8.12.2017, 19:34
Қараулар: 1
«Болашаққа хат»

«Болашаққа хат»

Дәл осындай атаумен тарихы тереңге апаратын Ақтау мектеп-балабақша кешенінде жаңа жоба қолға алынды. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында іске асатын бұл шараның ерекшелігі араға 30 жылдай уақыт салуы.


     Аталмыш білім ордасы бой көтерген кезден бері елге еңбегі сіңген талай тұлғаның сауатын ашып, талабын ұштаған. Ал осыдан тура 30 жыл бұрын сол кездегі ұстаздар мен шәкірттер 2017 жылғы мектеп ұжымына яғни келешекке хат жазып, оны мектеп қабырғасына жасырған. Сол кезден бері ауысқан жаңа буын ол туралы ардагер ұстаздардан естіп, мектеп өміріне қатысты сәтті тарихтың бір парағына айналдырды.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараға ардагер ұстаздармен бірге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, ауыл әкімі Н.Серік пен 1987 жылы мектеп қабырғасынан аттанған түлектер қатысты. Алдымен білім ордасының ауласына жиналған жұртшылық мемлекеттік ту алдына сап түзеп гимн орындады. Мұнан соң 30 жыл бұрынғы сәлем хатты түлектернің алып, мектеп директоры Х.Ахметовке табыстағанның куәсі болды.

 Сондай-ақ мектеп ұжымының дайындаған мерекелік концерті барысында ХХ ғасырдағы ауылдың жағдайы мен ахуалы жазылған хаттың сыры ашылды. Сол уақыттың есебімен «Қазан төңкерісінің» 100 жылдығына арналып жазылған хат ел игілігі үшін еңбек еткен бір қатар тұлғалар есімін атады. Сұрапыл жылдарда Отан үшін кеудесін оққа төсеген 30 соғыс ардагерін тізіп берді. Бұдан да басқа тарихи оқиғалар айтылып, ауылдың болашақта қалай өзгеретіні жайлы авторлар таңданысы да назардан тыс қалмады.

Шара соңында Ақтау мектеп-балабақшасының бүгінгі көшбасшысы Г.Татаханова 2017 жылғы мектеп ұжымы атынан ел тәуелсіздігінің 50 жылдығына арнап 2041 жылғы жаңа буынға жазылған хат мазмұнымен таныстырып өтті. Ардагер ұстаздардың жылы естеліктері тыңдалып, түлектердің меткепке деген алғыстары ақтарылды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазездің айтуынша, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында осындай тарихи шаралардың жүзеге асуы келер ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА