15.06.2017, 16:45
Қараулар: 19
Ауыз ашар берді

Ауыз ашар берді

14 маусым күні Тамаша мейрамханасында аудан әкімінің орынбасары А.Сафималиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, аудандық сот төрағасы А.Дүйсенғалиев, аудан прокуроры М.Изимов, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Шәуенов, ішкі істер бөлімінің басшысы Ә.Сары, мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Батабиев және коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы А.Қодаров ораза ұстаған жамағатқа арнап, ақ дастархан жайып, ауыз ашар берді.


Игілікті шарада аудандық мешіттің бас имамы А.Ибрашев қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті жөнінде тағылымды уағыз айтты. – Биылғы оразаға аман-есен жеткізген әуелі Аллаға сансыз мақтау мадақтар болсын. Жалпы ораза ұстау әрбір адамға парыз. Өйткені Құрани-Кәрімнің Бақара сүресінің 183  аятында: «Ей иман келтіргендер ораза бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді.» делінген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Өздеріңді жарты құрмамен болсада тозақ отынан сақтаңдар» деп, ескертеді. Қазіргі таңда Аллаға шүкір ораза ұстаушы ағайын жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Күндердің сұлтаны жұма болса, айлардың сұлтаны осы қасиетті Рамазан айы. Осы айдың ішінде қасиетті болған қадір түні тағы бар. Әрбір адамның Алладан сұрайтыны қандай да бір мұқтаждығы болатыны сөзсіз. Қалаған нәрсеңізге қол жеткізгіңіз келсе Аллаға алақан жайып, шынайы ықыласыңызбен сұрап қалыңыз. Өйткені бұл айда тілген дұға тілектер міндетті түрде қабыл болады. Бүгін жамағаттың басын қосып, ауыз ашар беріп жатқан азаматтарға Алла разы болсын! Отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге жеміс тілейміз, — деді ол өз сөзінде.

Мұнан соң Д.Ғазез жиылған жамағатты ұлық болған Рамазан айымен құттықтап, ұстап жатқан оразаларының қабыл болуына тілектес екенін жеткізді.

Сондай-ақ ауыл ақсақалдары да сөз алып, жастардың имандылыққа бет бұрып жатқандарына шексіз риза екендіктерін айтты. «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті Қ.Нажметдинов құран оқып, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуына және дүниеден өткен ата-баба рухына арнап дұға жасады.

Есенжол Сансызбайұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар