17.11.2015, 14:34
Қараулар: 154
Ұлттық валютаны ұлықтар күн

Ұлттық валютаны ұлықтар күн

15 қараша – Ұлттық валюта теңге күні.

883cc37b258494b30eba4667a110cfcc0125a487_900


Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын дәл осы күні төл теңгеміз айналысқа түскен. Бұл күні мемлекеттіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қазақы дүниеміздің қатары қосылып қуанғанбыз. Содан бері бұл күннің мерейі үстем. Осындай айтулы мерекеде төл теңгеміздің тарихына көз жүгіртіп, жылжи өткен жиырма екі жылдағы жаңалықтарын түгелдей түгендей алмасақ та, там-тұмдап сыр шертіп, ақшамыздың айрықша артықшылықтарын, түр–түсін әңгімелеп, теңге әлеміне саяхаттап қайтқанымыз орынды шығар.

Теңге өз тарихында екі түрлі дизайнда болды. Бірінші 1993 жылы айналысқа енсе, екіншісі 2006 жылы жарыққа шықты. «Не нәрсе де алғашында ыстық көрінеді ғой, мүмкін көптен күткен төл дүниеміз болған соң да шығар, тұңғыш теңгенің түрі, қазіргі тілмен айтқанда дизайны кім-кімнің де жадында жақсы сақталғаны рас. Ұлттық бүкіл болмысы, нағыз нақышы, қазақы келбетін бейнелеген төл теңгенің жөні болек, әрине. Әбу-Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандарды арамызға қайта оралтқандай бол теңгелер тарихқа таңбаланған тамаша тарту десек те артық айтқандық болмас. Ал бүгінде теңгенің түр-түсі, келбеті өзгерді. Себебі, заман озды. Уақыт соны талап етті. Технология дамыды.

Негізінен алғашқы теңгені шығарған кезден-ақ дизайнерлер олардың 10-15 жыл қызмет ететінін тұспалдаған екен. Өйткені, банкноталардың сол кездегі «өмір сүру» заңдылығы осыны шамалады. Бірақ осы уақыт аралығында тек жаңа технологиялар, жаңа машиналар пайда болып қана қоймай, сонымен бірге банкнота әлемінің жаңа стандарттары қалыптасты. Тіпті, қазір жаңа дизайнның қолданылу мерзімі – төрт-бес жылға дейін қысқарған. Себебі, қолдан ақша жасаудың бірден – бір тосқауылы, оның құпия бейнелерін өзгертіп отыру болса керек-ті. Сөйтіп, заман ағымына сай теңгенің де дизайын ауыстыру қажеттігі туындады. Нәтижесінде жаңа банкноттар полиграфиялық және компьютерлік технологиялардың дамуы және Ұлттық Банктің жаңа қорғаныш, машинамен оқу элементтерін ендіру бойынша жоспарлы жұмысын жүзеге асырды. Қазақстан Ұлттық Банкі әлемдегі қандай көркемдік, технологиялық үрдістер басым, әлемдік валюталық сала қай бағытта қозғалыста деген ізденістердің легімен 2006 жылы айналымға жаңа дизайнды банкноттар дайындап шығарды. Мұндағы шаралар банкнотадағы адам бейнесінің болмауын және олардың қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздеді.

Әлемнің барлық банкноталары біріктіретін бір мақсат ол – ақшаның төлем құралдары қызметі. Сондықтан банкноталар барынша қорғалған болуы тиіс. Әрбір елдің өзіне тән ақшаны басып шығарудың өзіндік құны болады, ол экономикалық мүмкіндіктерден туындайтыны түсінікті.

 

Д.Шынтемірова,

Тасқала аудандық

қазынашылық басқармасының басшысы