6.03.2018, 18:52
Қараулар: 7
«Жас Ұлан» партриоттар форумы

«Жас Ұлан» партриоттар форумы


Сейсенбі күні Амангелді мектебі базасында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының аудандық патриоттар форумы өтті. Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Отаным-тағдырым» базалық бағытында бойынша ұйымдастырылды.


Оған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, ауылдық округ әкімі Қ.Жұмагереев, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Нарымбаев және  барлық орта мектеп директорлары мен ұстаздар, жасұланшылар қатысты.

Форум өз жұмысын «Жас Ұлан» Гимнімен бастап, ортаға Ғазиз Байтасов атындағы 17-ші Республикалық Жас Қозғалыс инспекторлары байқауының жеңімпазы, жасұланшылар салтанатты түрде «Жас Ұлан» туын алып кірді.

Қолдарына жалаушалар ұстап, Қазақстан! Нұрсұлтан! «Жас Ұлан»! деп ұрандатқан аудан белсенділері жиналғандарға патриоттық рух сыйлады.

Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызы көктемнің алғашқы мерекесі «Алғыс айту» күнінің маңызына тоқталып, өзге ұлт өкілдерінің қиын қыстау кезеңде қолтығынан демеп, көмек қолын созған қазақ халқына ризашылық білдіретін күн екенін тілге тиек етті.

-Біздің болашағымызды сеніп тапсыратын сіздей белсенділеріміздің болғанына қуаныштымыз. Елді сүю, ата-ананы құрметтеу, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді одан әрі дамыта түсу сіздердің міндеттеріңіз. Осындай патриот балаларымыздың барын біз мақтан етеміз. Аудан бойынша өздеріңіздей 2397 жасұланшылар бар. Олардың қатары жыл сайын толығып отырады. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырылып отырған маңызы зор бұл форум барша оқушыларға үлкен серпіліс береді деп білемін, — деді өз сөзінде.

Одан әрі форум жұмысы 6 топқа бөлініп,  белгіленген тақырып бойынша өз жобасы мен идеясын ұсынып, жоспарларымен таныстыру болды. Он бес минут уақыт аралығында топ мүшелері өз спикерлерімен бірге мәселені талқылап, тезистер құрып, ұсыныстарын ортаға салды.

С.Жақсығұлов атындағы мектептің директоры, спикер Айгүл Қадырбайқызы жетекшілік еткен бірінші топ «Жарқын болашаққа – нық қадам», «Шипов» орта мектебінің директоры, спикер А.Дүйсенов жетекшілік еткен екінші топ «Ұлттық құндылықтар бойымызда», «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, спикер Думан Ғазез бастаған үшінші топ «Мәңгілік ел — жаңғыруы тіл», спикер А.Айсағалиев бастаған топ «Ұланымыз — ұлы елдің» тақырыбында өз жобаларын қорғаса, спикер, Амангелді мектебінің түлегі, Берік Калиев жетекшілік еткен төртінші топ «Ел ертеңі — білімді ұрпақ» және А.Шапенов бастаған соңғы топ «Жас Ұлан және көшбасшы» тақырыбында өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Форум барысында құнды пәкірлер айтылып, шаралар жоспарланды, сонымен қатар алдағы кезеңге жаңа жоспарлар құрылды. Белсенділер өз ойларын ортаға салып «Рухани жаңғыруды» әркім өзінен бастау керектігін айтты. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын, алар асуларымыз көп болмақ деп қорытындылады.

Жиын барысында аудандық балалар саз мектебінің М.Самиева жетекшілік ететін ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ халықаралық «Ақ көгершін» байқауының лауреаты, «дала сазы» байқауының бірінші орын иегері Д.Мендалиев пен Алматы қаласында өткен «Аналар асыл жандар» республикалық мәнерлеп оқу байқауының бас жүлде иегері Ш.Серіков, «Жайна» би тобы өнерлерін ортаға салды.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ