12.04.2016, 9:09
Қараулар: 19
Жас әнші Тасқалада

Жас әнші Тасқалада


 

Копия 111_1976 

Жуырда аудандық мәдени-демалыс орталығында халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, талантты жас әнші Дәуренбек Мерғалиев «Ана жүрегі» атты концерттік бағдарламасын тасқалалық ән сүйер қауымға тарту етті.

            Дәуренбек 1982 жылы Ақжайық ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. Осы жерде мектепті бітіріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да филология факультетінің шет тілдер бөлімінде білім алған. Ол облыста өткен көптеген байқаулардың жеңімпазы. 2006 жылдың күзінде Ақтау қаласында өткен «Жаһан дала» халықаралық байқауында ІІ орын лауреаты атағын алған. 2007 жылы Роза Бағланованың 85 жылдығына орай «Аңыз ән» республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Ал жас әншінің ең үлкен жеңістерінің бірі – 2008 жылы Астанадағы конгресс-холл сарайында жас орындаушылардың ХVII республикалық «Жас қанат» байқауында І орынға қол жеткізуі.

«Қазіргі таңда репертуарымда онға жуық қазақша әндерім бар. Сонымен қоса шет тілінде де әндер айтам. Бұйырса, алдағы уақытта ең алғашқы жеке ән-жинағымды жарыққа шығару жоспарымда бар», дейді жас әнші. Тасқалалық көрерменге өзінің жазған және белгілі композиторлардың жазған әндерін орындап, қошеметке бөленді. Шара соңында сахна төріне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Нәріков көтеріліп, құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хат табыстады.

Манас Маратұлы,

Тасқала ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар