15.09.2017, 10:00
Қараулар: 137
Әскерге бармау әдет пе?

Әскерге бармау әдет пе?

Бүгінде Отан алдындағы борышты өтеуге яғни әскерге  барғысы келмей қашып-пысып жүргендер жетерлік. Тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің әскерге барудан неліктен жалтаратындарын жете түсіну қиын. «Ер басына күн туса етегімен су кешер, ат басына күн туса ауыздықпен су ішер» деген мақал бүгінгі күнімізге қаратып айтылмағанына қуанасың. Ел үшін етегімен су кешпек түгілі, қолына айыр алып шөп түсіруге жарамайтын, қуыс кеуде,  ер азаматтар қазіргі қоғамда жетіп артады.


Әскери өмірді көзбен көріп, оның ыстығымен суығына төзе алмайтындардың басым көпшілігі дәл осындай адамдар. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де Отан алдындағы  борышын өтеуді «міндет» деп білмегендерден ел басына күн туса не үміт не қайыр?! Әрине, Құдай оның бетін әрі қылсын.

Тасқала аудандық қорғаныс істері бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы аудан бойынша 232 адамға әскери шақырту жіберілсе, соның 118-і келмеген. Қорғаныс істері  келісімшарт және әскерге шақырту бөлімінің басшысы Азамат Жансейтов  әскерге барғысы келмей қашып жүргендерге арнайы шара қолданылады айтты.  – Шақырылған уақытта келмегендердің үстінен  прокуратураға арыз жазамыз. Сосын олар тиісті жұмыстарды жүргізіп, қажет болса ата-анасына айұппыл салынады. Әскерге барғысы келіп, сарбаз болғым келеді дегендер де жоқ емес. Дегенмен, Отан алдында борышымды өтеймін дегендердің барлығы қатаң тексерістен өтулері тиіс. Медициналық тексеріс барысында  болашақ сарбаздың  денсаулығына, отбасы жағдайына, үлкен назар аударылады. Бозбалалар арасында майтабан, салмақ жетіспеушілік, қанның аздығы, омыртқасының қисық бітуі, бүйректерінің ауруы секілді аурулар жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей қалып жататындар да болады, — дейді ол.

Мәселен былтырғы жылдың көктемінде 37, күзінде 37 адам әскерге жіберілген. Ал, биылғы жылдың көктемінде 25 адам жөнелтілсе, осы қыркүйек айында бір адам кеткен. Алдағы аптада тағы екі адамды жіберу жоспарланып отыр.

Қиян-кескі соғыста оқ пен оттың ортасында жүріп, ер мінезге тән ерлік көрсеткен баһадүр Бауыржан Момышұлы бабамыз көзі тірі болса,  әскерге барудан қашып жүрген азаматтарды желкесінен жеті түйіп жіберер ме еді деген ойға қаласын кейде. Міндет, абырой, ерлік деп ұрандатқан елдің ұрпақтары әскерге барудан неге қашады?!

Е.ЕЛЕКЕНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар