13.06.2016, 10:34
Қараулар: 57
Мал асылтұқымды, бірақ сүт пен жүнге сұраныс аз

Мал асылтұқымды, бірақ сүт пен жүнге сұраныс аз


Шөбі — шүйгін, суы – бал. Бұл теңеуді қазақтың барлық жайлауына қаратып, болса да айта беруге болады. Алайда Алмалының жайы бөлек. Атамекен ауылынан ат шаптырым жерде орналасқан шағын елді мекенде кілең мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар тұрады екен. Солардың бірі — «Мақсот» шаруа қожалығының иесі Нұртай Ерниязов.

Қазақстан ауылдық округіне қанша барсақ та, жол бойында жататын көп сиырдың иесімен танысудың сәті түспейтін. Осы жолы арнайы барып жолықтық. «Қырда тұрады» деген аты ғана болмаса, айнала толған техника. Сыртын силикатпен «сықитып» қаптап, шатырын қызыл қаңылтырмен жапқан аппақ үй. Иекартым жерде Шежін өзені ағып жатыр. Үй жанында су жаңа «Toyota Hilux» қаңтарулы. Бізді қарсылап алған үй иесі Нұртай да қарапайым шаруа жігіт екені көрініп тұр. Қазақы әдеп бойынша барған беттен шаруа сұрамай, үйге кіргізді. Үйдің ішінің өзі бір мақалаға арқау болғандай екен. Құрылыс қалалық стильмен салынған. Су кіріп тұр. Жылу жүйесі электр тоғымен. Адам игілігіне пайдалану үшін ойлап табылған өркениеттің озық техникаларымен үй ішін жабдықтап тастапты. Қысқасы бұл үйде отқа қи жақпақ түгіл, қолыңды суға тығып, ыдыс та жумайсың.
Нұртайдың анасы Үміт апа бізді төргі бөлмеге жайғастырып, өзі шай демдеуге кірісіп кетті. Нұртай әңгімені әріден бастады.
– Шаруашылық ашу үшін мемлекеттен несие алғаным жоқ. 2005 жылы «Мақсот» шаруа қожалығы құрылды. Бұл тек қана мен емес, осы үйдегі әкем, ағам Ертай бәріміздің ортақ еңбегіміз. Оған дейін де өз еңбегімізбен мал өсіріп келеміз. Өзіңіз көрген шығарсыз, келе жатқан кезде жол бойында жайылып жүрген ірі қараның бәрі біздікі. Жалпы саны 350 бас. 180 бас сиыр, 110 бұзау. Қалғаны еркек мал. Соның барлығы 5-6 бастан құрылған, — дейді.
«Еңбек етсең емерсің» деген осы да. Үміт апаның шайынан соң тайотаны тақымға басып, паданы аралап, мал жайымен танысып қайттық. Жалпы қай шаруашылыққа барсақ та байқайтынымыз, санға емес сапаға жұмыс жасауға біздің азаматтар кәдімгідей машықтанған. Мал басын асылдандыру да жиі жүргізіліп отырады. Топ сиырдың ішіндегі ақбас бұқалар да соны меңзейтіндей.
– Мал басын асылдандыру мақсатында екі жыл сайын ауыстырып, бұқа сатып алып отырамыз. Биыл 6 ақбас бұқа алдым. Күні кеше ғана карантиннен шығып, көп малға қосылды. Бұқа алудың тиімділігі сол, біріншіден мал басы асылданып, қаны өзгереді. Екіншіден ақысының жартысына жуығы мемлекеттен бөлінетін субсидия арқылы төленеді, — дейді Нұртай.
Зеңгі баба төлінен басқа 300 бас қойы бар екен.
– Қойдың қазір тек қана еті өтеді. Бұрынғыдай жүн алатын жер жоқ. Қырқымнан кейін дайын жүнді көрпе тігіп, киіз басатын санаулы адамдар арнайы тапсырыс беріп алады. Онда да көп емес. Ал қалада алатын жерлер болса, іздеп барып тапсырамыз. Қысқасы, жүн өткізудің машақаты көп. Сондықтан сұраушыларға тегін таратып, қала берді қоқысқа апарып, тастай саламыз. Жалпы малдың өнімін толық пайдалануға мүмкіндік аз. Мысал үшін айтар болсақ, бұрын кеңес үкіметі кезінде сиырдың сүтіне дейін арнайы сүт таситын машиналарға құйылып, орталыққа кететін. Бүгінде ондай жағдай жоқ. Жағдай бола қалғанда да жолдың азабы ауыр. Сондықтан сиыр да сауылмайды. Тек өзіміз үшін 3-4 сауын сиыр ұстаймыз. Қалғаны бұзауымен бірге жүреді, — дейді кейіпкеріміз.
Сүт пайдаға жарамай жатқан кезде, тезек пен қи туралы сөз қозғау ретсіз болар. «Аудан орталығында дайын шикізатты өңдейтін кәсіпорын болса» деген арман бар мал ұстаған ағайынның көкейінде.
Айтылған малдан бөлек отыз қаралы жылқылары бар екен. Мал ұстаған адамға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді де мейілінше пайдаланып отыр. Мысалы өткен жылы лизингке су жаңа трактор алған. Лизингтің айлық ақысының бір бөлшегі мемлекет тарапынан төленеді екен. Ел азаматы ретінде шамасы жеткенше ауылдастарына көмектесіп тұратын көрінеді. Көктемгі лайсаң кезде Атамекен мен Тасқала арасындағы жолдың көп бөлігі қар суы мен жауын әсерінен батпаққа айналып, көлік қатынасына ауыр соққан болатын. Сол тұста батпаққа белшеден батқан талай машинаны суырып шығарумен ағайынды екі жігіттің жарғақ құлағы жастыққа тимеген көрінеді. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз осыдан қалса керек. Шағын ғана шаруашылықпен шалқып өмір сүріп отырған осындай азаматтар «қалашыл» көп жастарға үлгі.Копия 111_6401