29.01.2016, 9:05
Қараулар: 6
Өткенге есеп беріп, жаңа міндеттер жоспарланды

Өткенге есеп беріп, жаңа міндеттер жоспарланды

2-5-2016

Жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің  «жергілікті атқарушы органдардың басшылары және барлық деңгейдегі әкімдердің  халықпен есептік кездесу  өткізу туралы»  Жарлығына сәйкес ауданымыздың  барлық округтерінде есептік жиындары өтті.


Халық алдындағы есеп беру жиынын алғаш болып Тасқала ауылдық округінің әкімі С.Өтемісова бастады.
Ол өз есебінде жыл бойы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Светлана Есқабылқызының айтуынша, 2015 жылы заңды тұлғалардан 14, жеке тұлғалардан 202 арыз-өтініштер түсіп, ол Заңға сәйкес қаралып, жауаптар қайтарылған болса, 7 азамат округ әкімінің қабылдауында болған.
Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша былтырғы жылы атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысын алушылардың саны азайған. Дәлірек айтар болсақ, 2014 жылы әлеуметтік көмекті 48 отбасы алып келген болса, 2015 жылы ол 14 адамға кеміген. Елді мекендерді абаттандыру бағытында да ауданда біркелкі жұмыстар жүргізілген. Өткен жылы 27 сенбілік, 5 санитарлық тазалау және абаттандыру акциялары ұйымдастырылып, нәтижесінде 950 тонна көң-қоқыс шығарылған. Құқық қорғау саласына келер болсақ, округ бойынша 119 қылмыс тіркеліп, оның 98-і ашылған. Ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп ауыл тұрғындарымен әртүрлі тәрбиелік бағытта, салауатты өмір салтын насихаттауда түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылған.
«Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша иесіз көң-қоқыстар шығарылып, ескерткіштер ағымды жөндеуден өткізілген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша да біркелкі жұмыс жасалып, ол өз нәтижесін берді дейді округ әкімі өз сөзінде. Мысалы көң-қоқыс жәшіктері әзірленіп, оларды орналастыратын бес алаң жасақталған. Бұл — ауыл тазалығын одан әрі көркейтуге өз үлесін қосатыны белгілі.
Ауылдық округ бойынша 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 67 шаруа қожалығы тіркелген. Сондай-ақ, Ахметқалиев, Шевченко, Б.Саттарханов көшелеріне ауыз су тартылып, бірнеше көшелерге опока тастары төселген.
Бірақ округ бойынша алда атқаратын ауқымды жұмыстардың жоспарда тұрғанын да білдік. Ол- татар зиратының сыртын қоршау, Құрманғалиев көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төсеу, көше жолдарын қалыпқа келтіру тағы басқалары.
Округ әкімінің есебінен кейін тұрғындар аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды слайд арқылы тамашалады. Одан әрі аудан басшысы Санжар Жұматайұлы сөз алып, аудан тазалығына баса назар аудару қажеттігін баса айтты. Қанша жерден қоқыс жәшіктері қойылғанымен, оған немқұрайлы қарап, тазалық сақтамайтын тұрғындарға енді шара алынатынын да жасырмады және оны ішкі істер бөліміне тапсырды. Сонымен қатар, аудан басшысы көптен бері шешімі табылмай келе жатқан Орал-Саратов күре жолы жұмысының басталғанын, жолдың жөндеу жұмыстары біткен жағдайда қала мен екі ортаға қатынайтын шағын автобустардың жүретінін де тілге тиек етті. Аудандағы тағы бір мәселе малдары қараусыз жүретін тұрғындарға енді талаптың күшейетінін айтқан аудан басшысы Санжар Жұматайұлы биылдан бастап қараусыз жүрген малдарға арналған айыппұл тұрағы салынатынын жеткізді.
Одан әрі тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдары мен ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, ауыз су тарту мен жер мәселелері, сонымен қоса, жарықтың жиі сөнетіні, мал су ішетін бөгеттің қажет екені жиында ашық айтылды.
Одан әрі жарыссөзге қатысқандар ауылдық округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді.

Достық6-5-2016
Екінші күні есептік кездесу Достық ауылында жалғасын тапты. Ауылда атқарылған біраз жұмыстарды округ әкімі Б.Жұмабаев жіпке тізгендей баяндап берді. Біздің бір байқағанымыз өткен жылы аудан әкімінің жеке малдарды асылдандыру мәселесі бойынша берген тапсырмасына орай, ауылда түсінік жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде “Алихон“ АТК-сы ашылған. Бүгінде аталмыш кооперативке 120 бас аналық мал кіргізіліп, оған 4 асылтұқымды бұқа сатылып алынып, жұмыстану үстінде. Аудан бойынша құрылған 9 кооператив болса, соның ішіндегі ең ірісі осы Достық ауылында. Сонымен қатар, округ әкімінің есебінен ауылда мал басының өскенін аңғардық. Десекте жиын барысында өз ойларын білдірген тұрғындар ауылдағы кейбір мәселелерді атап өтті. Ол әрине, жарықтың жиі сөнуі мен ауылға мал дәрігерінің жетіспейтіні, аудан орталығына медициналық байқаудан өту үшін бітпейтін ұзын-сонар кезек пен малдың су ішетін бөгеттерін жөндеу, көшенің жарықтандырылуы есептік жиында әңгімеге арқау болды. Әрине, ауыл болған соң ұсақ-түйек мәселелердің болатыны белгілі. Бірақ, соған көз жұма қарамай дер кезіне шешіп отырса, ол да өз нәтижесін беретіні анық. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Санжар Жұматайұлы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды соның ішінде, көптен шешімі табылмай жүрген Ынтымақ ауылы мен Достық ауылының “Южный“ жағына көгілдір отынның өткенін атап өтті. Әр тұрғынның сұрағына нақты мысалдар келтіре жауап берген аудан басшысы болашақта су бағасының да көтерілетінін жеткізді.

 

Мерей7-5-2016

Түс ауа осындай жиын Мерей ауылында жалғасын тапты. Бір айта кетерлігі, мерейліктер ауылда ұйымдастырылған кез-келген шараға ұйымшылдықпен қатысады. Бұл жолы да олар соны дәлелдеді. Есепті кездесуге халық өте көп жиналды.Алғаш болып сөз алған ауыл әкімі Қ.Тәшімов жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша өз есебін берді. Қой жылы елеулі даталарға толы жыл болды. Ол Қасымханның қасқа жолы мен Есімханның ескі жолынан бастау алса, өткен жылдан бастап Нұрсұлтанның «Нұрлы жолымен» жалғасын тапты деді өз баяндамасында Қазихан Уалиханұлы.

Ия, өткен жылы мерейліктер ауыл болып бірнеше істерге қолұшын берген болатын. Уақытылы ұйымдастырылған сенбіліктерге біркісідей қатысып, ауылдың тазалығына өз үлестерін қосты. Сол себептен де болар аудан бойынша ең таза округтің бірі, осы Мерей ауылы. Мұнда малды қолдан ұрықтандыру жұмысы да жақсы жолға қойылған. Оны мал басының өсімінен де анық байқауға болады. Сонымен қатар, ауылды абаттандыру мақсатында «Гүлден» шаруа қожалығының басшысы А.Көшалиев Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, жол бойына 550 көшет отырғызуға атсалысса, жеке кәсіпкер А.Ахменкеев өз қаражатына ауыл жастарына арнап стадион салуды қолға алған. Бұл басқа округтерге үлгі боларлық жағдай. Баяндама соңында округ әкімі алда атқарылатын жұмыстарды да атап өтті.

Тек мерейліктерді қатты ойландыратыны мал суаратын бөгеттердің жағдайы мен ауылдағы балабақшаның жөндеу жұмыстары. Сондай-ақ, ауылға “Ақбұлақ” бағдарламасы арқылы су тарту, қала берді тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыруға жоғарғы жақтан көмек болса деген ұсыныстарын да жасырмады.
Жоғарыда көтерілген сұрақтарға аудан әкімі нақты жауаптар қайтарды. Санжар Жұматайұлы өз сөзінде тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру мен дағдарысқа байланысты «Ақбұлақ» бағдарламасының жуық арада іске қосылмайтынын айтты. Сол себепті ауыл тұрғындарына жоғарыда аталған жұмыстарды мемлекеттік жеке әріптестік арқылы іске асыруға болатынын ескертті. Жиын барысында аудан басшысы ауыл полициясының жұмысы көңіл қанағаттандырмайтынын, тұрғындармен дер кезінде алдын алу іс-шараларының уақытылы ұйымдастырылмайтынын тілге тиек ете келіп, ішкі істер бөлімінің басшысына осы жұмыстарды қолға алу керектігін тапсырды.
Жарыссөзге қатысқан тұрғындар ауыл әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берді.
Аталмыш округтерде өткен барлық есепті жиындарға аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов пен мекеме- ұйымдардың басшылары, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының жетекшісі М.Мырзаш қатысты.

Н.Жәрдемова

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар