5.02.2016, 8:29
Қараулар: 9
Ұялы байланыс орнаса екен

Ұялы байланыс орнаса екен

4-6-2016

Аудан орталығынан  шалғай жатқан Оян ауылында да есептік жиын жоғарғы деңгейде өтті. 


 

Алдымен сөз алған ауылдық округ әкімі Гүлжан Мұхамбетқалиева жыл бойы атқарылған істерді тілге тиек етті. Округте 34 шаруа қожалығы, бір ауылшаруашылық өндірістік кооперативі және үш жеке кәсіпкер тіркелген. Ауыл әкімі Гүлжан Болатқызының баяндамасынан ауылда мал басының артқанын аңғардық. Соңғы кезде ауыл тұрғындары мал өсіруді мықтап қолға алған. Сол себептен де болар округте атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасылар тіркелмеген. Осыған қарап-ақ, Оянда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанына көзіміз жетті. Одан әрі аудан әкімі Санжар Әлиев аудан бойынша атқарылған игі істерді саралап өтті. Соның ішінде былтырғы жылы Қазақстан ауылдық округі мен аудан орталығындағы бірнеше көшелерге «Ақбұлақ» бағдарламасын күтпестен су өткізілгенін, былтырғы жылы өзінің тапсырмасына орай, әр округте ауылдық тұтыну кооперативінің құрылғанын айта келіп, ояндықтарды да осы істі қолға алуға шақырды.
Әрине, ел болған соң кейбір күрмеуі шешілмей жүрген мәселелерде болатыны белгілі. Оны біз жарыссөзге қатысқан ауыл тұрғындарының сөзінен байқадық. Ояндықтар ауыл әкімінің жұмысына дән риза екендіктерін де жасырмады. Тек оларды интернет пен ұялы телефон байланысының осы күнге дейін дұрыс жолға қойылмайтыны қынжылтады. Әсіресе, “Қазақтелеком” АҚ-ның жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі өзі тікелей жұмыстанатынын жеткізді. Сонымен қатар ауылдың шығыс бетіндегі аз ғана үйге көгілдір отын тарту жөніндегі ауыл тұрғындарының сұранысына аудан басшысы оған бюджеттен қаражат қарастырылмағанын, бірақ бұл жұмысты мемлекеттік жеке кәсіпкерлік арқылы бірлесе шешудің жолдары барын айтты.
Жиыннан соң аудан басшысы Санжар Жұматайұлы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, жауаптарын берді.
Түсқайта жиын Ақтау ауылдық округінде жалғасын тапты. Мәдениет үйіне жиналған халық алдымен аудан әкімінің жыл бойғы атқарған жұмысын бейнефильм арқылы тамашалап, артынан ауылдық округ әкімі О.Насимуллиннің есебін тыңдады. Ауылда “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша біркелкі жұмыстар атқарылған. Балаларға арналған ойын алаңдары салынып, ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кәсіпкерлік бағытында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі С.Бисенғалиева несие алып, бүгінгі таңда тұрмыстық-техникалық құралдар жөндейтін шағын цех ашып отыр.
Есепті баяндамадан соң аудан әкімі Санжар Әлиев аудан бойынша біркелкі жұмыстар атқарылғанын айтып өтті. Екі жылдан бері Ақтау мәдениет үйінің салқындығын сынға алған аудан басшысы округ әкімі мен тиісті мамандарға мәдениет үйінің жылыту құбырын қайта қарап, жұмыстануды қатаң тапсырды.
Округ әкімінің есебінен соң жарыссөзге қатысқан ауыл тұрғыны Д.Дүйсенғалиев ақсақал ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, ұрпақ тәрбиелеу мен салт-дәстүрімізді одан әрі насихаттауды, қала берді ысырапшылдыққа жол бермеуге дағдылану керектігін, сонымен қатар қайда барсаң да бітпейтін ұзын-сонар кезекті бір қалыпқа салу жөнінде тілге тиек етсе, ауыл ақсақалы С.Темірбеков Ақтау ауылына пошта қызметкерінің қажет екенін жасырмады.
Жиын соңында тұрғындар ауыл әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар