4.08.2017, 10:46
Қараулар: 90
Шаруашылықты кеңейтсек деп едік…

Шаруашылықты кеңейтсек деп едік…

Ата-бабамыздан қалған адал кәсіптің бірі – ауылшаруашылық саласы. Елбасымыз биылғы Жолдауында ауылшаруашылығын одан әрі дамытуға кеңінен тоқталып, оған айрықша көңіл бөлуді тапсырған болатын.


Сондықтан бұл, жерден  бірде мол өнім алып,  енді бірде қуаңшылықтың зардабын тартып жүрген дихандар қауымына көрсетілген үлкен көмек екеніне күмән жоқ.

Жас­тайынан  Жер-Ананың қасиетін жақсы түсініп, несібелерін жерден табуды ойлаған Ақтау ауылдық округіне қарасты Қызылбас елді мекеніндегі «Жәнібек», «Теміржан», «Әнуар», «Жантемір» шаруа қожалықтарын бірі білсе, бірі білмес. Бұл жерде еңбек ететін ағайынды төртеуі, «сенікі, менікі» деп бөліну жоқ,- дейді.

–  Бұл шаруаны 1999 жылы қолға алдық. Алдымен  «Теміржан» және  «Әнуар» шаруа қожалығын аштық. Басында кішкене қиыншылықтар болды. Алайда оған мойымай бастаған кәсібімізді өркендету үшін күн-түн демей жұмыс жасадық. Кәсібіміз өрге домалап, нәтижесін бергесін, бертін келе «Жәнібек» пен «Жантемір» қожалықтары өз жұмыстарын бастады. Қазір, Аллаға шүкір, егіп жатқан егініміз жақсы шығып, өз өнімін беруде. Төрт шаруашылық болып бөлек тіркелгені болмаса барлығымыздың  көздегеніміз де бір мақсат, илегеніміз бір терінің пұшпағы. Дәлірек айтсақ жерді баптап, содан мол өнім алу. Шыққан дән мен жиналған өнім талан-таражға салынбай  бір қазанға құйылады. Сондықтан барлығымыз бірігіп тер төгеміз,- дейді. «Жәнібек» шаруа қожалығының басшысы Ержан есімді азамат.

Қожалықтың еншісінде 5 мың гектар жер бар. Оның 2 мың гектарына күздік бидай егілсе, 1 мың гектарына көктемде егіліп, күзде жиналатын күнбағыс, түйе бұршақ, жүгері, жаздық бидай егіледі. Ал қалған 2 мың гектар жерді келесі жылғы егінге дайындап қойылады. Тұқымдар көршілес  Саратов облысынан алынады.

Егілген егінді жинайтын  бес К-700 тракторы мен   төрт  комбайн бар. Сондай-ақ  «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы «Беларусь 12-21» тракторы мен америкалық Джон дир дән  себу тракторын лизингке алған. Жұмысшылардың басым көпшілігі де жергілікті тұрғындар.

  • Қазір күзгі бидайды жинап жатырмыз. Жұмысшыларымыз таңғы бестен түнгі он- он бірге дейін жұмыс жасайды. Себебі өнімді ысырапсыз жинап алуымыз қажет. Әйтпесе ауа райы аяқ астынан өзгеріп, жаңбырдың астына қалып қоюы мүмкін. Сол себепті  еңбекті зая кетірмей өнімді дұрыс жинап алған абзал.  Оның үстіне малда егінге жиі түсіп,  тыным бермейді.  ,- дейді  «Әнуар» шаруа қожалығының басшысы Яхфар Сейсенғалиев.

Жігіттердің айтуынша өнімді бірден  «Белес-Агро» мен  «Желаев» ЖШС-не  өткізеді екен.  Шаруашылықты одан әрі  дамытып, егіс алқабын кеңейтсек деген ой бар. Алайда, оған бос жатқан жер жоқ,-дейді олар

Қазақта: «Не ексең, соны орасың» деген керемет сөз бар. Сондықтан аталмыш шаруа қожалықтарының еккен өнімдері молынан шығуын, жасап жатқан жұмыстарының жемісті әрі табысты болуына біз де тілекшіміз.

Е.ЕЛЕКЕНОВ