6.01.2016, 19:17
Қараулар: 7
Ата-ана қадірін қаншалықты біліп жүрміз?

Ата-ана қадірін қаншалықты біліп жүрміз?

0102Ана — үш ақ әріптен тұратын қадірлі де, қасиетті сөз. Сіз бен бізді тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, мына жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, әлдилеп, аялап өсірген аяулы жан.


Адамның дүниеге келуі, өсіп-өнуі басқа тіршілік иелеріне қарағанда ерекше. Жануарлардың төлдері қысқа уақыт ішінде жетіліп, өзінің төл қызметін атқаруға бірден кірісіп кетеді. Ал, адамның ес біліп, етек жабуына, одан есейіп ақыл тоқтатуына бірнеше жыл қажет.
Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын кесіп-пішіп айту өте қиын. Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Алланың рақымына бөленуге себепкер деп білгендер — бұл дүние де, арғы дүние де бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар — өз келешегінің бақытын байлағандар. Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу — Хақ тағалаға қарсы келумен бірдей үлкен күнә.
Қазақ даналығында да, анаңды қырық рет меккеге арқалап апарсаң да борышыңнан құтылмайсын деуінің астарында үлкен мағына жатыр. Әрбір саналы адамға бұл сөздің ата-ана ақысы еш өтеусіз екенін айқын аңғартып тұр емес пе?
Ата-анаңызға алтыннан үй салып берсеңізде перзенттік міндетіңіз мойныңыздан түспек емес.Оған дәлел ардақты Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) заманында бір жас жігіт анасын меккеге арқалап апарса керек-ті. Көл жүріп, шөл жүріп әзер дегенде меккеге жетеді. Сол кезде әлгі жас жігіт Пайғамбарымыздың алдына келіп, мен анамды меккеге арқалап алып келдім, енді анамның алдындағы борышымнан құтыла алдымба деген де, ардақты Пайғамбарымыз (С. Ғ. С.) сен анаңнын бір түнінің толғағын ғана өтей алдын деген екен.
Ана бізді құрсағында көтерген де, бір емес, бірнеше рет толғақ келетіні аныққой. Адамнан адам шығу оңай емес. Оны тек аналар ғана сезіне алады. Үлкен бейнетпен бізге жарық дүние сыйлаған аяулы аналарымызға есейіп-ержетіп, өсіп-өнген соң қарсы сөз айтуымыздың өзі перзент деген атымыздың құрығаны емес пе?
Перзентінің табанына кірген тікенді менің маңдайыма кірсін деп те, тілейтін ата-ана ғой. Қашанда ұл-қызының тілеуін-тілеп, бір Алладан амандығын сұрап отыратында ата-ана. Ата-анадан артық бізге кім қамқорлық көрсетіп, мейірімін төкпек.
Әр-бір ата-ана үшін біз бір тал шыбық іспеттіміз. Үйіміздің алдына бір алма ағашын ексек, оның тез арада өсіп, жеміс беруін қалаймыз. Алайда оның жеміс беруі үшін біраз уақыт күтуге тура келеді. Міне, әр ата-ана үшінде перзенті сол алма ағашы секілді. Қашан өсіп, жеміс береді екен деп, тағатсызданумен таңын атырады.
Бірақ, қазіргі таңда ата-ана қадірін білмей оларды асырауды ауырсынып, қарттар үйіне апарып тастап жатқан жетесіздерді көргенде, еріксіз жүрегіңіз сыздайды. Ата-ана сонда бізді есейген соң қарттар үйіне апарсын деп, ержеткізедіме?
Ата-анаңа не істесен алдыңа сол келеді демекші,біздің де ертеңгі күні ата-ана болғанда Алла тағала ата-анамызға не істеген болсақ, соны өз алдымызға алып келері ақиқат. Ата-ана разылығы Алланың разылығы, ата-ана ашуы Алланың қаһары деп, бекер айтылмаса керек-ті. Жәннәтқа кіргілерін келсе аналарыңды сыйлап, оларға құрмет көрсетіп, қайсібірі қолдарында қартайса түһ демеңдер деген, Алланың бұйрығы тұр құранда.
Сіз бен біздің болашағымыздың баянды болуы ата-анаға тікелей қатысты. Өйткені ананың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деген. Ата-анамыздың ақ баталарын ала білсек жолымыз оң болар, ал қарғыстарына қалсақ төбемізден қара бұлт кетпей, қайғы-мұңға душар болып ғұмыр кешеріміз ақиқат.
Қорыта айтарым. Қолда бар алтынның қадірін біліп, аялап, ардақтайық. Ата-ана разылығын алалмай қапыда қалмайық, ағайын!

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар