22.04.2016, 10:14
Қараулар: 35
Дала жұмыстарына дайындық басталды

Дала жұмыстарына дайындық басталды

dscn0095-progressivnye-tehnologii_0


 

Жердің тоңы жіби салысымен, диқандар бір күнін де қалт жібермей, егіс науқанына кірісіп кететіні белгілі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруалар биыл мол өнім алуға қаншалықты дайын? Олардың техникалары майланып, құрал-сайманы сайланып, тұқымы мен тыңайтқышы қоймаға түсіріліп, көктемгі дала жұмыстарына әзірленген бе? Міне, осы сауалға жауап іздеп аудандық ауылшаруашылығы бөліміне бас сұқтық.


 

-Дала жұмыстарына деген дайындық қыза түсті. Техникалар жөнделіп, тұқымдар дайындалды. Алайда, 58 шаруашылықтың тек 33-і ғана жер жыртып, тұқым себуге өтініш білдіріп отыр,-деді ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Х.Омаров.
«Аузы күйген үріп ішеді» демекші, былтырғы жылғы қуаңшылықтың зардабын тартқан кейбір шаруа қожалықтары «биыл жағдай қалай болар екен?» деп әліптің артын бағып отырған жайы бар. Өйткені, былтырғы салған егіндері мен жаздай төккен маңдай терлері далаға кетті. Сондықтан да болар, бел шешіп іске кірісуге асығар емес.
Биыл меморандум бойынша ауданда 25200 гектарға егін салу жоспарланған. Өкінішке орай бұл межеге жету оңайға соқпай тұр. Өйткені өтініш білдірген шаруа қожалықтарының барлығын қосқанда 19287 га жерге дәнді-дақылдар егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде 10767 га жаздық бидай болса, 7750 га арпа, 770 га құмай (сорга егу) егілмек. Ал, майлы дақылдар 1200 гектарды қамтып отыр.
Барлық технологияларды сақтай отырып, дер кезінде басталып, уақтылы аяқталған көктемгі дала жұмыстары мол астықтың кепілі екенін түсінген шаруалар ылғал жабу жұмыстарына кірісіп кетті.
Қазірдің өзінде 6700 га жердің ылғалы жабылып үлгерді. Дәлірек айтар болсақ, Ақтау ауылдық округінде 1650 га, Амангелдіде 500 га, Достық ауылында 1200 га, Мерейде 2050 га, Тасқалада 1350 га жердің ылғалы жабылды. Өздеріңіз көріп отырғандай көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде, соның ішінде ылғал жабу бойынша мерейліктер алда келеді. Бірақ, күн құрғатпай жауған жауын жұмысты жүргізуге кері әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес.
Бүгінгі күнге ылғалдылық 32 мм көрсетіп отыр. Осыған қарап, бұйырса егініміз бітік шығып, қамбамыз дәнге толады деген үміт те жоқ емес.
Далалық жұмыстардың ойдағыдай жүруіне техниканың да қосар үлесі зор. Аудан диқандары мүмкіндігінше жыл сайын ауылшаруашылығы техникаларын жаңалауға ниет білдіріп келеді. Алайда оған бәрінің бірдей қолы жетпейтіні анық. Сондықтан қолда бар ескі техникаларды майлап-сайлап, іске қосып жатқандары да жетіліп артылады. Күні бүгін техника дайындығы 82 пайызды құрап отыр.
Ендеше, еңбек өнімді, ырыс толымды болғай.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ