21.09.2017, 16:47
Қараулар: 266
Адал еңбекпен тапқан нан тәтті

Адал еңбекпен тапқан нан тәтті

Ол талай қиыншылықты бастан өткерсе де тағдыр тезіне сынбай, өмір шарқайрағына әбден қайралған жан. Өмірлік серігінен айырылып, жалғыздықтан біраз жапа шекті. Әр күні о дүниелік болған жұбайын сағынып, жан жарасы одан сайын үдей түскенде өзін қоярға жер таппады. Қараңғылық басқан өміріне күн сәулесі қайта түспейтіндей көрінген-ді. Бірақ, сынаққа сынбады. Езілген еңсесін қайта тіктеп, өткенмен өмір сүруге болмайтынын түсінді. «Ол» деп отырған кейіпкеріміз Тасқала жұртшылығына жақсы таныс Хамидолла Мерғалиев.


Хамидолла Неғметұлы 1946 жылдың 6-шы желтоқсанында Зеленов ауданына қарасты Щапов ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылда мектеп тек төртінші сыныпқа дейін болғандықтан сол жерден төрт кластық білім алады. Содан соң ауылдан бес шақырым жерде орналасқан Серебряков ауылында ордасында  сегізінші сыныпқа дейін білімін жалғастырады. Жоғарғы сыныпты қаладан аяқтайды. 1963 жылы мектепті тәмамдаған соң А.Пушкин атындағы педагогикалық институтында физика және еңбек пәні  мамандығы  бойынша білім алады. 1968 жылы аталған институтты ойдағыдай бітіріп, жолдамамен  Тасқала ауданына келеді. Алғашқы еңбек жолын  Шежін орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Араға жыл салып 1969 жылдың күзінде әскерге алынып,  Украинаның Канатоп қаласында әскери борышын өтейді. Отан алдындағы міндетін абыроймен  өтеп келген соң қайтадан Тасқалаға оралып, Камен орта  мектебінде (қазіргі С.Жақсығұлов атындағы орта мектеп) физика пәні бойынша сабақ береді. Аталмыш мектепте қызмет ете жүріп, пионерлер ұйымының жетекшісі Алтын есімді аруға көзі түседі.

– Алтын бір көргеннен көзіме оттай басылды. Содан қайтсемде бұл қызды жарым етіп аламын деген мақсат қойдым. Біздің кезімізде қазіргідей жетіп барып  таныса салу деген жоқ еді. Бірінші, ұнатқан адамымызды сырттай бақылаймыз, жүріс-тұрысын қараймыз. Сол кездің  қыздары өте тәрбиелі еді, жігіт алдында сыпайылық танытып, қымсынып тұратын. Әйтеуір орайын тауып Алтынмен де таныстым. Екеуміз бір-бірімізді біліскен соң отбасын құрдық. Әрине, өмір болған соң  көптеген қиыншылықтар да кездесті. Жоқшылық кезі. Бірақ бәріне төзе білдік. Әсіресе, қызғалдақтай екі қызымыз дүниеге келгенде барлық тауқыметті ұмыттық, — дейді кейіпкеріміз.

Өз ісіне қашанда жауапкершілікпен қарайтын Хамидолла аға білім бөлімінде де әдіскер болып еңбек етті. Содан кейін Карл Маркс орта  мектебіне (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі) ауысады. Ол жерде тапжылмастан төрт жыл қызмет атқарады. Ұстаздық еңбек жолынан кейін  аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымында жұмыс атқарады. Қай жерде болмасын алғырлығымен көзге түскен кейіпкеріміз кәсіптік учелищеде  директордың орынбасары одан кейін директор болып қызмет етеді. Әр жерден келіп оқитын балалардың жағдайын жасау сол заманда өте қиын болған. – Алыс ауылдардан қатынайтын ұл-қыздар училещенің жатақханасында жатты. Оларға тамақ тауып беру оңайға соққан жоқ.  Себебі бюджеттен ақша дұрыс бөлінбейтін еді, — дейді ол.

Әрбір адамның еңбек жолында қиыншылықтармен қатар естен кетпейтін қызықты күндердің де болатыны сөзсіз. Хамидолла Неғметұлы Карл Маркс мектебінде қызмет етіп жүрген кезіндегі бір жәйтті күлімсірей  еске алды.

–Мектепте оқитын ұл-қыздарды еңбеке баулу мақсатында егілген өнімдерді жинау үшін ауыл шетіне барып, шатыр тігіп, сонда қонатынбыз. Жастар болған соң олар жатама? Сол кезде ұлдар мен қыздарға бөлек-бөлек құрылған шатырларды ұйықтамастан түнімен күзетіп шығатынбыз,-кейіпкеріміз.

Алланың адамға нендей сынақтардың дайындап қойғанын ешкім дөп басып біле алмайды. Жұбайы Алтын дүниеден өткенде көкірегі қарс айырылып, өзін терең тұңғыйыққа тастап жіберген-ді.

–  Қапияда Алтынымнан айырылғанда мына әлемде құдды жалғыз өзім қалғандай сезіндім. Біраз уақытқа дейін өз өзіме келе алмадым. Бірақ, амал нешік. Жаратқанның жазғаны сол болса, көнбегенде қайда барамыз,-деп еріксіз бір күрсінді.

Хамидолла Неғметұлы 2005 жылы аудандық «Екпін» газетінде редактордың орынбасары болып та  бірнеше ай еңбек еткен. Газеттің тыныс-тіршілігі ол кісіге жақсы таныс. Материал жазу, оны өңдеу бір сөзбен айтқанда тілшілік саланың тіршілігіне куә болған жан. Зейнетке шықса да  Тасқала ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жан.

-Мен бірнеше жерде еңбек еттім. Бүгінде сол еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Еңбектің арқасында ерте есейіп, сол еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін де жақсы білемін. Сондықтан бос жүрген жастар  жұмыс істеп, адал еңбекпен тапқан нан мен малдың қаншалықты қадірлі болатынын сезінсе деймін.

Е.ЕЛЕКЕНОВ