15.06.2017, 16:56
Қараулар: 26
Арман мақсатқа ұласса…

Арман мақсатқа ұласса…

«Гиппократ антын» өмірлік кредосы санайтын, әр науқастың жанына желеу болып ауруға қарсы тұратын абзал жандардың еңбегі ерен, атқарған істері көңілге қонымды. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты мойымай  көтеріп, қызметіне деген сүйіспеншілігін жоймаған Мәншүк Вахитқызының да орны ерекше.


Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл қатарынан таңдаған оқуына  түсе алмасада жас қыз мақсатын өзгертпеген.

«Жас күнінде анам  қатты ауырды. Соның әсерінен бе, дәрігер болсам, анамды емдеп-жазсам деген ой маза бермейтін. Сол арманым өмірлік мақсатыма ұласты. Оралдағы медициналық училищеге емтихансыз-ақ өттім. Алайда одан бас тартып, құжаттарымды алып ауылға қайттым. Мақсатым бірден жоғарғы оқу орнына тапсыру. Ренжіген сәтте оқымаймын деген кездерімде болды»,- дейді кейіпкеріміз. Алайда туа біткен бірбеткей мінездің арқасында айтқанынан қайтпай 1979 жылы Ақтөбе облыстық медициналық институтының табалдырығын аттап, арманына қол жеткізеді.

Өз мамандығын сүйгені соншалық студенттік өмірдің қалай өте шыққанын да байқамайды. Алда жауапкершілігі мол үлкен сынақтың тұрғанын да жақсы біледі. Бірақ жаңадан бітірген студенттерге дәрігер болудан бұрын облыстық базалық ауруханадан бір жыл көлемінде интернатурадан өту міндеті бар. Кейіпкеріміз бұл сыннан да сүрінбейді. Сөйтіп екі ай уақыт облыстық кардиология бөлімінде машықтан өте жүріп, көзге түседі.  Аз ғана уақыт аралығында білімі мен нәтижелі жұмысын көрсете білген студентке аталмыш орталықтың басшысы Б.Ахметов ауылға барып, амбулатория ашуды  жүктейді.

Сөйтіп Мәншүк Нигметуллина алғашқы еңбек жолын Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылында дәрігер болып бастайды. Құрбылары машықтан өтіп жүргенде, ол совхоз директорына жолығып көлік сұрап, облыс орталығына үш мәрте қатынап, амбулаторияның қажетті құрал-жабдықтарды түгендейді. Бір сөзбен айтқанда  оның ашылуына жағдай жасайды.

Осылайша  еңбек жолын өз бетімен бастаған кейіпкеріміз сол жерде үш жыл бойы қызмет жасап, кейін туған жері Оян ауылына ауысады. Тұрмысқа шығып үш қыздың анасы атанады. 2006 жылы қызмет бабымен аудан орталығына қоныс аударып, орталықтандырылған ауруханада жұмысын жалғастырады.

Байқап қарасақ Мәншүк апайдың жиырма бес жылға жуық еңбек өтілі ауылдық амбулаторияда өткен. Осы аралықта қызмет қиындығынан бөлек  ауылдың тұрмысы, жер жағдайы тағы бар. Сол кезді ерекше сағынышпен еске алған дәрігер

  • Амбулаторияда жұмыс жасағанымда ауылдың ауыртпалығы көп болатын. 90-жылдары дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Оның үстіне науқастарды аудан орталығына жеткізу де қиынға соғатын. Әсіресе қысты күндері жол болмай қалғанда біраз әбігерге түсеміз. Алайда жоқтан бар жасап, қолдан келгенше науқасқа  көмек көрсетуге тырысатынбыз. Кейде дәрі-дәрмекте жетіспей жатады. Әлі есімде  қызмет бабымен дәрігерлердің  алты айлық тәжірибе курсынан өтуге Ақтөбе қаласына баратынбыз. Оларда медицина бізге қарағанда әлдеқайда көш ілгері. Аяқ басқан сайын дәріхана. Тіпті біздің  жақта таптырмайтын дәрінің өзін сол жақтан табатын едік. Оқуға барғанымызда іс-сапарға төленетін қаражатқа қажет дәрілерді ала келетінмін. Оны ауылға әкеліп, емделушілеріме үлестіремін. Сөйтіп үлкендердің алғысын алатынмын,-дейді Мәншүк Вахитқызы .

Осы салада отыз екі жыл бойы үздіксіз еңбек еткен М.Нигметтулина амандық болса алдағы жылы зейнетке шығады.

Қазір аталмыш мекеменің күндізгі бөлімінде  №3 бөлімшеде дәрігер. Оған қоса аудандық аурухана жанынан ашылған «жанұя денсаулығы орталығының» меңгерушісі. Екі жауапты істі бірдей алып жүрген кейіпкеріміздің өз мамандығына деген сүйіспеншелігі де өзгеше.

  • Науқастарды жылы сөзбен қабылдап, оларды зейін қоя емдеуге тырысамын. Тәні сыздап келген адамның жанына ауыртпалық түсірмеу керек. Өзім алдымен осыған назар аударамын және жұмысқа жаңадан келген жас мамандардан да соны талап етемін,- дейді ол ағынан жарыла.

Әңгіме барысында Мәншүк Ватихқызы жас әріптестеріне  көңілі толатынын айтты. Қазіргі жастардың жоғары технологияны терең меңгергендерімен ерекшеленетінін тілге тиек етіп, болашақтарына үлкен үміт артатынын білдірді.

Біз де кейіпкерімізді кәсіби  мерекесімен құттықтап, еңбегіне жеміс тіледік.

Ә.Бекешева

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар