14.03.2018, 17:53
Қараулар: 143
«Көрісу – жүрек нұрымен бөлісу»

«Көрісу – жүрек нұрымен бөлісу»

Ынтымақ пен ауызбіршілікті насихаттаған халықтың байырғы мерекесі аудан көлемінде осындай атаумен тойланды. Тұрғындардың жылы ілтипаттары, ақсақалды қариялар мен ақжаулықты аналардың мейірім-пейілдері бұл күнгі аязды да жібіткендей.


Аудандық мәдениет үйінің алдына жиналған халық мерекелік концертті тамашалады. Осынау игі дәстүрді батыс өлкесінің ғана мерекеге айналдыра тойлайтынын айтқан аудан әкімі С.Әлиев жиналғандарға ырыс-ынтымақ тіледі.

-Құрметті ағайын! Көрісу айт мерекесі құтты болсын. Байқап қарасақ, бұл көп ретте тек біздің батыс өлкемізде аталып өтеді. Алайда Елбасының тікелей араласуымен бұл дәстүрдің барша ел болып тойлануы назарға алынуда. Біз осы үшін қуануымыз керек. Себебі, ата-бабамыздан қалған бұл дәстүр үлкен тәрбиеге, тағылымға тұнып тұр. Оның келешек ұрпаққа берері мол. Ынтымақ пен бірлікті, достық пен адалдықты насихаттаған дәстүр екенін естен шығармайық. Сіздердің шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін,- деді өз сөзінде Санжар Жұматайұлы.

Шара барысында әдемі әндер шырқалып, ақсақалдар «Қара жорға» биін көркемөнепаздармен қосыла биледі. Мерекеге жиналғандар  бауырсақ пен көжеден  ауыз тиіп қариялар батасын берді.

 Әсем СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ