31.01.2018, 10:41
Қараулар: 30
ЕҢБЕКТІ ЕЛЕГЕН ДЕ, ШЕНЕГЕН ДЕ ТҰРҒЫНДАР

ЕҢБЕКТІ ЕЛЕГЕН ДЕ, ШЕНЕГЕН ДЕ ТҰРҒЫНДАР


Тасқала ауданы әкімінің есептік кездесуі Достық пен Мерей окургтерінде қорытындыланды.


Ауылдағы көгілдір отын мәселесі бойынша Достық округінің тұрғындарының айтар шағымы жоқ. Себебі, ауылдың көгілдір отынмен қамтамасыз етілгелі бірнеше жыл болды. Алайда интернет желісі мен ауыз су, жол мәселесі, абаттандыру мен жұмысқа орналасу мәселесі басты назарда тұр. Ауыл әкімі А.Ташимовтың биылғы есебі бойынша аталмыш мәселелер шешімін табуда.

Достық ауылында шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу мақсатында бірқатар қызметтер жүзеге асып келеді. Ауылда 14 шаруа қожалығы мен 5 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Мал азығын дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асқан. Мысалы, есепті кезеңге мал азығын жинау жоспары 5500 тонна болса, бүгінгі күні өнімділік 6,6 ц/га жеткен.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында Достық аулының тұрғындары белсенділік танытып келеді. «Береке» бағдарламасы бойынша округ аумағында ауыл шаруашылығымен айналысуға Б.Қалиев пен Т.Нашанов кәсіпкер ретінде тіркелген. Мал бордақылау алаңын құруға шағын несиеге қол жеткізіп, 6 млн.420 мың теңгеге 15 бұқа сатып алған. Сондай-ақ «Игілік» бағдарламасы бойынша «Нұр» шаруа қожалығы 3 млн.200 мың теңгеге 11 бас ірі қара және мал азығына қол жеткізіп отыр. Ал «Серик» шаруа қожалығы «Тасқала» несие серіктестігі арқылы «Іскер» бағдарламасы бойынша жұмысын дөңгелетуде.

Достық ауылында жаз мезгілінде мал суаратын «Водокачка» бөгеті жөнделіп, қайта пайдалануға берілген. Айта кеткен жөн, бұл жұмысқа ауыл тұрғындары Б.Утегалиев пен А.Утегенов өз қаражаттары есебінен 700 мың теңге көлемінде демеушілік танытқан. Бұдан өзге Шамов көшесіне жергілікті топырақ төсеп, жолдың бұзылған жерін жөндеуге де ауылдың бір топ азаматтары 138 мың теңге көлемінде қаржы жинаған. «Өрлеу» жобасы арқылы екі отбасы қайтарымсыз қаржыға ие болды. Ендігі кезекте ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту шаралары жоспарлануда. Әсіресе, Достық ауылында саябақ қоршауын орнату және Бастау, Ынтымақ елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру мәселесі басты назарда.

Кездесуге қатысып жарыссөзге жазылған ауыл тұрғыны Л.Белокурова ауылнайға ризашылығын жеткізіп, тұрғындар атынан ауыл әкімі Әлібек Қазиханұлына алғыс хат табыстап, еңбегіне береке тіледі.

Ал, Мерей ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Е.Распаевтың сөзіне сүйенсек, аталмыш округке қарасты 5 елді мекен бар. Барлығы 395 аулада 1630 адам тату өмір сүруде. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 5 отбасы тұрақты жұмысқа орналасса, 8 адам кәсіби оқуға қатысқан. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауыл ішіне ауыз су тарту құбырын қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған,- деді өз сөзінде Е.Распаев.

Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында Қонаев көшесі мен Тайманов көшесінің қиылысынан балалар ойын алаңының құрылысы аяқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» бағытына сәйкес А.Кушалиевтің демеушілігімен Бақалы көліне жөндеу жұмыстары жасалды.

Алайда тұрғындардың сөзіне қарағанда аудан және қала арасына қатынайтын көлік мәселесі шешімін табар емес. Сағат тілі түскі он екіні көрсетсе болды ауылға қайтуға асығатын көлік жүргізушісін де сынады. Себебі, аудан орталығына келетін тұрғындар ауруханаға қаралуға да, басқа шаруаларын да бітіріп үлгере алмайды. Қайда жолығып шағымданса да, бұл – бизнес мәселесі дегеннен басқа жауап алмайтындарына қынжылды.

Бұдан өзге ауыл тұрғыны В.Наботова жиын барысында аудан әкімі С.Әлиевке шағымын жеткізді. Оның айтуынша,  жаңадан салынған балалар ойын алаңы ешқандай стандартқа сай емес. Ондағы сырғанақ пен әткеншек құрылысы баланың жасына орай ескермеген. Ашып айтсақ, әткеншек тым биік орналасса, сырғанаққа ойнаған бала бір жерін ауыртпай қоймайды.

Алайда В.Наботованы алаңдататын мәселе тек бұл емес. Аталмыш ойын алаңындағы жарық жағдайы да мәз емес. Негізгі тоқ сымы алаң жерінен тым тереңге көмілмеген. Кез келген уақытта тоқ атып, сол жердегі жандарды зақымдауы да мүмкін. Бұдан бөлек, ойын алаңы құрылған жерде бұрын басқа мекеме болғанын, өртеніп кеткен соң орнын ешкім тазаламағанын айтып өтті. Қоқыс үстіне бой көтерген ойын алаңына баласын ешқандай ата-ана жібергісі келмейтіні тағы бар.

Мерей ауылының бұрын сәнін келтіріп тұрған бөгеттің жағдайы да назардан тыс қалмады. Жаз мезгілінде тұрғындар суға түсіп, бір демалып қалатын жердің бұл күні көрер жері жоқ. Себебі бөгеттің шамасында тұратын шаруа қожалықтары малдың қалдықтарын сол жерге тастайтын көрінеді. Істің мән-жайын білу үшін арнайы сол жерге барған Санжар Жұматайұлы қожалық иесі Н.Семғалиевтің өзімен жолықты. Алайда Нұржан мырзаның айтуынша көктем мезгілінде қардың суы қораны баса жаздағандықтан осындай әрекетке барған. Алдағы уақытта кемшіліктің орнын толықтырып, тазалау жұмыстарына кірісетіне сөз берді қожалық басшысы..

Айта кету керек, аталмыш бөгеттің аянышты халіне тек шаруа қожалығы емес, ауыл тұрғындары да себепші. Неге десеңіз, тұрмыстық қалдықтардан  құтылудың оңай жолын тапқан кейбір тұрғындар  бар қоқысты осы жерге әкеліп төгетіні бар.

 Санжар Жұматайұлы  алдағы уақытта бұл мәселе назарға алынып, округ әкімінен сұралатынын айтты.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА