26.05.2017, 15:33
Қараулар: 135
Жақсылыққа жаны құмар азамат

Жақсылыққа жаны құмар азамат

Қазақта «Игі істің басына жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Бүгін де қолынан келгенше қол ұшын беріп, жақсылық жасауды өзіне азаматтық борышым деп есептейтін жандар баршылық. Солардың бірі –  «Интергаз Орталық Азия» АҚ Шежін желілік-өндірістік басқармасының басшысы Бақытжан Мажитов.


            Бақытжан Ибрагимұлы 1975 жылдың 23 қазанында Аменгелді ауылдық округінде дүниеге келген. Екі қыз, бір ұлдың  әкесі. Аталмыш ауылдың мектебін бітірген ол, 1994-95 жылдары  Ақтөбе қаласында  әскери борышын өтеген.  Әскерден келген  соң, БҚО иенженерлік-техналогиялық университетінде техник-механик мамандығы бойынша сырттай білім алады. 1996 жылы аталмыш мекемеге қатардағы темір ұстасы  болып қызметке орналасады. Қашанда қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарай білген кейіпкеріміз инженерден бастап бөлім бастығы лауазымдарына дейін көтеріледі.

Қазіргі таңда осы мекеме де 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін басшылық қызметін атқаруда. Ата-әжесінің қолында өскен ол қашанда адамгершілік қасиетті  бірінші орынға қояды  — Бұрынғы ата-әжелеріміздің тәрбиесі мүлдем бөлек қой. Әрдайым  кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуді құлағымызға құйып отыратын. Үнемі таспен атқанды аспен атыңдар деп айтатын. Сондай тәрбиенің әсері шығар қашан да адамға жақсылық жасауды азаматтық міндетім деп есептеймін. Мен өзімді соншалықты үлкен сауапты іс жасап жүрмін деп  айта алмаймын. Бірақ, қолымнан келгенше көмектескенді жақсы көремін. Бұл тек менің ғана істеп отырған жақсылығым емес, оған қызметкерлерімнің де септігі тиіп жатыр. «Осындай адамға қол ұшын беріп жіберсек қалай болады, біздің көмекке мұқтаж екен деп айтсам, ұжымым бір ауыздан қолдайды. Сондықтан тек өзім ғана жақсылық жасап жүрмін десем, артық айтқан болар едім. Бастысы бойыңда адалдық пен адамдық ажырамауы қажет дейді, — кейіпкеріміз.

«Кең болсаң, кем болмайсың»,-  демекші Бақытжан Ибрагимұлы жалпы орта білім беретін Амангелді мектеп-балабақшасында ашылғалы жатырған мұражайға да қаражат жағынан көмек көрсеткен. Үнемі «Мектепке жол» акциясын кезінде аз қамтылған отбасының балаларына жәрдемдесіп жүретін жанның бірі.

Жақсылық жасауға қалтаңның қалындығы емес, бар болғаны жұдырықтай жүректің түбінде мейрім мен сүйсіпеншілік болса, сол жеткілікті. Бақытжан ағамыздай асыл азаматтың бойынан осы нәрселерді көруге болады. Оны аталмыш мектеп-балабақшасының директоры Айман Нұрғалиқызы да айтып берді.

  • Бақытжан Ибрагимұлы ауылымыздағы жомарт жандардың бірі. Көмек сұрап бара қалсақ, сөзімізді жерге тастамайды. Жылыту жүйесін жөндеу кезінде де қызметкерлерін жіберіп және басқа да жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырады. Мектеп оқушыларын тасымалдауға автокөлік жағынан да қол ұшын беріп тұрады. Енді жасап жатқан жақсылығын тізбектей берсем, өте көп. Ауылымыздғы басқа да кәсіпкерлер қолдарынан келгенше көмектерін береді. Бұны да айтпай кетуге болмас. Сондықтан  барлық жомарт жандарға айтар алғысымыз шексіз, —  дейді мектеп директоры.

 

Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші ауылдастарына қамқорлық көрсетіп, алғыстарына бөленіп жүрген ағамыздың ісі көпке үлгі.

Иә, жақсылықтың үлкен- кішісі болмайды. Дегенмен мәрттік танытатын осындай азаматтар көп болсын дейміз…

Е.ЕЛЕКЕНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар