16.06.2015, 7:25
Қараулар: 24
Қай жағажай қауіпсіз?..

Қай жағажай қауіпсіз?..

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Марс Отаровтың айтуынша, биыл тек  мамыр айының өзінде 13 адам су құрбаны болса, соның 8-і балалар екен.


— Ажал айтып келмейді. Десек те, қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт уақытта адамдардың кенеттен ажал құшуы көбінесе олардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай алмауынан болады. Суға түсушілер үшін, әсіресе, мамыр айы қауіпті, өйткені бұл айда күн құбылмалы болғандықтан, су дұрыс жыли қоймайды. Салқын суға түскендердің қол-аяғы тартылып, денесі құрысып қалады да, судан шыға алмай қалады. Сондықтан суға күн әбден ысығаннан кейін түскен дұрыс, — деді бізбен кездесу барысында Марс Отаров.

— Биыл да жылдағыдай суға түсу маусымы басталысымен, қауіпсіздік шаралары үздіксіз жүргізілуде. Бірақ осыған қарамастан, өкінішке орай, суға батушылар қатары азаймай отыр. Суға кетудің алдын алуда үгіт-насихат жұмысының маңызы зор десек, бұл бағытта біз бірқатар ауқымды шаруа атқардық. Мысалы, адамдар көп шоғырланатын жерлерде су қауіпсіздігін сақтау жөніндегі бейнероликтер көрсетіліп, көп қабатты үйлердің кіреберістеріне төтенше жағдайдан қашан да сақ болу керектігі туралы қағаздар жапсырылуда. Қазіргі таңда қала бойынша «Суға түсуге болмайды!» деген белгілер 19 жерде бар. Коммуналдық қызмет ақысы үшін пайдаланылатын түбіртек қағаздарын пайдаланып, өрт пен судың қауіптілігі және одан қалай сақтануға болатыны жөніндегі ақпараттың әр үйге жеткізілуін  қамтамасыз еттік. Сондай-ақ баннерлер мен сақтыққа шақырған плакаттарды үлестіру ісіне біздің қызметкерлерімізбен бірге студент жастар да белсенді қатысуда. Бұдан басқа білім басқармасымен бірігіп, барлық мектеп оқушыларына судың қаупі және оның алдын алу жөнінде дәрістер оқылды, лагерьлерде балаларды жүзуге үйрету жұмысы қолға алынды. Бұйырса, осы айдың 16-сында «Атамекен» демалыс лагеріне біздің бөлімнің қызметкерлері барып, қауіпсіздік шараларын балаларға ойын түрінде көрсетеді, оларды суға жүзуге үйретеді. Осындай ойын түріндегі сабақтарды биыл 20 шақты балалар лагерінде өткізу жоспарланып отыр. Ереже бойынша, суға түсуге рұқсат етілген  өзен-көлдің асты алдын ала күл-қоқыстан тазартылуы тиіс. Қазіргі таңда 7 лагерьден су астын тазалауға өтініш келіп түсті. Балалардың аталмыш су айдындарына шомылуы үшін СЭС қызметкерлері бұл жерді тексеруі тиіс. Су айдыны талапқа сай болған жағдайда ғана оған шомылуға рұқсат береді. Бұдан басқа БАҚ арқылы тұрғындар арасына суға кету қаупінің алдын алу жөнінде ақпарат тараттық. Су құрбандарының санын азайту немесе мүлдем болдырмау үшін білім басқармасымен бірігіп, жаңа жоба дайындау үстіндеміз. Бұл жоба бойынша еліміздегі барлық балабақшаларда жүзу бассейні болуы керек. Жаңадан салынып жатқан балабақша құрылыстарына СНиП бойынша бассейн орны талап етілсе және осы бассейндерден бүлдіршіндер жүзуге үйреніп шықса, онда суға кеткен балалар саны азаяр еді немесе мүлдем болмас еді деп ойлаймын. Сондай-ақ кәдімгі үй домофоны арқылы да судан, өрттен сақтану шараларын хабарлауды жоспарлап отырмыз, — деген Марс Отаров енді жағажай қауіпсіздігіне тоқталды. Оның сөзінше, суға түсушілер үшін Шаған өзенінің қауіптілігі (35 пайызы) тым жоғары. Одан кейін Жайық өзені (28 пайыз), Деркөл мен Желаев ауылындағы карьерде суға кетушілердің 12 пайызы тіркеліпті. Суға кету жағдаятын талдау қорытындысы бойынша, соңғы 12 жыл ішінде 16-26 жас аралығындағы жастар жиі тіркелген екен. Жастардан кейін жұмыссыз жүрген адамдардың суға кетуі жиі. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылар да шаршағанын басу үшін суға түседі де, қайтып шыға алмай жатады. Нақты дерек көздеріне сүйенсек, суға кеткендердің ең көп пайызын (41 пайыз) қалалықтар құрайды. Аудандар арасында Зеленов пен Ақжайық, Теректі мен Бөрлі секілді өзен-көлге жақын орналасқан елді мекендердің құрбаны көп.

— Жалпы, қала бойынша қазіргі таңда он шақты жағажай бар, солардың арасында тек «Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы» МКК аумағында орналасқан «Шаған» жағажайындағы жағдай ғана су айдындарындағы  қауіпсіздік қағидаларына сәйкес келеді. Жеке адамның меншігіндегі бұл жағажайда демалушы адамға қажет нәрсенің бәрі бар. Ал қалған жағалауларда мұндай қызмет көрсетілмейді. Бірақ соған қарамастан, адамдар үйлеріне жақын жердегі жағалауларға барып, ыстықтарын басып, өз беттерінше көңілді демалыс ұйымдастырады. Жоғарыдағыдай оқыс оқиғалардың көбісі осындай кезде орын алып жатады. Мемлекеттің барлық су жағалауларын абаттандыруға мүмкіндігі жоқ, сондықтан жергілікті билік мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында су айдындарын жеке кәсіпкерлерге беруге ықыласты болып отыр. Өкінішке орай, әзірге су айдындарын жеке меншігіне алғысы келетін кәсіпкерлер табылмай тұр, — деген  төтеншелікке біз «Барлық жағдайы жасалған жағажайды тағы қай жерден жасақтауға болады», деген сауал тастадық. Марс Отаров бұл мәселені жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер ақылдаса отырып, шешетінін айтты. Осыған орай біз енді бұл сұрақты Орал қаласы  әкімінің орынбасары  Марс Сатыбалдиевке жолдадық.

Марс САТЫБАЛДИЕВ,

Орал қаласы әкімінің орынбасары:

— Қала маңындағы жағалауларды өз меншігіне алып, ел игілігіне қызмет еткісі келетін  кәсіпкерлер болса, біз оларды қолдауға дайынбыз. Ол үшін кәсіпкер қалалық әкімдікке өзінің жұмыс жобасын әкеліп, көрсетуі тиіс. Біз оның құжаттары мен жобаның әлеуетін қарап, көңілімізден шығып жатса, кәсіпкерге рұқсат қағазын береміз.

Ақтілек,

қала тұрғыны,  кәсіпкер:

— Мен бизнесімді «Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы» МКК аумағында бастадым. Осы жерде бірнеше дәмханам жұмыс істеп тұр, Құдайға шүкір, бұдан басқа да жеке кәсіптерім бар. Айтайын дегенім, егер әкімдіктің осы маңдағы жағажайды жекенің қолына беретіні рас болса, мен ол жерді сатып-ақ алар едім. Сөйтіп, халықтың алаңсыз демалуы үшін бұл жерге барлық жағдайды жасап, су айдынын халықтың тек жазда ғана емес, қыста да пайдалануына мүмкіндік берер едім.  Егер қалалық әкімдік маған осы жерді ақылы жағажай жасауға рұқсат берсе, онда мен осы қазір-ақ жұмысқа кірісуге дайынмын.

Данияр,

қала тұрғыны:

— Мен көптен бері осы Жеңіс алаңы маңындағы жағажайда демалушыларды катермен серуендетіп жүрмін. Жұмыс барысында байқағаным, Жайық өзенінің ағысы қатты дегенмен, жұрт күн ыси бастаса, осы жерге ағылады. Бұған себеп болып тұрған нәрсе, жағажай маңының заманауи абаттандырылуы деп ойлаймын. Көріп тұрсыз, жағалауда тойхана, дәмханалар да көп, бұл демалысты көңілді өткізуге мүмкіндік береді. Жеке өз басым осы жағалаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үлкен демалыс орнына айналдырса, жергілікті билік бұдан ұтылмайды деп ойлаймын. Бұл жағалау қазірдің өзінде мәдени демалысқа дайын тұр әрі келушілер үшін де көлік көп.

Тамара (немересі  Анямен бірге), қала тұрғыны:

— Біз, «Жөндеу зауыты», «Балабақша» ықшамауданының тұрғындары, күн қатты ысыған кездері «Металлист» зауыты тұсындағы жағажайға барып, бала-шағамызбен суға түсіп, жан сақтаймыз. Бұл жерде басқа жағалауларға қарағанда, кәдімгідей қауіпсіз. Сол себептен шығар, осыдан бірнеше жыл бұрын бір кәсіпкер осы жерді жалға алып, абаттандыру жұмысын бастаған болатын. Бірақ келесі жылы жағаға жасалған жұмыстың бәрін көктемде тасыған су шайып, еңбекті еш қылды. Содан кейін әлгі кәсіпкер көрінбей кетті. Шамасы, бұл жерден пайда таппайтынын түсінді-ау деймін. Сондықтан бұл жағалаудың үлкен демалыс орнына айналатынына өз басым сенбеймін. Өйткені бұл жағалауды қандай іскер кісі жеке меншігіне алса да, табиғи құбылыс оның жұмысын жүргізбейді.

Нариман

(балалары Кәмила және Әлижанмен бірге), қала тұрғыны:

— Біз  қала орталығында тұратын болғандықтан, «Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы» МКК аумағында орналасқан жағалауға жиі келеміз. Осы жерде бала-шағаммен бірге суға түсіп, көңілді демалуды дағдыма айналдырғанмын. Бұл жерде Жайықтағыдай ағын су жоқ, сондықтан онша қауіпті емес деп есептеймін. Сондықтан осы жағалауда ақылы болса да, сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілсе деймін. Мысалы, судан шыққанда, күн көзіне қыздырынатын арнайы жатындар (лежактар) болса. Сосын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушылар мен дәрігерлер жүрсе, қандай жақсы болар еді. Меніңше,  жағажайдың ағын суы бар Жайық жағасынан гөрі суы тыныш Шаған өзенінде, яғни осы жерде жасақталғаны дұрыс.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


P.S. Құтқарушылардың талдауы бойынша, әр 10 адамның 9-ы өз қателігінен суға кетіп жатады екен.  Ересек адамдар өз немқұрайлылығынан суға кетсе, балалар үлкендердің бейқамдығы мен жауапсыздығынан су құрбаны болады. Бізбен әңгіме барысында Марс Отаров өзен-көл маңында демалушылардың назарына мынандай қарапайым қауіпсіздік шараларын ұсынды:

Суға шомылған кезде есте сақтайтын ережелер

  1. Суға шомылу кезінде шектеу белгілерінен асуға;
  2. Рұқсат етілмеген және таныс емес жерлерде  суға  түсуге;
  3. Суға шомылып жүрген балаларды қараусыз қалдыруға;
  4. Суға түсу кезінде кәмірді (камераны), допты, тақтайды пайдалануға;
  5. Өтіп бара жатқан кемелер мен қайықтарға жақын жүзуге;
  6. Суға көпірден, бөгеттен, айлақтан, қайықтан секіруге;
  7. Тамақтанып алған соң бірден суға түсуге;
  8. Ішімдік ішкен күйде суға түсуге;
  9. Суда қимылды тежейтін ойындарды ойнауға;
  10. Жалған дабылдар беруге;
  11. Ағысқа қарсы жүзуге болмайды!

Су ішінде аяқ-қолыңыз тартылып қалса:

  1. Жүзу түрін өзгертіңіз, тез арада арқамен шалқалай жүзуге көшіңіз;
  2. Қолыңыздың саусақтары тартылып қалса, бірден күшпен жұдырығыңызды түйіңіз де, содан соң сырт жаққа қарай қолыңызды сілтеп, жұдырығыңызды ашыңыз;
  3. Балтыр бұлшық етінің сіңірі тартылған жағдайда, табаныңызды екі қолыңызбен ұстап, күшпен өзіңізге қарай тартыңыз;
  4. Жамбас бұлшық еті тартылғанда, аяқты жіліншіктен төмен сырт жағынан ұстап, тізеңізді бүгіп, қолыңызбен арқаға қарай тартыңыз және қандай да болсын үшкір заттың ұшын (түйреуіш, ине т.б.) денеңізге сұғып алыңыз, сонда тартылған бұлшық ет орнына түседі.

Тыныс жолдарына су кірсе:

Суды шығару үшін тез арада тоқтап, басты барынша жоғары көтеріп, қатты жөтелу керек және тезірек жағаға шығуға тырысыңыз!

Иірімге кез болсаңыз:

  1. Кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз;
  2. Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз;
  3. Иірімнен алыстаған соң, судың бетіне қайта шығып, жағаға қарай жүзіңіз.

Балдырға шырмалып қалсаңыз:

  1. Оқыс қимыл жасамаңыз;
  2. Арқаға жатып, ақырын, асықпай, келген бағытыңызға қарай жүзіп шығуға тырысыңыз;
  3. Егер балдырдан құтылу мүмкін болмаса, аяғыңызды көтеріп, өсімдікті қолыңызбен алып тастауға тырысыңыз.

Суға кеткен адамға алғашқы көмек

Суға батып бара жатқан адамды көре салысымен, «Адам батып бара жатыр!» деп айқайлап, айналаңыздағы адамдарды көмекке шақырыңыз. Суға батқан адамды құтқару кезіндегі  мына үш тәсіл қолданылады:

  1. Құтқарушы суға батушыны қолтығынан ұстап, шалқасынан жүзе отырып, сүйреп шығарады.
  2. Суға батушыны бір қолмен шашынан немесе жағасынан ұстап, басын су бетінде ұстауға тырысып, жағаға қарай жүзеді.
  3. Суға батушының артынан екі қолынан ұстап артқа қарай тартып, өзі сол қолын оның қолының астынан арқасына өткізіп, екінші қолын шынтағынан жоғары ұстап, бір қырымен жүзеді.

Зардап шегушіні тыныс алуы тоқтағаннан кейінгі 6 минуттан кешіктірмей өмірін құтқарып қалуға болады. Осы уақыт өтіп кетсе, адам басындағы ми талшықтарында қалпына келмейтін процестер басталады. Сондықтан суға кетіп бара жатқан адамға алғашқы 6 минутта көрсетілген көмектің маңызы зор.

  1. Зардап шегушінің басын жанына қисайтып, аузын топырақ пен тұнбадан тазартыңыз. Тыныс алу жолдары мен асқазанын судан босатыңыз. Осының барлығына 15 секундта үлгеру керек.
  2. Зардап шегушінің тыныс алуы мен тамыр соғысын анықтаңыз.
  3. Тамыр соғысы болмаса, «ауыздан-ауызға» тәсілімен жасанды дем беруге кірісіңіз.
  4. Басын неғұрлым артқа шалқайту үшін желкесіне домалақтап оралған киім салыңыз. Зардап шегушінің танауын қысып тұрып, құтқарушы оның аузына терең дем беріп, демді қатты тартып алады. Үрлеу жиілігі – минутына 12-15 рет.
  5. Жасанды дем берумен қатар, жүрек тұсынан массаж жасалады. Кеуденің жүрек тұсынан төмен жерге алақандарды айқастыра қойып, жиілігі минутына 70 рет басып отырады (4 рет басқанда, бір рет ауа үрленеді).

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар