6.12.2017, 17:12
Қараулар: 4
Кең пейілді кемімес

Кең пейілді кемімес


Қараша айының соңғы жұмасы көп балалы тасқалалық Бекешовтар шаңырағы үшін қуанышты күндер  болды. Өйткені салқын түсісімен  отын тасып әбігерге  түсетін бұл отбасы жомарт жандардың арқасында  үйіне кіргізілген  көгілдір отынға дән риза.


Үйелмелі-сүйелмелі, алды 3 сыныпта оқитын, кенжетайлары сегіз айлық төрт баласы бар Ғазиз бен Жазира шағын баспаналарын өз күштерімен салғандарына  төрт жыл болды.  Содан бері айналадағы қураған ағаштарды жиыстырып,  отын тасып пеш жағатын.

«Қысқа жіп күрмеуге келмейді»,  демекші  мектепте кіші қызметкер болып еңбек ететін отанасының тапқан табысы мен балаларға төленетін жәрдемақы  көгілдір отын  тартпақ түгілі олардың  тамағы мен киімінен ауыспайтын. Ал отағасы тек жазда ғана еңбек етіп, қыста отын таситын. Жақында ол да  өз шешімін тапты.

-Жазира осыдан бір ай бұрын менің қабылдауымда болып жағдайын айтып,  отын жағынан көмектесуімді сұраған болатын. Міне араға ай салып отынға ағаш емес, демеуші жігіттердің  арқасында үйіне көгілдір отын кіргізілді.

«Тасқала-Нан» ЖШС-ның директоры Ерболат Қажымұратовқа жолығып жағдайды түсіндірдім. Ол да азаматтық танытып, ұсынысымды құп көрді. «КазТрансГазАймақ» АҚ аудандық филиалының директоры А.Наурызов газ жобасын тегін сызып беріп, көгілдір отынды  кіргізуге жұмысшыларын жіберсе, газды трассадан үйге дейін тартып, оған қажетті тұрбаларды алуға Ерболат көмектесті. «Көп түкірсе көл» деген жомарт азаматтардың арқасында тағы бір үй көгілдір отынмен қамтылды,-дейді Тасқала ауылдық округінің әкімі Жаннұр Бекбауұлы.

Осыдан соң Жазираны сөзге тарттық.

-Ия, қазір айналадағы ағаштарды кесуге тиым салынған. Сөйтіп округ әкіміне үйде кішкентай балаларымның барын айтып, отын жағынан көмектесуін сұрадым. Ол да сөзімді жерге тастамай «XXI ғасырда отын жағады деген не? Шама келгенше көгілдір отын тартуды ойластырып көрейік», — деді. Бүгін соның нәтижесін көріп отырсыздар. Барлық көмек қолын созған азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Үйіміз жылып жомарт жандардың арқасында от жағып, күл шығару машақатынан құтылдық, — дейді.

Өз тілшіміз