15.02.2016, 15:42
Қараулар: 396
АТТ Достықта болды

АТТ Достықта болды

Өткен аптаның аяғында құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенова, аудан мешітінің бас имамы Айдын Ибрашев және жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қасымов бар ақпарататтық түсіндіру тобы Достық ауылында болып, халықпен «Діни экстремизм бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» атты кездесу ұйымдастырды.

Достық ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде Айгүл Серікбайқызы ауыл тұрғындарына жалған ағым жетегінде жүрген қандас бауырларымыздың Сирияға қайта оралмас сапарға аттануының басты себебі — адасушылық екенін айтты. Сондай-ақ, мысықтілеу миссионерлердің білім қуып қалаға сапар  шеккен жастарымыздың санасына сыналап кіргізіп, ойларын улап жатқан теріс ілімдерінен сақтану жолының бірі — ата-ананың жіті бақылауы екенін тілге тиек етті.

Ізін ала сөйлеген Айдын Бақытұлы болса, дәстүрлі дініміз төңірегінде ой толғап, елді имандылыққа, дәстүрлі тәрбиеге шақырды.  Жаңа қызметке орналасқанына көп болмаған жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айжарықұлы болса, халықпен танысып, өз қызметі төңірегінде баяндама жасады.

Жиыннан соң дәл осы топ мектеп оқушыларымен жүздесті. Басқосуда Арман Қасымов жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі төңірегінде оқушылардың құқықтық танымын тереңдетіп, тыңдармандар тарапынан қойған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, дәстүрлі дін мен теріс ағымды қалай ажырату керектігі турасында түсінік жұмыстары жүргізілді.

Рауан Таңатжанұлы  


111_8805