15.06.2017, 16:47
Қараулар: 24
«Көкке самға, жас түлек!»

«Көкке самға, жас түлек!»


Сәрсенбі күні дәл осындай тақырыппен аудан орталығындағы Абай алаңында 2017 жылғы мектеп бітіруші түлектердің  қоштасу кеші өтті.


Аталмыш жиында   сөз алған аудан әкімі С.Әлиев 11 жыл бойы білім теңізінен нәр алып, мектеп атты ұлы білім ордасынан тәлім-тәрбие алған әрбір түлек үшін бұл сәт жаңа өмірдің бастамасы екенін айтып өтті. — Алғашқы қоңырау балалық арманыңа жетелеп, мақсатынды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үні қанаттанаған жастарды арман биіктеріне ұшырып, ең үлкен өмір мектебіне шығарып салады.

Аудан бойынша биыл 2477 оқушы мектеп бітірсе, соның  650-і  «үздік» аттестат иегері. Сонымен қатар биыл 11 сыныпты 133 оқушы аяқтаса, оның 113-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Қортынды аттестаттау нәтижесі бойынша  13 түлек «Алтын белгі» белгісін ақтап шықты. 8 түлек «Үздік аттестат» иегері атанып отыр. Енді алда үлкен сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Осы сыннан сүрінбей өтіп, қалаған мамандық иесі болуларыңызға шын жүректен тілектеспін. «Білімсіздің күні қаріп, білімдінің күні жарық» деген халық даналығы. Сондықтан қай кезде де терең білім алу жолында жан-жақты ізденіп, парасатты ұстанымды қалыптастырып, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңыздар. Өмір жолдарыңыз түзу, сәттілік серіктеріңіз болсын, деді – Санжар Жұматайұлы.

Мұнан соң аудан басшысы түлектерге «Алтын белгі» белгісін тағып, ата-аналарына облыс әкімі А.Көлгіновтің атынан алғыс хат табыстады. Аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов «Үздік аттестат» иегерлерінің қолдарына аттестаттарын беріп, осындай білімді балаларды тәрбиелегені үшін ата-аналарға аудан әкімі С.Әлиевтің атынан алғыс хат берді.

Сондай-ақ  кеште аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, С.Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі мен «Сәулет» мектеп-лицейі түлектерінің аттестаттары салтантты түрде  табысталды.

Шарада сөз алған «Алтын белгі» иегері С.Хаменов 11 жыл білім берген ұстаздарына барлық түлектер атынан алғысын айтып, ата-анамен ұстаз үмітін ақтайтындарына сенім білдірді.

Шара Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп түлектерінің «Қош бол мектеп» атты әнімен тәмамдалды.

Е.Елекенов

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар