13.06.2016, 15:34
Қараулар: 40
Жерлестерін жұмыспен қамтыған

Жерлестерін жұмыспен қамтыған


Ауданымызда соңғы уақытта мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды пайдаланып, жеңілдетілген несие алып, ата кәсіпті жалғастырушы азаматтар жетерлік. Сондай кәсіпкерлердің бірі — атамекендік Асқар Малтиев.


Копия 111_6407

 

Ол Орал қаласының тұрғыны. Көп жылдар бойы еңбек етіп, қаражат жинап, туған ауылына оралып, отыз бас ірі қарамен 2010 жылы мал шаруашылығымен айналысуды бастаған. Жақында аталмыш азаматтың шаруашылығына, яғни Қазақстан ауылдық округінің Молочный елді мекенінде орналасқан «Армат» шаруа қожалығына барып қайттық. Бұл шаруашылықтың басшысы Асқар Нығметұлынан білгеніміздей, 350 бас жылқы, 450 бас ірі қара және 150 бастай қойы бар.
— Қазіргі уақытта жоспарланған ветеринарлық алдын алу, мал індетіне қарсы күресу шаралары түгелдей орындалып отыр. Асылдандыру жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде. Ресейдің Мәскеу, Самара, Ростов және тағы басқа қалаларынан ұрық алынып, ұрықтандырылды. Төл алу науқаны кезінде жақсы өсім алдық, — дейді кәсіпкер. Шаруашылықта ірі қара ішінен қазақтың ақбасы мен шетелдің герефорд сиыры, ал асыл тұқымды жылқылардың ішінен көшім және жүк жылқысы көбейтілуде. Төрт мың гектар шабындық жері бар кәсіпкердің үш жаңа тракторы, шөп шабатын техникалары және тағы да басқа құрал-жабдықтары баршылық. Қазіргі уақытта шаруашылық иесі он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде біреуі бригадир, үшеуі тракторист, ал қалғандары бақташылар. Асқар аға жұмысшыларының жағдайын ойлап, ауысымды жұмыс әдісін енгізіп (бір апта жұмыс, бір апта демалыс), оларға елу мың көлемінде жалақы тағайындапты.
— Маған 2014 жылы мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Солардың бірі – «Сыбаға» бағдарламасымен он миллионға жуық жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Сонымен қоса, келесі жылы аудандық несие серіктестігінен де 14 миллион қаражат алдым. Айта кету керек, мен оралдық Михаил Марченко есімді азаматпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмын. Серіктесім де жоғарыда аталған елді мекенде мал шаруашылығымен шұғылданып келеді. Екеуіміз бір-бірімізге көмектесіп, мен оған шөп берсем, ол маған жем береді. Ендігі мақсатым мал басын арттырып, тағы да жұмыс орындарын ашып, ауылдастарымды тұрақты жұмыспен қамту, — дейді кейіпкеріміз.
Елбасының ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мән беруі шаруагерлерге күш-қуат беріп отыр. Алдағы уақытта қызығынан қиындығы көп ата кәсіпті қолға алған кәсіпкерге еңбегінің жемісін көруге тілекшіміз.