралі мен кварталішілік жылу желілері гидравликалық сынаудан өткенде Орда, Гагарин, Демократия көшелеріндегі, Ет комбинаты ауданындағы тұтынушыларға ыстық су берілмеді. Сынаулар барысында құбыр жарылудың 7 жағдайы болды. Сынау жұмыстарына байланысты ыстық судан 74 тұрғын үй айырылған.

– Сынаулар өткен соң ыстық су тұрғын үйлерге беріле бастайды. Жылу желілерінің анықталған апаттық бөліктері қысқа мерзімде жөнделеді. Ыстық су беру тоқтатылған тұрғын үйлердің тізімі күн сайын «Жайықжылуқуат» АҚ сайтында шығып тұрады. Орал жылу-қуат орталығынан жылу алатын 1055 тұрғын үйдің 131 үйі, яғни  17,5 пайызы ыстық суды алмай отыр. Мұның барлығы қақаған қыста жылудан, ыстық судан тарықпас үшін жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен байланысты болып тұр. Қазір  қала көшелерінде жөндеу жұмыстарына орай қазылған жерлердің көп болуына байланысты  тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды, қоршалымға кірмеуді және балаларға ашылған жылу трассалары маңында ойнауға рұқсат етпеуді сұраймыз, – деді Нина Абилова.

Қазандық шаруашылығы бойынша да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 635 шақырымдық жылу желісіне  күрделі жөндеу, Орал-2 стансасы қазандығында қысым реттегішін ауыстыру, ғалымдар ауылы ауданындағы қазандыққа 55 КВт электр қозғалтқышты, желілік сорғыны ауыстыру, 10 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу, сонымен қатар қазан жабдықтарын, сорғыларды, бак-аккумуляторларды түгендеп тексеру жоспарланған. «Кумыска», «Орал-2» қазандықтарында және Теміртау көшесі, 19 тұрғын үй ауданында жөндеу жұмыстары басталды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша №2 перзентхана  ауданындағы ұзындығы 0,6 шақырымдық, 5-шағынауданнан С. Датов көшесі арқылы Строитель шағынауданына дейін ұзындығы 1,12 шақырымдық, Ружейников көшесі бойынша Гагарин көшесінен Жамбыл көшесіне дейін ұзындығы  0,82 шақырымдық, Сарайшық көшесі бойынша Жүнісов көшесінен Есқалиев көшесіне дейін ұзындығы 0,86 шақырымдық жылу желісін қайта құру жоспарланған. Бұл жұмыстарды орындайтын мердігер компания тендер қорытындысына сай маусым айының аяғында анықталмақ. Жеңімпаз деп танылған мердігер компания жөндеу жұмыстарын маусымның аяғында бастап тамыз айының аяғына дейін жүргізеді. Қайта құру жұмыстары барысында тұтынушыларға ыстық су беру қызметі тоқтатылады. 12 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысанға ыстық су берілмейді. Ал қаланың солтүстік-шығыс жағына жылу тасымалдағыш резервтік  сұлба  бойынша  беріледі.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ға пайдаланылған жылу энергиясы үшін дебиторлық берешек маусым айының бірі күнгі мәлімет бойынша 768,06 млн. теңгені құрады. Соның ішінде бюджеттік кәсіпорындардың бережағы 68,69 млн. теңге, өнеркәсіптік және басқа кәсіпорындардың қарызы 50,57 млн. теңге болса, тұрғындардың бережағы 648,8 млн. теңге шамасында. Н. Абилованың айтуынша, биылғы өткен бес айдың ішінде сотқа 62,1 млн. теңге шамасындағы қарызды өндіруге 1 491 талап-арыз берілген. Сот шешімі бойынша 11,5 млн. теңге өндірілді. 87 борышкерге ел аумағынан шығуға шектеу қойылған, 136 борышкердің бережағы жалақысынан, зейнетақысынан ұстап қалу әдісімен өндірілуде. Сот шешімімен 35 борышкердің мүлігі, 18 борышкердің аутокөлігі, 6 борышкердің шоттары мен ақшалай қаржысы «тұтқындалып», 2 борышкер әкімшілік жазаға тартылған. Сот шешімі бойынша берешекті тиімді өндіру үшін 24,05 млн. теңгеге 510 іс бойынша атқару парақтары жеке сот орындаушыларына жолданып, солардың ішінен  6,93 млн. теңгеге 176 іс орындалған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар