25.01.2016, 18:28
Қараулар: 387
Мерейлі мәуліт мерекесі

Мерейлі мәуліт мерекесі

2-42016

Бейсенбі күні аудандық мешіттің ұйымдастыруымен және ішкі саясат басқармасының қолдауымен мәдени-демалыс орталығында «Адамзаттың абзалы» атты рухани мәуліт кеші өтті.


Аталмыш мерекеге аудандық мешіттің бас имамы А.Ибрашев, облыстық мешіттің наиб имамы М.Оспанов, Зеленов аудандық мешітінің бас имамы Ә. Бейсенғалиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Өтеген, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Жұбанышев, еңбек ардагерлері, мекеме, ұжым басшылары, ақпараттық түсіндіру тобының жетекшілері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Алдымен сахна төріне аудандық мешіттің бас имамы Айдын Бақытұлы шығып, барша қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар игілікті іс-шараларға атсалысып жүрген ауданымыздың бірқатар кәсіпкерлері мен ішкі саясат бөлімінің басшысына алғыс хаттар тапсырды.
Одан әрі көршілес Зеленов аудандық мешітінің бас имамы Әзілхан Бейсенғалиев сахна төріне көтеріліп, әсем дауысымен әуезді құран оқып, дұға жасады.
Шара барысында сөз алған Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар Бисенбайұлы мен облыстық мешіттің наиб имамы Марат Оспанов жиналғандарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертті.
Әрі қарай жиылған жұртқа ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы беинеролик көрсетіліп, мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері «Шын достық» тақырыбында қойлым қойып, көрермендерге рухани азық берсе, жез таңдай әншілеріміз діни әндер орындап, халықтың қошеметіне бөленді.
Мереке соңында ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Серікбайқызы «Дәстүрлі дін негіздерін насихаттау арқылы жалған діни ағымдарға жол бермеу» атты онкүндікте «Елім үшін не істей аламын?!» тақырыбында мектеп оқушылары арасында өткен шығармалар байқауының бір топ жеңімпаздарына алғыс хаттар тапсырды.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ