27.10.2017, 15:18
Қараулар: 32
Өнер фестивалі қорытындыланды

Өнер фестивалі қорытындыланды


Аудандық мәдени-демалыс орталығының Тәуелсіздік залында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты байқау өтті.


«БҚО  мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шығармашылық фестивалдің аудандық кезеңіне қатысқан үміткерлер өнерлерін ортаға салды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық өнері арқылы әлеуметтік сауықтандыру мақсатында оздырылған шараға қатысқан өнерпаздар «Эстрадалық вокал», «Қол өнер», «Көркем сөз оқу» аталымдары бойынша бақ сынады. Таланттарды бағалаған әділқазы алқаларының шешімі бойынша тамылжыта ән салған аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы С.Мусенов «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 3 орынды қанжығасына байлады. Ал ояндық А.Меңдалиев жүлделі 2 орынға ие болса, шежіндік Н.Тапатованың өнері үздік деп танылды.

«Көркем сөз оқу» аталымы бойынша сынға түскен аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Т.Измаилов 3 орынға табан тіресе, екінші орын шежіндік О.Балмулдинге бұйырды.

Қолдан жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған шежіндік Т.Атауов 3 орынға ие болса, тасқалалық Н.Жанекенова 2 орыннан көрінді. Ал Тасқала ауылдық округі атынан қатысқан Ж.Курташовтың дүниелері бірінші орынға лайық деген баға алды.

Әр аталым бойынша бірінші орынға ие болған қатысушылар алдағы уақытта ауданымыздың намысын облыстық байқауда қорғайтын болады.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА