15.06.2017, 16:57
Қараулар: 14
Өз ісінің маманы

Өз ісінің маманы

Қай мамандықтың  да жаманы жоқ. Дегенмен басың ауырып, балтырың сыздағанда дәрігердің көмегіне жүгінетініміз шындық. Мен көп жылдан бері жүрек қантамырлары ауруымен ауырамын. Сол себепті де жедел жәрдемді жиі  шақыртамын. Тұрақты дәрігерім Гүлжамал Елжанова да үйіме келіп тексеріп, жағдайымды біліп тұрады. Қажетті емін береді. Кей кезде дәрігерлердің бәрі Гүлжамалдай болса ғой деп армандаймын. Науқастанып қалсам демалыс күндеріне қарамастан, уақытпен санаспай жаяулап келіп ем-домын жасап, ақыл-кеңесін беріп кетеді. Оның еңбекқорлығы мен  өз ісіне жауапкершілігін осыдан көруге болады.


Гүлжамал ІІ Шежін ауылында,  көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Әли Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жылдар ұстаздық қызмет атқарған білікті жан. Отбасындағы қазақи тәрбиені бойына сіңіріп өскен Гүлжамал Әлиқызының  да мінезі жайлы, өте ибалы.     Ол  1987 жылы Ақтөбе мединститутын қызыл дипломмен бітірген. Негізгі мамандығы балалар дәрігері. Бірақ соңғы уақыттағы  талап бойынша  2013 жылдан бері аудандық ауруханада жалпы дәрігер болып еңбек етіп жүр. Марқұм жан жары Мақсот та көп жылдар осы ауданда хирург болып қызмет атқарды. Жасаған әр отасы сәтті шығатын. Амал не? Ғұмыры қысқа болды. Мақсот пен Гүлжамал  өмірге Жұлдыз есімді қыздарын әкеліп, тәрбиеледі. Өсірді, оқытты. Жұлдыз да бойжетіп, өмірлік серігін жолықтырып Абзал есімді жігітпен шаңырақ құрды. Бүгінде сол жалғыз қызынан көрінген қос жиені Гүлжамалдың көз қуанышына айналды. Анаға  осыдан асқан бақыт жоқ-ау сірә.

Мереке қарсаңында барлық дәрігерлерді төл мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Адам жанына араша тұрар Гүлжамалдай ақ халаттылар аман болғай!

Маржан Ахметова,

Күміс алқа иегері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар