29.01.2016, 9:26
Қараулар: 56
Ауылды ақпен қамтымақ

Ауылды ақпен қамтымақ

4-5-2016

Кез келген ел экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі елімізде айрықша орынға қойылып, оған көңіл бөлінуде. Соның арқасында кәсіпкерлікке бетбұрыс жасап, жеке кәсібін ашып отырғандардың қатары жыл санап артуда. Солардың қатарында – Жомарт Магутов та бар.


Тасқала ауылының тұрғыны Жомарт Ілиясұлы 1964 жылдың 18 жұлдызында осы жерде дүниеге келген. 1971-81 жылдары Камен орта мектебінде оқып, одан кейін аудандық кәсіби ауылшаруашылық техникалық училищесіне оқуға түсіп, оны көп салалы тракторист мамандығы бойынша тамамдайды. Еңбек жолын 1982-85 жылдары автобазада жүргізуші болып бастаған. Одан әрі қарай екі жылдай сельхозхимияда жүргізуші қызметін атқарған. Содан соң 2001 жылға дейін бірнеше жерде бақташы болып жұмыс жасаған. Ал 2001 жылдан осы күнге дейін жаз айларында ауыл тұрғындарының қойларын бағып, өзін-өзі жұмыспен қамтып келеді. Сонымен қатар ол осы жұмысқа бір жұмысшыны тартып, оған ай сайын 65 мың теңге төлеп келеді.
Өткен жылдың шілде айында іскер азамат 2 млн. 800 мың теңге шағын несие алып, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абайдың осы сөзін Жомарт аға жете түсіндім дейді. Бұл қаражатқа тоғыз сиыр, 1 бұқа және сиыр сауатын құрылғы сатып алған.
— Қазіргі таңда сүтті – 100-130 теңгеден үйден сатып жатырмыз. Сонымен қоса, сүттен өндірілетін қаймақ, май, айран, ірімшік және құртты жасап сатуды қолға алдық. Бұл тірлікті іске асыруда жолдасым Бақыттың еңбегі орасан зор. Себебі осының барлығын өз қолымен жасайды. Жоқ дегенде бір сиырды сегіз ай бойына сауып, әр мал басынан – 9-10 литр сүт алуды көздеп отырмын. Сатылған сүт өнімдерінен түскен ақшаға мал азығын сатып алмақшымын, — дейді Жомарт Ілиясұлы. Жолдасы екеуінің кәсіпкерлікке етене кіріскен тәуекелі өзгелерге үлгі боларлық.
— Қазіргі таңда кәсіпкер боламын дейтіндерге еш қиындық туындамайды. Себебі мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше жағдай жасап отыр. Сол мүмкіндіктерді мен де орынды пайдалынып, жеке кәсібімді аштым. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтуды көздеп отырмын, — дейді жеке кәсіпкер.
Ендеше кәсіпкерге сәттілік тілеп, бастаған ісі өрге жүзіп, дами берсін демекшіміз.

М.ӘЖІҒАЛИЕВ