3.03.2018, 13:12
Қараулар: 112
Әйелден алар үлгі көп

Әйелден алар үлгі көп


Жас мамандар үшін өз саласында қызмет атқарған үлкендер әрдайым үлгі болмақ. Олардың айтқан ақылы мен көрсеткен тәлімі — жаңа толқын үшін бет түзер нысана. Осындай ойды дәріптеген  «Мейірімділік мұзарты» кездесу кеші аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Сәтбаев атындағы мектепте өтті.


Шараға аудандағы түрлі ұжымдарда басшылық етіп келетін іскер әйелдер қатысты. Олардың арасында аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова, «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамбілінің жетекшісі, ардагер ұстаз М.Нұрмақова, Оян ауылдық округінің әкімі Г.Мұхамбетқалиева мен аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Ж.Бисенгалиева қатысты.

Байқап отырсақ, кездесу қонақтары ретінде қоғамда өзіндік орны бар нәзік жандылар шақырылған. Олар қатысушыларға бірнеше жұмысты қатар алып жүрудің қыр-сырын айтып, үйдегі ана рөлі мен қоғамдағы әйел рөлін түсіндірді.

-Әйел – ана, жар және келін. Ал қоғамдық қызметін жалғастыру үшін, атқарған жұмысы берекелі болу үшін алдымен отбасының бақытын сақтай алуы қажет. Қызметтен бұрын жанұясының жағдайын жасаған әйел шын мәнісінде бақытты. Өйткені оның абыройы еңбегімен емес, отбасының берекесімен көрінеді,- деді Люция Әсетқызы.

Бұдан өзге кеш қонақтары пікірлерін ортаға салып, жас мамандардың алға қойған мақсатына жетуіне тілектес екендерін білдірді.

Әсем СЕРІКҚАЛИ