20.07.2017, 16:35
Қараулар: 121
Халықты жұмыспен қамту — басты бағыт

Халықты жұмыспен қамту — басты бағыт

Жуырда аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Кентоғаеваға жолығып, халықты жұмыспен  қамту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар жөнінде білген болатынбыз.

Төменде сол сұхбатты жариялап отырмыз.

  • Бәтима Махамбетқызы аудан бойынша халықты жұмыспен қамту қалай жүргізілуде?
  • Жыл басында халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітіліп, қазір ол «Аумақты дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017 – 2021 жылдарға  арналған  бағдарламасы»,  «Бизнестің жол картасы 2020» , «Нұрлы Жол», «Өңірді дамыту» бағдарламалары  арқылы жүзеге асырылуда.
  • Аталған бағдарламаларға сай қанша адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды?
  • Аталған бағдарламалар  бойынша  жыл басынан бері 999 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, күні бүгін 601 адам жұмысқа тартылып, жоспар 60,2 пайызға орындалды.
  • Есепті мерзімге жұмысқа орналасу мәселесімен 555 адам жолықты. Мұның  146 жастар болса, 118 — жұмыс іздеушілер, 97- аз қамтылғандар, 468 – жұмыссыздар, 15 — өзін – өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар.
  • Жұмыссыздар қандай категориялар бойынша жұмысқа орналастырылады?
  • Ақылы қоғамдық және тұрақты жұмыс орындары мен жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып,  кәсіптік оқуға жіберіледі.

Қазіргі таңда 323 адам жұмысқа жіберілсе, оның 105-і тұрақты жұмысқа  орналасты. Ал, жастар практикасы бойынша 22 жас маман жұмысқа жолданып, жоспар 65 пайызға орындалды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындарына 83 адам жіберіліп,  жоспар  98 пайызды құрады. Биылғы жылы аудан бойынша 480 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, есепті мерзімге 201 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыс 42 пайызға орындалды.

Ақылы қоғамдық жұмыстарға 405 адам  жоспарланса, есепті мерзімге  258  адам  жұмысқа жолданып, жоспар 63,7 пайызға  орындалып отыр. Сондай-ақ кәсіптік оқу бойынша  120 адам оқытылады деп жоспарласақ,  есепті мерзімге  20  адам  жолданып, жоспар 16,6 пайызды құрады.

  • «Нәтижелі жұмыспен қамтуды  және  жаппай  кәсіпкерлікті дамытудың  2017 – 2021  жылдарға  арналған  бағдарламасының» аясында қандай жоспарлар іске асырылуда?
  • Аталмыш бағдарламаның І бағыты «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік  біліммен  және қысқа мерзімді  кәсіптік  оқумен қамтамасыз ету» бағытында жоспардағы 120 адамның  жиырмасы  «Іс жүргізуші», «Классикалық массаж», «Дербес компьютер операторы» мамандықтары бойынша Орал қаласына оқуға жолданды.

Бағдарламаның  ІІ бағыты «Жаппай  кәсіпкерлікті  дамыту»   шеңберінде  аудан бойынша  өз кәсібін ашып, оны дамыту мақсатында   несие алуға ниет білдірген  азаматтардың тізімі жасақталды. Негізінен басымдық білдіріп отырған мал шаруашылығы,  оның ішінде ірі қараның сүтті, етті тұқымдары мен жылқы, құс шаруашылығын дамыту, сондай-ақ   наубайхана ашу, жарнама желісін кеңейту бағыттары.   Бұл бағытта несие алуға ниет білдірген 26 адамға  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен  бес адамға   «Тасқала» несие серіктестігіне жолдама берілді.

Қазіргі таңда бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда. Есепті күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на жолдама алғандардың ішінде  2 адам 11,6 млн.теңгеге қол жеткізді.

Бағдарламаның  IІI бағыты  «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту»

— 85 адамға әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін  республикалық және аудандық  бюджеттен қаражат бөлінді,  есепті мерзімге  қаржыландыру  жоспары   100 пайызға орындалды,  қазіргі таңда аудан  аумағандағы 43 жұмыс  берушімен  келісім  шарт жасалып, 83 адам жұмысқа  жолданды. Олардың 14-і жастар болса, 16-сы аз қамтылған отбасынан.  Сондай-ақ 47  маманға жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін   республикалық және аудандық бюджеттен қаражат бөлінді, есепті мерзімге   қаржыландыру  жоспары  толығымен  игеріліп 100 пайызға орындалды,  21 жұмыс  берушілермен келісім шарт  жасалып    22 жас  маман  алғашқы  тәжірибе  жинау  үшін  6 ай  мерзімге жұмысқа  жолданды.

Ақылы қоғамдық жұмысты ұйымдастыру үшін аудандық  бюджет  есебінен 405 адамға қаражат бөлінді. Есепті мерзімге қаржыландыру  жоспары    100 пайызға орындалды. Қазіргі таңда ақылы  қоғамдық  жұмысқа  258 адам жолданды.

Осы аталған бағдарламаларды халыққа түсіндіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

Бағдарламаны халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің   2017 жылғы  31 наурызындағы  №13 санында «Жұмыспен қамтуда жаңа бағдарлама», 21 сәуірдегі  № 16 санында жұмыс берушілердің міндеттерін  түсіндіру мақсатында «Жұмыс берушілердің назарына», 16 маусымдағы  №24 санында «Елбасы жолдауы іске асырылуда» атты мақалалар  жарияланды.

Сонымен қатар жыл басында яғни,   қаңтар  айында  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»  бағдарламасының ІІ бағыты  бойынша құс шаруашылығын дамыту мақсатында  шағын несие алған  Б.Амиров туралы  аудандық газетке мақала  жарияланса, ақпан айында  Б.Амиров өз жұмысы туралы облыстық «Қазақстан — Орал», «ТДК 42», наурыз  айында  «Хабар» телеарналарына  сұхбат берді.

Сонымен қатар  аудан орталығында бағдарламалар бойынша арнайы баннерлер ілінді. Бір сөзбен айтқанда тұрғындар арасында әр түрлі бағытта  түсінік жұмыстары жүргізілуде. Ауыл әкімдерімен де қоян-қолтық жұмыс атқарып келеміз.

Болашақта да бұл жұмыс өз жалғасын табатын болады.

Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген  Әсемгүл Бекешева

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар