16.03.2018, 15:29
Қараулар: 352
Халыққа тиімді бес бастама

Халыққа тиімді бес бастама


Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түсіндіру және оны іске асыру бағытында актив жиыны өтті.


Оған ардагерлер мен мекеме ұйым басшылары, аудан белсенділері, сондай-ақ жастар қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева алдымен  қазақстандықтар үшін маңызды мәселелерді шешу жөніндегі бес әлеуметтік бастаманың маңызына тоқталды.

Одан әрі сәулет, қала құрылысы, құрылыс бөлімінің басшысы Б.Губаев сөз сөйлеп, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағытында аудан көлемінде жоспарланған шараларды тілге тиек етті. Көп кешіпей орталықта жаңа тұрғын үйдің салынатынын, оған қажетті құжаттардың дайындалып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ  мемлекеттік кірістер басқарамасының бөлім басшысы З.Сұлтанғалиев үндеуде айтылған екінші мәселеге тоқталды. Мұнда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту керектігі жөнінде айтылған   бағдарлама іске асса, көптеген  тұрғынға үлкен көмек болатынын жеткізді.

Ал «шағын несие беруді көбейту» бастамасы жөнінде  «Тамашев» шаруа қожалығының басшысы Х.Тамашев пен М.Залиев сөз сөйлеп, отбасылық бизнесті дамытуға және несие алып өз ісін дөңгелентуге үлкен қолдау екенін білдірді. Сондай-ақ Тасқала колледжінің II курс студенті Б.Мендешевте сөз алып ауылдан келген студенттер үшін жатақхананың маңыздылығына тоқталып, жастарға көрсетілген көмекке тек өзі емес барша студенттердің риза екенін айтты. Жиналғандар алдында өзінің «Туған жер» өлеңін оқып берді.

Жиынды қорытындылаған Люция Әсетқызы бес бастаманы талқылау бағытында  барлық ауылдық округтер мен ұжымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді.

Н.СЕРІКҚЫЗЫ