5.02.2016, 8:31
Қараулар: 14
Бүгінгінің баласы қалай тәрбиеленуде?!

Бүгінгінің баласы қалай тәрбиеленуде?!

imgpreviewШындығында осы сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрдік пе? Әй қайдам, кейбіреуіміздің оған бас қатырғымыз да келмейді-ау. Бірақ кез-келген ата-ана ұрпақ тәрбиесінің күн тәртібінен түспейтінін жете түсінсе, нұр үстіне нұр болар еді.


 

Әдетте тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады деп жатамыз.Сол арқылы біз бесік жырын сәбидің құлағына сіңіре отырып, оны дұрыс тәрбиеге баулимыз. Ал осы жерде әкелердің рөлі қандай? Ия, ұрпақ тәрбиесіндегі, әсіресе ер баланы тәрбиелеудегі әкенің де өзіндік орны бар екенін естен шығармаған дұрыс. Қазақта бір әкенің беретін тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды деген сөз бар, бұл бекер айтылмаса керек. Өткенге көз жүгіртсек, кезінде ата-бабаларымыз көшіп қонып өмір сүрсе де, ұл-қызының тәрбиесіне бей-жай қарамаған. Ұлы ержете бастаған сәтте ат жалын тартуды үйретсе, қызы бой жете бастағаннан-ақ үй жұмысына баулыған. Оларды көзден таса қылмай үнемі қадағалауда ұстап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйреткен. Ал қазір ше? Ауызы балағат сөзден босамайтын, көше кезіп, сабаққа қарамайтын, тіпті үлкендерді сыйламайтын жастарды көргенде отбасындағы әке рөлінің төмендегені ме деген сұрақ жиі мазалайды. Кейде бұған заманды кінәлап жатамыз. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенменде, бабам қазақ бала тәрбиесіне бей-жай қарамағанын жақсы білеміз. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Халқымызда «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейіп, 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған, ондағы мақсат: көпті көрген көне көз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын, дарқан даламыздың бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманат екенін саналы түрде санасына сіңіріп отырған. Баласын өзімнің деп емес, елдің баласысың деп, тәрбиелеген. Ал қазір ше? Бесіктен белі шықпай жатып, қолдарына ұстайтыны ұялы телефон. Тіпті кейбір ата-аналар балаларының немен айналысып жүргендерін де білмейді. Бала көшеде кіммен, не ойнап жүр? Бейпіл ауыз, бейбастақ біреулерге үйір болып жүр ме? Онымен кейбір әкелердің ісі жоқ немесе көңіл бөлмейді. Ер жетіп қалған баланың әлдебір нашар топтармен аралаласып, жат қылықтарға бой ұрғаны белгілі болғанда ғана «аһ» ұрып жатамыз. Бұл кезде бәрі де кеш болады. Балаңыздың тәрбиесіне неге көңіл аудармайсыз деген сұраққа «қайдан білейін, баланың соңынан еріп жүре аламын ба, жұмыстан қол тимейді» деп, ақталып жатады. Себебі, біз баламен отырып әңгімелесуге уақыт таба алмаймыз. Жұмыстан қол тимейді деген бір ғана сылтау. Осыдан кейін тәрбиелі ұрпақ қайдан шығады. Оған кім кінәлі. Әрине, өзіміз. Неге менің балам басқалардан қалуы керек деген жаман ой, әбден басымызды шырмап алған. Қасындағы баланың жаңа бір нәрсе алғанын көрсе, екіншіміз содан асып кетуге тырысып жатамыз. Осылайша өзіміз баланы жаман әдетке дағдыландырамыз. Сөйтіп бала бойында өркөкіректік пен менмендіктің пайда болуына жол береміз. Кей кезде жанұядағы жанжал мен үлкендердің аузына шыққан балағат сөздердің өзі бала тәрбиесіне кері әсер етіп жататынын да ескермейміз. Бір сәт балаларымызды еңбекке баулып, оның қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, жақсы ісін мадақтап, отырсақ осының өзі тәрбие емес пе? Сондықтан, ағайын, әр отбасы өз балаларының қалай тәрбиеленіп жатқанына бір сәт назар аударып, олардың еліміздің ертеңгі болашағы екенін ескере отырып, мүмкіндігіміз келгенше саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысайық. Қай істі болса да өзімізден бастауды үйренейік. Сонда ғана тәрбиенің мәні болады.

 

аа
Ақжарқын Нагиева, ата-ана
Ата-бабаларымыз берген тәрбиемен қазіргі тәрбиені салыстыруға келмейді. Себебі, қазіргі ата-ана жұмыс басты болып кеткен. Үйдегі балалардың тәрбиесіне көп көңіл аудармайды.Тіпті ұл-қызының ішіне үңіліп, ашылып сөйлеспейді. Балалардың жаман жолға түсуі осыдан пайда болады. Қашанда ата-ана тарапынан балаға үнемі көңіл бөлінуі керек. Жұмыс жасау қажет,бірақ бала тәрбиесін де ұмытпаған жөн. Өйткені, бала — бауыр етің. Әрбір ата-ана ұл-қызына әке-ана ретінде емес, дос ретінде сырласып, ақыл айтып отырса, қоғамымызда келеңсіз жайттар болмас еді.

 

 

6-6-2016Гүлсара Шапикова, Ы.Алтынсарин орта мектебінің психологы

Ешкімде баласын жаман болсын демейді. Сондықтан әрбір ата-ана ұл-қызын адалдыққа тәрбиелеу қажет. Себебі, ата-анадан мейірім көрмеген кейбір балалардың басқа арнаға бұрылып кетіп жатқанын көріп жүрміз. Әрине, барлық отбасына кінә тағудан аулақпыз. Бірақ, кейбір ата-ана баласын өз еркіне жіберіп қояды да, кейін өзін тыңдата алмай жатады. Бұған тікелей ата-ананың өзі кінәлі. Баланы тәрбиелеуге ата-ана жеткілікті мән бермесе, бұл істің нәтижесіз болары күмәнсіз. Абай былай дейді: “Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі — ата-анадан, екіншісі — ұстазынан, үшіншісі — құрбы-құрдасынан. Солардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады”. Сондықтан жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Бір сәт олармен сыр бөлісіп, сабақтарын тексеріп, балаға көңіл бөліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

7-6-2016

Құлтөре Нажмитденов, аудандық мешіттің наиб имамы

Қазіргі таңда бала тәрбиесі — ең өзекті мәселенің бірі. Көп ата-ананың ұл-қызының тәрбиесіне көңіл бөлуі өте нашар болып бара жатыр. Айтуын айтамыз, бірақ, бала тәрбиесіне келгенде көп ағаттық жіберіп аламыз. Кейбір ата-анадан «балаңызды тәрбиелеп отырсыз ба», деп сұрасаңыз. Иә, бағып жатырмын дейді. Адам малды бағады. Ал ұл-қызды тәрбиелейді. Бағу мен тәрбиенің арасында айырмашылық жер мен көктей. Пайғамбарымыз (с.а.у.) алдына бір ана кішкентай баласын ертіп келіп,  баламды қанша жастан бастап тәрбиелесем болады деп сұрайды.Сонда Пайғамбарымыз: (с.а.у.) балаң қанша жаста деп сұрайды. Ана: бір жаста деп жауап береді. Демек бір жыл кешіккен екенсін дейді оған Пайбамбарымыз. Сондықтан да тәрбиені ұл-қызыңыздың ес білгенінен бастап тәрбиелеп,адалдыққа,еңбекқорлыққа баулу,  әрбір ата-ананың міндеті.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар