21.09.2017, 16:45
Қараулар: 125
Жақсылығын халқым көрсе…

Жақсылығын халқым көрсе…

 «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» деген дана халқымыз. Жолында кездескен қиындықтарды табандылығының арқасында жеңіп, адалдықтан айнымай қызмет істеген жандар небір қошеметтерге лайық. Ауданымыз үшін істеген ісі бір төбе болған А.Сүндетбаевты да осылардың қатарына  қосуға толық негіз бар.


Қазір Мерей ауылындағы «Құрылысгаз» ЖШС жүргізіп отырған су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарына тікелей атсалысып жүрген азаматтың осыған дейін атқарған қызметі көңіл толтырады. Зейнет жасына шықса да халық игілігі үшін уақытпен санаспай жұмыс жасап жүрген Айтқали Рахымұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Осы  айдың соңғы жексенбісінде аталып өтетін еңбек күніне орай еңбек адамдарын қалың оқырманға насихаттау бағытында  ағамызбен кездесіп, әңгімелескен едік. Қанына біткен қарапайымдылығы сонша өзі туралы жазу үшін сұрақтарға жауап беруге әрең көндірдік. –Айналайын, мен өзіме жүктелген міндеттерді ғана орындадым. Игілігін халқым көрсе, сол да жетеді. Оны жария қылудың қажеті қанша, — деген сөздері бүгінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрер жандарға ой саларлықтай емес пе?

Айтқали Сүндетбаев 1951 жылы Шыңғырлау ауданының Алмалы ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектеп жасынан-ақ еңбекке араласып, адал істің пайдасын көкейге түйіп өскен.

  • 5-сыныпта оқып жүргенде ауылдың шөбін шабатын едім. Жазғы 3 ай уақыттағы демалысым солай өтетін. Зейнетке шығарымда бес жыл бойы атқарған сол қызметім бір жыл жарым көлеміндегі еңбек өтілі болып қосылды. Бала күнде ондайды қайдан білуші едік, тек өз бетімізбен жұмыс жасағанға қуандық. Алайда қазіргі балалармен сол кездегі өзімді салыстыра алмаймын,- дейді кейіпкеріміз.

Оралдағы ауыл шаруашылық институтын бітірген соң Ақтөбе қаласында қатардағы қызметкер болып еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай туған жері Алмалы ауылына ауысқан. Алайда 1977 жылы қызмет бабымен Тасқала ауданына ат басын бұрады. Содан бері 40 жыл да өте шығыпты.

  • Аудандағы ауыл шаруашылығы техникасы бөлімінде жұмысымды бастадым. Ол уақытта бізге ауылдар мен басқа да мекемелерді қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Трактор, комбаин секілді техникаларды қоспағанда, оларға ыдыс-аяқ жеткізуге де біз жауапты болдық. Сол кездері түрлі-түсті теледидар жоқтың қасы еді. Алайда 1980 жылдары өзіміз жаңа бастама көтеріп Әзербайжан, Латвия, Беларусия елдерінен жаздырып бригадирлерге, балабақшалар мен мекемелерге теледидар алдырттық. Тіпті жаңадан ашылған балалбақшаларға төсейтін кілемдерге де сол бастамамен қол жеткіздік,-деп еске алды Айтқали Рахымұлы.

Арада 10 жылдай уақыт өткен соң кейіпкеріміз Ленин совхозының директоры қызметіне ауысады. Онда егін шаруашылығынан бөлек сүт тапсыруда аудан бойынша алға шығады. Бірақ екі жылдан соң ауыл шаруашылығы техникасы бөліміне қайта ауысады. Сонда жүріп «САИД» жеке меншік кооперативін құрып, соған жетекші болып тағайындалады. Кооперативтің негізгі мақсаты құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, үй салу жұмыстарымен айналысу болатын. Әрине әр еңбектің өз қызығы мен қиындығы баршылық.

1998 жылы аудан басшысы Р.Кариннің ұсынысымен «Орал» АҚ қарасты «ДСУ-68»  бөлімшесінің басшысы болады. – Біраз мекемеде қызмет атқардым. Алайда өзімді сайлауға ұсынған сәтім болған жоқ. Еңбек ақшамен өлшенбеуі тиіс деп санаймын. Басшылық қызметтерде өзімнің өмірлік тәжірибеме сенетін едім. 2005 жылы аудан әкімі болған Б.Шакимовтың орынбасары болдым. Бұл қызметті де абыроймен атқардым деп ойлаймын. Алайда екі жылдан соң аудан әкімдігіне келген Н.Ашимовтың ұсынысымен «Цемент зауыты» аудандық филиалын ұйымдастыруға жетекші болып кеттім. Осы жылдары жеткен жетістігіміз көңіл қуантады. Алайда бір әттеген-айы қаражатқа келгенде ісіміз тоқтап қалады. Негізі сол зауыттың жұмысының дөңгеленіп кетуіне 2008 жылдары болған дүниежүзілік дағдарыс кері әсерін тигізді. Себебі біздегі цемент зауытына қызыққан адам көп еді. Ресейден, Қытайдан, басқа да елдерден келісімшартқа отыруға келгендер біршама. Тек қаражатқа келгенде бәрі бірдей ойланып қалады. Өйткені сол жылдары болған дағдарыс көпке созылды ғой,-деп ағамыз өткенді еске алды.

Бұдан басқа кейіпкеріміз аудан басшысы С.Әлиевпен бірге Мәскеу қаласында болып, наноцемент өндірісіне қатысқанын әңгімеледі. Ол жердегі профессор М.Бекбаудың шеберлігімен танысып, тәжірибе алмасқаны да бар.

  • Біздің жерімізде көп кездесетін ақ бор — цементтің негізгі компоненті. Ауданымыздағы зауыттан шикізат бөлшектерін алып Дания және Түркия елдеріне тәжірибеге бердік. Даниядағы «Эфел Шмит» корпорациясы цемент өндірудің негізгі технологисын тапқан. Бір қызығы екі елдің де тәжірибесі бізге «бірегей цемент» деген нәтижені көрсетті. Яғни бұдан біз евро стандартқа сәйкес цемент өндіруге мүмкіндік алған едік,тек қаражатқа тіреліп  алға жылжымай отырмыз,-деп ағынан жарылды ағамыз.

Соңғы жылдары аудандық құрылыс бөлімінде қызмет атқарған Айтқали Рахымұлы зейнетке де сол жерден шыққан. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей атқарған жұмыстарын міндетсінбей, қайта халыққа пайдам тисін деген ниетпен бүгіндері ауыз су тарту жұмысына да белсенділік танытуда.

Өзіне артылған жүкті ауырсынбай, абыроймен атқара жүріп берекелі отбасын құра білген ағамыз жары Сәуле апамызбен екі ұл тәрбиелеген. Қазірде немере қызығына батып, солардың амандығын ғана тілеуде. Адал қызметімен ұрпағына үлгі болар ағамыздың шаңырағында бақытты күндер көп болсын дейміз.

Қазіргі жастарымыз да еңбектің адамға әкелер пайдасы мен мәртебесін осындай жандарға қарап түсінсе екен.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА