29.01.2016, 9:23
Қараулар: 24
Ауыз су тартылып, ардагерлерге ескерткіш салынды

Ауыз су тартылып, ардагерлерге ескерткіш салынды

3-5-2016

Өткен аптаның соңында ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері Атамекен, Амангелді ауылдарында жалғасын тапты. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева, аудандық мәслихат хатшысы Сансызбай Рахимов қатысты.


Түске дейін Атамекен ауылында өткен есептік кездесуде Қазақстан ауылдық округінің әкімі Әлібек Ташимов бір жыл бойына жасалған жұмыстары турасында баяндама жасады. Жоспарлы жұмыстардан бөлек, ауыл-елді абаттандыру мәселесі де дұрыс жолға қойылыпты.
– Ауыл аймақтарын тазарту мен көркейту, жасыл желектер отырғызу, гүлзарлар егумен оларға күтім жасау, жүргізіледі. Сонымен қатар, биылғы жылы бой көтерген саябағымызға көшеттер отырғызылып, оған «Нұр Отан» партиясы мүшелері, ауыл жастары және ардагер ұстаз Райса Мутиғоллақызы ауылымыздың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өз үлестерін қосты, өкінішке орай судың болмауына байланысты көшеттеріміздің біразы бой көтере алмады. Осы жұмысты жандандыруды әкім аппаратының жетекші маманы М.Зайдулинге, Н.Назароваға тапсырамын. Жерлесіміз Алмаз Мальтиев көшеттер сатып алуға демеушілік көрсетем деп уәде берді, — деді Әлібек Қазиханұлы бір сөзінде. Бұл шаруа ауылға сән берері сөзсіз.
Сонымен қатар, бұл ауылдық округте басқалай да, көптеген шаруалар тындырылған екен. Қалмақшабын, Молочная бөгеттері жөнделіп, аспалы көпір жөндеуден өтіпті. Әсіресе, Ивонаево нүктесінен Алмалы ауылына дейін ауыз су өткізуге 7423,8 мың теңге қаражат бөлініп қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуы айта кетуге тұрарлық. Ұзындығы 9 шықырым су құбырын жүргізуге «Лайге» ЖШС басшысы Н.Жұмашев, «Алия сервис» ЖШС басшысы А.Марданов, «Заман Энерго» бұрғылау компаниясының басшылығы және Бауыржан Құрманиязов, С.Орынғалиев, Е.Жанқабаев, А.Мальтиев сынды азаматтардың көмегі тиіпті.
Биылғы жылы да саябақты абаттандыру, «Таза су» қондырғысын өз күштерімен жөндеу, Қалмақшабын ауылындағы қой шомылдыру алаңын қоршау сынды көптеген жұмыс жоспарлап отыр екен.
Ізінше сөз алған Люция Әсетқызы да ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың сүбелілеріне тоқталып өтті. Күллі әлемнің қабырғасына батып отырған дағдарыс тұсында төзімділік таныту жөн екенін тілге тиек еткен аудан әкімінің орынбасары елді тыныштық пен сабырға шақырды.
Жиын соңында ауыл тұрғындары атқамінерлерге көкейдегі сұрақтарын қойды. Әсіресе, жастар жағы ұялы байланыс пен интернет желісі тезірек орнаса, деген тілектерін білдірді. Бұл жұмыс болашақта жолға қойылатынын айтты ауыл әкімі.
Амангелді ауылдық округінің әкімі Қазбек Жұмагереевтің ауыл жұртымен кездесуіне де жұрт біраз жиналыпты. Бұл округте де біраз жұмыстар атқарылған көрінеді. Айта кетер болсақ, Жеңістің 70 жылдығына орай «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасымен «Тушкеев Е.Б.» 925,0 мың теңгеге ЖК-і «Даңқ» аллеясының ішінен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатыпты. Сондай-ақ, ақсақалдар алқасының төрағасы К.Бекмулдиннің басшылығымен және облыстық мәслихат депутаты А.Мерғалиевтің демеушілігімен «Өшпес ерлікке тағзым» атты ескерткіш маңына 25 метр жаяу жол (тротуар) төселіп, қазан айында ескерткіш айналасына 30 түп аққайың және т.б. көшеттер отырғызылған. Б.Мажитов басшылық етіп отырған ШЖӨБ-нің демеушілігімен ескерткішке жарықтандыру шамдары орнатылыпты. Ағымдағы жылға да, I Шежін өзенінен өтетін көпірді, ауылдық округ аумағына қатысты бөгеттерді жөндеу, т.б. секілді жоспарлар қойыпты.
Халықпен кездесу барысында Люция Әсетқызы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, өзі де осы ауылдың түлегі ретінде амангелділіктерге ауылды абаттандыру турасында өз ұсынысын айтты. Ауыл тұрғындары да келген қонақтар мен округ әкіміне сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.

Рауан Сатыбалдиев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар