22.04.2016, 10:06
Қараулар: 71
Бірдейлендіру бір жүйеге түспей тұр

Бірдейлендіру бір жүйеге түспей тұр

Копия 85225_molodnyak_krs_krupnorogatogo_skotaporody_golshtin_simmental_ukrainskaya_cherno_pestraya_molochnaya_ukrainskaya_krasno_pestraya_molochnaya_aberdin_angus


 

Бүгінде төрт түліктің басын түгендеудің электронды тәсілі жүргізіледі. Яғни, сырғалау (биркалау), таңбалау арқылы ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру (ИСЖ) базасына тіркеп, арнайы мамандардың қадағалауында ұстап отырады. Бірдейлендіру деп аталатын бұл шараның жүргізілу тәртібі мен тиісті министрлік арқылы бекітілген қағидасы бар (Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары). Бұл – өзін-өзін ақтаған тиімді тәсіл. Алайда, ауыл тұрғындары арасында бұл жұмыс өз дәрежесіне сай қолдау таппай келеді. Оған себеп те жоқ емес.


«Алдымен мал басын сырғалау не үшін қажет?» деген сұраққа қарапайым тілмен тоқтала кетейік. Бүгінде жоғарыда айтылғандай түлік саны базада тұратындықтан, оларды таңбалап, сырғалау тәртіпке сай атқарылуы тиіс шара. Бұл шара атқарылмайынша қолдағы жануардың зертханалық сараптамаға қаны да алынбайды, ветеринарлық құжат та берілмейді. Қазақы тілмен айтқанда қолдағы малдың сайда саны, құмда ізі болмайды. Қаны алынбаған малдың ауруы да анықталмайды. Сарып (бруцеллез) сан соқтырып тұрған шақта қан алмау, қаншалықты қатерлі екенін көзін тырнап ашқалы малмен келе жатқан ауыл адамына айтып жату артық болар.
Егерде мал басының амандығы үшін бірдейлендіру жұмысы тиімді болса, бүгінде бұл жұмыс неге кешеуілдей береді? Аудандық ветеринария бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша бірдейлендірудің айлық жоспары 6818 бас болса, нақты бірдейлендірілгені 1300 бас, яғни, жоспар 19 пайызға ғана орындалған екен. Бірдейлендіру жұмыстары бастап қолға алынған кезде үкімет тарапынан арнайы сырғалар бөлінетін. Заманауи талапқа сай штрихкоды бар бұл сырғалар малға тағуға жеңіл, әрі ғұмырлы болатын. Тіпті арнайы сканерлеу арқылы сырғалы малды ұстап жатпай-ақ, керекті мәліметті алуға болатындығы туралы мамандар таңданыспен айтып жүрді. Бүгінде жағдай басқаша. Бұрынғыдай сырға берілмейді. Тек қана әр ауданға сай мал басына шаққандағы бірдейлендіру нөмірлері ғана бөлінеді. Аталмыш нөмірлерді орнату үшін мал иесі баламалы сырға (пустушка) сатып алуға мүдделі. Содан соң аталмыш нөмірлерді қолмен маркерлеу арқылы сырғаға түсіру керек. Қолмен жазылған цифрдың ұзаққа шыдамасы белгілі. Әрі қателікке бой алдыруы бек мүмкін. Алайда ірі шаруашылықтар болмаса, жекелеген жандар бұл жұмысты құнттай қоймасы анық. Мемлекет тарапынан көрсетілуі тиіс қызмет болғандықтан (сырға беру) тұрғындарды сырға сатып алуға мәжбүрлеу заңсыз әрекет. Міне, мәселенің осындай екіұштылығы атқарылуға тиісті жұмысты аяқтан тартып келеді. Бұл бүгінде күнтәртібінен түспеуі тиіс мәселенің бірі. Сондықтан, айтылған келеңсіз жәйт құзыретті органдардың араласуы арқылы бір жүйеге келмесе, бүгін шешімін табатын шаруа емес. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші бүкіл шаруа сырға үшін тоқтап тұрғаны адам сенгісіз-ақ. Алайда рас. Мысал үшін жылқы малын таңбалау арқылы бірдейлендіретін болса, бұл шаруа аудан бойынша 100 пайызға орындалған.
Осы орайда аудан тұрғындарының жауапкершілігі мен түсіністігі болмайынша іс бітпейтіндігін айтқымыз келеді. Мал мен жанның саулығы алдымен әр отбасының өзі үшін қажет. Орын алып жатқан келеңсіздікті болдырмау үшін әр адам жеке жұмыстануына тура келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей сырғаланбаған малдың ауруы анықталмайды. Пададағы бір сиыр мен отардағы бір қойдың кеселге шалдығуы күллі ауылдың малына кесірін тигізбей тынбасы анық. Ал, қолдағы малды қалаға апарып сату үшін алынатын анықтама мен ветеринарлық құжат та бірдейлендірілмеген малға берілмейді. «Біріге көтерген жүк жеңіл» демекші, бірдейлендіру жұмысына да біріге атсалысайық!

Рауан САТЫБАЛДИЕВ