28.02.2018, 17:05
Қараулар: 40
«Жақсы әліпбиге қол жеткізуге жақын қалдық»

«Жақсы әліпбиге қол жеткізуге жақын қалдық»


Ауданымызға арнайы іссапармен келген БҚО тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекті ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Г.Әлжанова мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғ.Хасанов  қазақ тілін латын графикасына көшуінің мән-маңызы жөнінде жиын өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева жергілікті мекеме-бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жастар қатысты.


            Жиын қатысушыларына келген қонақтарды таныстырып өткен Л.Жұбанышқалиева Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген таяу жылдары жүзеге асуы тиіс негізі жұмыстарының бірі – қазақ тілін латын графикасына көшуі болып табылатындығын айтып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі ұлтымыздың дара жолын айқындай түсетін негізгі қадам екенін жеткізді.

Мұнан соң Г.Әлжанова  қазақ тілін латын графикасына көшіру алдымызда тұрған үлкен міндетттердің бірі екенін баяндады.

— Әлемдегі ең әуезді ең ғажап тіл қандай тіл десек  – қазақ тілі дер ем. Орыс ғұламалары айтқан ғой, қазақтар сөйлеп тұрған кезде бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай естіледі деп. Бұны бекер айтпаса керек. Латын графикасындағы өзіміздің төл әліпбиімізді қабылдау мемлекетіміз үшін маңызы зор. Өйткені өркениет көшінен қалмау қажет. Бірақ латын қарпіне көшу осы екен деп бүгіннен бастап қалай болса солай мемлекеттік мекемелердің, елді мекендердің және көше атауларын латын қарпінде жазудың қажеттілігі жоқ. Ол үшін арнайы емле-ережелері бекітілу керек. Содан кейін ғана барып жаппай «латын қарпіне көшіңіз» дегеннен уақытта ғана көшуге міндеттіміз. Алдағы уақытта оқыту тренингтер арқылы мамандарды дайындау міндеті тұр, — деді  өз сөзінде.

            Бұдан кейін мінберге шыққан Ғ.Хасанов:

 — Мына аязды күнде ешқайда шыққың келмейді екен өзі. Латын графикасына көшу қазақтың мәселесі болғасын шықтым (күліп). Алаштың алғашқы съезі Оралда болып, екінші съезі Қаратөбе ауданында болғанда жиырма күн шанамен тұлыпты оранып, қазақтың азаматтары «бұл жерде қазақтың болашағы шешіледі» деп барған екен. Осы оқиға есіме түсіп «мен алаштың зиялыларынан артық емеспіз ғой» деп ойладым. Ахмет Байтұрсынов түнгі онда жұмыстан келгеннен кейін жатып-жатып айтады дейді. «Менің бұлай жатқанымды Құдай  кешірмес қазақ тілінің терменологиясын жасауым керек» деп.

Мен сіздерге бір қызық айтайын. 1946 жылы  Қаныш Сәтбаев ғылым академиясын ашқанда академик Кононов сол үлкен жиналысқа келеді. Сол жиында біздің қазақ тілінің ғалымдары баяндама жасаған кезде Кононов : «Мен түсінбей отырмын. Сіздерде қалай бәрі қазақшама?» деп таң қалыпты. Содан біздің бір ғалым айтқан ғой, бәрін қазақшалап кеткен менің ұстазым атылып кеткен А.Байтұрсынов деп. «Не деген ұлы адам» деп Кононов таңданысын жасырмапты. Жиын бітіп кешке бәрі банкетке жиналған екен. Сонда  Кононов «Мен қазақ тілінің көсегесін көгертіп, терменологиясын жасаған атақты ғалым Ахмет Байтұрсынов үшін» ішейін деп тұрмын депті. Міне, бұл нені көрсетеді, бұл – қазақ тілінің терменологиясының баяғыда жасалғанын көрсетеді. Алғаш 28 әріптен тұратын теңдесіз латын әліпбиін Халел Досмұханбетұлы, Құдайберген Жұбанов, Нәзір Төреқұлов сияқты қазақтың үш марғасқасы жасады. Осы ғалымдарымыз жасаған әліпбиеге біз ақырындап жақындап келе жатырмыз. Апостровтан арылып, дәйекшелерге келдік. Бұйыртса ең жақсы әліпбиге қол жеткіземіз,- деді ол.

            Жиын соңында қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.

Е.ЕЛЕКЕНОВ