4.08.2017, 10:48
Қараулар: 129
Еліне еңбегімен танылған

Еліне еңбегімен танылған

«Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым» дейтін жомарт жандар қай елде  болса да бар. Олардың біреуі  жетімнің көз жасын сүртіп, жағдайын жасауға көмектессе, енді бірі тұрмысы төмен жандарға қол ұшын беруден жалықпайды. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандарға  жүректен шыққан жылуын беріп, қолтығынан демеуге тырысады. Сөйтіп  қоғамдық сананың өсуіне,  елдің еңсесін көтеруге  ат салысады.  Осындай  жандардың қатарында  жерлесіміз Қуан Тасқалиев те бар.


Адам баласы өткен күндер мен зулаған уақыттың бағасын біле бермейтіні рас. Оны тек белгілі бір ғұмырдың белесіне көтерілгенде ғана сезеді екен. Сол кезде «мен не тындырдым,  еліме еңбегім сіңетіндей қандай іс атқардым?,-деп артына қарайлайды.

Ия, бүгінде  60 тың  асқарына шыққан Қуан ағаның да пікірі осындай.  Кіндік қаны тамған жердің тау тасын кезіп, сылдырай аққан бұлағынан су ішіп, топырағына аунап, оны бойына қуат еткен ел ағасының  ата тегінің  де Тасқалиев болуы бекер емес.

Қуан Бақтығалиұлы  1957 жылы Семиглавый Мар ауылында қарапайым отбасында бес баланың кенжесі болып дүниеге келді. Әкесі марқұм өмір бойы теміржолда қызмет еткен жан. Жылдар өтіп, мектепті жақсы бағамен аяқтаған кейіпкеріміз өзінің армандаған  оқуына түсе алмай әкесінің қасына жұмысқа орналасады. Жастайынан алғыр, жұмыс десе жанын салатын Қуан аға бұл қызметке де бірден төселіп алады.  Араға жыл салып Орал қаласындағы ауылшаруашылығы институтына оқуға түседі. Сол кездегі қуанышын ол  сөзбен  айтып жеткізе алмайды. Әсіресе ұстазы Тамара Логиновадан көп нәрсені үйренгенін мақтанышпен еске алады.  -Оқуды аяқтаған соң жетекшіміз Т.Логинованың  маған екі ақ сөйлеммен  жазған мінездемесі есімнен кетпейді. Онда Тасқалиев жұмыс істегісі келеді, ол істей алады,- деп  жазылыпты  дейді ол

Сөйтіп оқуды аяқтаған соң жас маман алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы  №20 ауылшаруашылық техникалық училищесінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастайды. Үйленіп отбасын құрады.  Одан әрі аудан орталығындағы ауыл аймақты сумен жабдықтау саласында, одан кейін ауылшаруашылығы басқармасында еңбек етті. Ақтау ауылында бес жылдай бас инженер болып қызмет  атқарды. Бірақ сонау бір дағдарыс жылдары жұмыста қысқартуға іліккен Қуан Бақтығалиұлы қорада жиған аз ғана малы болса да жұбайы Қарлығаштың тапқан нәпақасына қарап, қол қусырып отыруды өзіне намыс санайды. Оның үстіне ізін басып келе жатқан ұл мен қызға үйде отырып қандай үлгі көрсетпек? Ойлана келе белді бекем буып  аудан орталығының үстінен өтетін  Әндіжан-Москва бағытындағы  поезға шығып айран, қаймақ сатып саудамен айналысады. Бұл қиындықтың да уақытша екенін сезінген ол алдына үлкен мақсат қояды.  Осылайша кәсіпкерлікке ден қойған ағамыз келе-келе шағын бизнесті дамытып, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосады.

  • Өмірдің әр күні мен үшін үлкен сабақ болды. Тиынға  тиын қосып, жоқтан бар жасап жүргенімде Германиядан келген 1969 жылғы су жаңа темір тұлпарды алуға қалай қарайсың деген  ұсыныс түсті. Сол кезде көлік  бағасы $1,000 құрайтын. Алғым-ақ келіп тұр. Бірақ қолдағы  қаржы мен тауарымды қосқанда тұлпар бағасының тек  1/4 бөлігін ғана құрайды.  Ауқатты деген досыма барып қарызға ақша сұрадым. Ол менің жағдайымды тыңдады да  «бизнеспен айналысу үшін сенде кез-келген уақытта қалаған затыңды алуға қаражатың  болу керек және сондай тағы бір зат алуға ақшаң артық қалу керек» деді. Мен сонда ғана ешкімге арқа сүйеудің қажет еместігін түсіндім.  Сөйттім де  алдыма үлкен  мақсат қойдым, — дейді Қ.Тасқалиев.

Қуан аға араға жылдар салып сол мақсатына жетті. Жоқтан бар жасап, қинала жүріп еңбек етті. Сол маңдай тердің арқасында 2008 жылы «Тасқалиев» жеке кәсіпкерлігін құрды. Зеленов ауданының орталығы мен Тасқала ауданына қарасты «Бірлік» ауылынан дүкен ашты. Осылайша кәсібі жанданып келе-келе үлкен серіктестікке айналды.

Бүгінде 50 ден астам адамды  жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз елдің өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген жомарт жан.

-Күн жүріп, түн жүріп бизнесті дамытуға күш салып келемін. Нәтиже жаман емес. Осының бәрі туған жерімнің көркеюі үшін істеліп жатқан дүниелер. Осы жерде Елбасына деген ризашылығым шексіз. Кәсіпкерлерді қолдап,  жеңілдетілген пайызбен несие де беріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда үкімет тарапынан қолдау бар. Тек соны дұрыс іске асыра білу керек. Жұмыссыздар қатары көп дейміз. Неге сол адамдар үкіметтің берген көмегін пайдалынып жұмыс істемеске. Ешкімге тәуелді болмай  өз кәсіпкерлігін ашпасқа. Бізде ондай белсенділік жоқ. Тек әкімдікке қарап қол қусырып, жоқтан өзге ештеңе айтпайды. Соған әбден үйренген. Ешкім жанын салып еңбек еткісі келмейді. Маңдай термен істелмеген істің де пайдасы аз екенін кез келген адам түсінсе екен. Аудандағы кәсіпкерлік бөлімі  неге жастар арасында шағын бизнес туралы насихат жүргізбеске. Сол саланың қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырмасқа. Біз де өз тәжірибемізбен бөлісіп, жас буынды еңбекке тәрбиелеу үшін қолдан келгенше көмектесер едік. Міне, осы бағыттағы  түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Оны ұйымдастыруға бас қатырғылары да келмейді. Ауданда осындай жұмыстарды қолға алу керек деп ойлаймын,-дейді кейіпкеріміз өз сөзінде.

Сонымен қатар Қуан аға тек бизнеспен ғана айналысып қоймай туған жердің табиғатын аялауға, оны көркейтуге де үлес қосып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бірлік ауылындағы иесіз қалған бақшаны өз иелігіне алып, қураған ағаштарын кесіп, орынын жаңа көшеттермен толықтырды. Күзде піскен алмаларды дүкенге қойып, халыққа қолжетімді бағамен сатуға шығарады. Жемістерді кесіп, кептіреді. Тек бақшаның өзіне 12 адамды жұмысқа алды. Сол жерден арнайы демалушыларға арналған орын да ашты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аудан орталығынан 15 орындық қонақ үй мен мейрамхана және көлік жөндейтін сервис бой көтерді.  Осының барлығы жоспарлы түрде жасалған жұмыстар.  Дана халқымызда «абырой іздесең —  ісіңмен таныл»,- деген керемет сөз бар. Міне, іскер азамат, жеке кәсіпкер ретінде аудан, облыс қала берді республика көлеміне танылып үлгерген кейіпкеріміздің еңбектері еш кетпей үкімет тарапынан қолдау тапты. Бірнеше рет алғыс хаттар мен мереклік медальдарға ие болды.

Былтырғы жылы Астана қаласында өткен республикалық  «Парыз» байқауына қатысып, «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымына қол жеткізді. Кәсіпкерлік саладағы табыстары, ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін 2014 жылы республикалық «Қолдау көрсету және ынталандыру » орталығы қоғамдық бірлестігі дайындаған «Ұлт Даңқы» орденімен марапатталды. Ауданның тұрақты демеушісі.

Қуан ағаның ендігі жоспары аудан орталығынан балалар демалатын ойын алаңын ашу. Оның бұдан басқа да алға қойған мақсаттары  мен жоспарлары жетіп артылады.  Ол алдағы күннің еншісінде.

Ия, заман талабына сай ауданда кәсіпкерлік саласын дамытып, кейінгі жастарға үлгі болып жүрген Қуан ағадай  жүрегі кең, жаны жомарт, туған жері үшін аянбай еңбек ететін азаматтардан  өскелең ұрпағымыз үлгі алса екен.

Осындай еңбекқор жандар қоғамның бір саты болса да  алға басуына көп дәнекер болатыны белгілі. Жақында ғана 60 жасқа толса да еліме қандай естелік қалдырамын деп зыр жүгірген кейіпкеріміздің шыр-пыр болғанын көріп, нағыз азамат осындай болу керек қой дегеннен басқа ой келмеді. Сондықтан  жас ұрпақ та Қуан ағаның тындырымдылығы мен ақжарқын мінезінен үлгі алып, белсенділіктерімен танылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар