5.02.2016, 8:26
Қараулар: 14
Шежін мектебі күрделі жөндеуден өтпек

Шежін мектебі күрделі жөндеуден өтпек

3-6-2016

Өткен аптаның басында ауылдық округ әкімдерінің ел алдында есеп беру кездесулері Мереке мен Шежін ауылдарында өтті. Бұл кездесулерге аудан әкімі Санжар Әлиев қатысты.


 

Алдымен Мереке ауылында өткен жиында округ әкімі Бауыржан Айтмағамбетов бір жыл бойына атқарылған шаруаларға тоқталып өтті. Айта кетер болсақ, шалғайда орналасқан Мереке ауылдық округінде күні бүгінге дейін ұялы байланыс пен ғаламтор желісі дұрыс жолға қойылмаған. Осы орайда ауылдық округ әкімі жұмыстанып жатқандықтарын және таяу бір жылдың ішінде бұл жұмысқа жауапты мекемелер қолға алуы тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар жүргізілгеніне жетпіс жылдан асқан электр желілерінің жаңартылмауынан жиі жарықсыз қалу мәселесі жұртшылықтың жанына батып келе жатқалы көп болыпты. Алайда, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компания» АҚ аудандық филиалының бастығы Қ.Машановқа хат жолданып, Қалмақ ауылына жаңа трансформатор орнатылып, Бубенец қыстағындағы электр желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бір айта кететіні, округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауыл көшелеріне 40 шам орнатылыпты.
Ауылдық округ әкімінен соң сөз алған аудан әкімі есепті жылда атқарылған жұмыстарының сүбелілеріне тоқталып, ауыл тұрғындарын көптен мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді. Әсіресе, сарып ауруынан жойылған малдың ақшасын кері қайыру мәселесі жуық арада шешімін таппақ екен. Сонымен қатар жерді жалға алып, жұмыстанбай отырған шаруашылықтардың иелігіндегі жер телімдерін үкіметке қайыру бағытындағы жұмыстар өзінің қатаң бақылауында екендігін жеткізді. Ауыл ақсақалдары атынан Е.Қойшығұлов мінбеге көтеріліп, электр жарығының жиі сөнетіндігін тілге тиек етті. Жауапты мамандар бұл келеңсіздікті келер жаздан бастап болдырмауға тырысатындықтарын жеткізді.
Шежін ауылдық округінде де біраз шаруа атқарылыпты. Айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен ауыл саябағы қоршалып, округ аумағындағы аралық жолдарды тегістеу жұмыстары жолға қойылыпты. Сонымен қатар Н.Жұмашев, А.Гиметдинов пен Б.Мажитов сынды мәрт жандардың көмегімен ауылдың 25 тұрғынына ауыз су жүргізіліпті.
– Сондай-ақ, Шежін ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-сін жалдап тұрған жеке кәсіпкерлерден түскен қаражатқа ауылдық мәдениет үйінің «Гүлдәурен» бишілер тобына 8 қазақ ұлттық костюм, ауылымызға ГАЗ-53 авто көлігі және жастарды спортқа баулу мақсатында спорт тауарлары сатып алынды, — деді округ әкімі Талғат Шакиров өз сөзінде.
Бұл жиында Санжар Жұматайұлы ауыл тұрғындарына қос бірдей жағымды жаңалық жеткізді. Ең басты және өзекті мәселе, ол мектепті күрделі жөндеуден өткізу болатын. Биыл осы мәселе оң шешімін тауып, 137 млн. ақша бөлінетін болды. Бүгінгі күні 100 млн. ақша бөлінді, сол қаражатқа жұмыстар басталады. Ақпан-наурыз айларында мемлекеттік сатып алуға қатысып, мердігерді анықтайтын боламыз, сосын жөндеу жұмыстары басталады. Қалған 37 млн. қаражатты жұмыстар аяқталғанша бөлетін боламыз.
Екінші ол су өткізу мәселесі, ол да бүгінгі күні шешіліп отыр. Қазір біз Талғат Асқарұлы сұраған 3 млн. қаражаттың тек 2,5 млн. беріп отырмыз, бірақ, үнемделген қаражат болып жатса, қалған ақшаны да бөлуге тырысамыз, — деді аудан әкімі.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалы Төлеген Ұзақбаев атқарылған жұмыстарға ауыл тұрғындарының алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.

Рауан Сатыбалдиев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар